Өз өмірінде іске асыру
Екіншісі: Мұхаммед аләйһиссәләмнің сөзі мен ісі және жүріс-тұрысы өзі насихаттаған ақиқатқа толықтай дәлме-дәл сәйкес болды. Ол адамға күдік тастайтын қайшылыққа жол берген емес. Насихаттағандарын алдымен өзі іс жүзінде көрсететін. Сондықтан да, оны білетін адамдар басқа бір дәлелге жүгіріп не жүгініп жатпай, оның айтқандары арқылы Аллаһтың барлығына көз жеткізетін. Оның пайғамбар екеніне көз жеткізу үшін онымен бір-ақ рет жүздессеңіз жетіп жатыр.
Абдуллаһ ибн Рәуаха:
«Егер ол ап-анық мұғжизалармен келмеген күннің өзінде, оны көрудің өзі иман келтіруіңізге жеткілікті»[1], – деп тамаша айтқан.
Оны мойындап, ғашық болғандар, «Уа, Аллаһтың елшісі!» – деп үн қатқандардың барлығы – өзінен кейін әлемнің екі тізгін, бір шылбырын ұстады. Яғни, ол өзін бес-алты тақуа пенделерге ғана танытып қойған жоқ. Ілім берген адамдарының арасында Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.анһум) секілді салиқалы жандар да болды. Олардың әрбірі барша адамзатты басқарып, соңынан ерте білген заңғар тұлғалар. Олардың ешқайсысы алдына келген адамға немесе кім көрінгенге бас иетін жай адамдар емес. Егер анық пайғамбар болмағанда, олардың ешқайсысы оған бағынбас еді.
«Егер перде түрілсе, яқиным (иманым) осыдан артық арта қоймас»[2] деп, иманның «хаққал-яқин» дәрежесіне жеткенін жария еткен Әли (р.а.) секілді адам оны Хақ пайғамбар ретінде мойындап жатса, мұның өзі өз алдына бөлек, дара, айрықша дәлел бола алады.
Оның әр қимыл-қозғалысы Аллаһты еске түсіретін. Абдуллаһ ибн Сәләм секілді яһуди ғалымы оны бір-ақ рет көріп: «Бұл жүзде ешқандай жалған жоқ. Мұндай нұрлы жүз иесі тек анық пайғамбарда ғана кездеседі», – деп иман еткен[3].
Оған бір назар салудың өзі екі әлем Сардарының пайғамбарлығын мойындауға жеткілікті. Өмірін басқалар үшін сарп еткен, оларға ақиқатты жеткізу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген адамдар Аллаһқа мойынсұнып, пайғамбарды мойындаудың қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Өйткені осы жандардың көпшілігі өмір бойы қанша тырысқанымен, саусақтың санына да толмайтын адамдардың жан-дүниесіне дендей алмай жатады. Алайда Аллаһ елшісі жатқан бір ғибрат емес пе! Дәл қазір бір миллиардтан астам халықтың ыстық ықыласына бөленген рақым иесінен өзге кім бар екен? Күніне бес уақыт күллі әлемді жаңғыртып, есімі мұнаралардан қайталанатын басқа кім бар? Барша адамзат күнде бір емес, бірнеше рет оған деген адалдығын әлемге паш етуде. Шындығында, барлық қиыншылық пен кедергілерге қарамастан, Мұхаммед алейһиссәләмнің адамдардың көңіл сарайларына алтын тақ орнатуы жалғасын тауып жатыр. Өйткені ол халыққа уағыздағанын әуелі өз өмірімен көрсетіп кеткен. Сол үшін де әрбір сөзі халықтың жүрегіне жетіп, ел сеніміне бөленді.
Адамдарды Аллаһқа құлшылық етуге шақырған кезде қалай терең құлшылық етуді алдымен өзі көрсететін.
Айша анамыз (р.анһа) Пайғамбарымыз жайлы:
«Бір күні маған: «Айша, рұқсат бересің бе? Бұл түні Раббыммен бірге болайын», – деді де намазға тұрды», – деп еске алады.
«Сол түні таңға дейін «Шәксіз, көктер мен жердің жаратылуында түн мен күндіздің өзгеруінде, әлбетте, ақыл иелері үшін дәлелдер бар…» (Али-Имран, 3/190) аятын күбірлеп, намаз оқыды. Намаз кезінде бетін жас жуып кетті. Көз жасын тия алмай, ұзақ оқыды. Тіпті жайнамазы сығып алардай су болды»[4].
Ол аяқтары ісінгенге дейін намаз оқитын...
Бір күні оған өткен-кеткен барлық күнәларының кешірілгенін еске түсіріп: «Өзіңді неге сонша қинайсың?» – деп сұрағанда, ол: «Раббыма шүкір еткен құл болмайын ба?» – деп жауап берген еді[5]. Оған шүкір есігі айқара ашылып, мұншама күш-жігер жұмсалғаны содан.
Айша анамыз мына бір оқиғаны да айтады:
«Түннің бір уағында оянып кеттім. Аллаһ елшісінің жанымда жоқ екенін білген кезде, «басқа жарларына кетті ме екен» деген қызғаныш пайда болды. Содан төсектен тұра бергенім сол еді, қолым аяғына тиді. Анықтап қарағанымда, оның сәждеде екенін аңғарып, сөздеріне құлақ салдым. Ол былай деп дұға оқып жатқан еді: (Раббым! Сен барша кемшіліктерден пәксің, саған шүкір етемін, Сенен басқа Тәңір жоқ[6].)
Ол қаласа патшадай шалқып өмір сүрер еді. Негізінде, мұндай ғұмыр оған (дағуасынан бас тартпау шартымен) Меккеде өмір сүрген кезінде ұсынылған. Бірақ ол дағуасы үшін қиындыққа толы ғұмырды рақат ғұмырдан артық көрген[7]. Ол бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен және құл пайғамбарлықты патша пайғамбарлықтан артық санап, Хаққа адал да тұрақты болған жан[8].
Омар (р.а.) да, шынтуайтында, өте жұпыны өмір сүрген. Бірақ Аллаһ елшісінің өмірі сүйікті сахабаның да жанарын еріксіз жасаурататын.
Бір күні Пайғамбарымыздың: «Омар, неге жылайсың?» – деген сұрағына ол: «Пайғамбарым, дәл қазір әміршілер құс төсектерде жатқанда, сен ши үстінде ұйықтайсың. Ши, әне, денеңе батып із тастапты. Алайда, сен Аллаһтың елшісісің. Рақат өмірге бәрінен де лайықсың!» – деп жауап береді. Сонда Рақым Пайғамбар: «Омар, дүние олардікі, ақырет біздікі болуына риза емессің бе?» – деді[9].
Иә, дүниенің тізгіні мұсылмандардың қолында болуы тиіс. Мұны елден бұрын Пайғамбарымыздың өзі қалаған. Бірақ, ол өзінің жеке тіршілігінде қарапайым өмір сүрді. Анығырақ айтсақ, ол өзі емес, өзгелердің бақытты өмір сүруіне жағдай жасайтын. Рақымның барлық адамның жан-сарайына еніп, жүректердің төрінен тақ орнатуының сыры да осында жатқан жоқ па?!
Тәблиғ міндетін мойнына алғандар үшін Аллаһ расулының мінез-құлығы мен іс-әрекетінің берер тағлымы мол. Басқаға әсер етудің, жүрек төрінен орын алудың жалғыз шарты – Аллаһ елшісіне ұқсап бағу, сөзің мен ісіңді ұштастыру.
Біреуге Аллаһтан қорқып, тәубаға келуді насихаттағың келсе, ең әуелі өзің түнде тұрып, жайнамазың су болғанша көз жасыңды төккенің абзал. Міне, сол кезде күндіз айтқан сөздерің өзіңді де таңғалдырып, әсері болғанын байқайсың. Болмаса, «Істемеген нәрселеріңді неге айтасыңдар?» (Саф, 61/2) аятында ескертілгендей, ешқашан жүректерге жол таба алмайсың...
[1] Саид Хаууа, әр-Расул, 1/19; басқа риуаят үшін қараңыз: Ибн Хажәр, Исабә, 2/307.
[2] Али’ул-Кари, әл-Әсрар’ул-Мерфуа, 286.
[3] Ибн Хишам, Сирә, 2/163-164
[4] Ибн Касир, Сира, 2/163-164
[5] Бухари, Тәһәжжуд, 6; Муслим, Мунафиқин, 81.
[6] Муслим, Салат, 223; Әбу Дәууд, Салат, 148, Уитр, 5.
[7] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/80.
[8] Муснәд, 2/231; Кәнзу’л-ммал, 7/191; Мәжмау’з-Зәуә’ид, 9/19-20.
[9] Бухари, Тәфсир (66), 2; Муслим, Талақ, 31
- жасалған.