Кісіні жақсы тани білу
Қай жағынан да Мұхаммед алейһиссәләмға жету мүмкін емес. Фәтанат мәселесінде де оның деңгейіне ешкім жете алмайды. Дұшпандарын әуелі ақиқатқа көздерін жеткізу арқылы тізе бүктірген... «Мына тастан, ағаштан, топырақтан қандай үміт күтесіңдер?» – деп, алдымен адамға ой салып, содан кейін мұғжиза көрсету арқылы өзіне тартып, жан-жүрегін баурап алатын.
Мысалы, Омарды (р.а.) алайық. «Сен секілді ақылды адам қалайша басқа жерде жүр? Сендей адамның тастан, топырақтан, ағаштан бір нәрсе күткені ақылыма сыймайды», – деген. Әуелі осы сөздерде Омарды дәріптеу бар. Аллаһ расулы алдымен ой тастап, қисынға сүйене отырып Омарды (р.а.) өзіне тартқан. Содан кейін ғажайып мінезімен Омардың жүрегін баурады. Үшінші кезеңде құлшылықтағы тереңдігімен оны өзіне үйіріп әкетіп, нәтижесінде түйелерді мойнынан бұрап жерге жығатын Омар Аллаһ елшісінің алдында әдепті баладай тізерлеп, басын төмен салып, құрмет көрсететін болды.
Енді осы тақырыпқа байланысты бір мысал келтіріп, басқа ерекшеліктерге өтуді жөн көріп отырмын.
Аллаһ расулының алдына бір жас жігіт келеді. Сахабалар бұл жігіттің есімін ашық айтпайды, бірақ кейбір риуаяттардан бұл жігіттің Жуләйбиб (р.а.) екенін байқаймыз. Бұл жігіт: «Пайғамбарым, маған зина жасауға рұқсат бер, төзімім таусылып барады», – дейді. Сол жерде отырғандар бірден өретүрегеліп, бұған қарсылық білдіреді. Кейбірі қабағын түйіп: «Аллаһ елшісіне бұлай сөйлеме!» – деп доқ көрсетеді, енді бірі етегінен ұстап кейін тартады. Тағы біреуі шапалақпен тартып жібергісі келеді. Алайда мейірім Пайғамбары жігіттің сөзін бөлмей, үнсіз тыңдайды. Содан соң жанына шақырып, қасына отырғызады. Осы көрсеткен құрметімен оны өзіне баурап алды. Содан соң кезек-кезегімен сұрай бастайды:
– Мұндай зинаның анаңа жасалуын қалар ма едің?
– Әке-шешем Сен үшін пида болсын, Аллаһтың елшісі, қаламаймын.
– Ешкім де анасына мұндай жат нәрсені қаламайды!
– Сенің қызың болса, оның зина жасағанын қалар ма едің?
– Жаным Саған құрбан болсын, Аллаһтың елшісі, қаламайтын едім.
– Ешбір адам қызына мұны тілемейді!
– Әпкелеріңе жасалуын қалар ма едің?
– Жоқ, Аллаһтың елшісі, қаламаймын.
– Біреу қарындасыңмен зинаға барғанын қалар ма едің?
– Жоқ, жоқ, қаламаймын!
– Ешбір адам әпкелеріне де, қарындастарына да зина жасалуын қаламайды!..
Бұл ең соңғы сөзі еді.
Пайғамбарымыз әлгі жігітті әңгімеге тарта отырып, қисынға салып баурап алған кезде, ол бас білген аттай жуасып үнсіз қалды.
Сонда Рақым Пайғамбары қолын жас жігіттің көкірегіне қойып: «Аллаһым, мұның күнәларын кешір, жүрегін тазалап, ар-намысын сақта!» – деп дұға етті[1].
Жуләйбиб осы дұғадан кейін арлы тұлғаға айналады. Бірақ өткен өміріне қанық жұрт оған қызын бермейді. Сөйтіп жүргенде, Аллаһ елшісінің тікелей араласуымен Жуләйбиб үйленіп, шаңырақ көтереді[2]. Көп ұзамай, соғыста шейіт болады. Соғыстан кейін Аллаһ елшісі сахабалардан: «Араларыңда жоғың бар ма?» – деп сұрайды. «Жоқ, Аллаһтың елшісі, бәріміз түгелміз!» – деп жауап береді. Бірақ Рақым Пайғамбары: «Ал менің жоғым бар», - дейді. Содан кейін Жуләйбибтің жансыз денесіне жақындайды. Дәл жеті адамды жер жастандырып, артынан өзі де көз жұмған екен…
Басын тізесіне қойып: «Бұл Жуләйбиб менен, мен де Жуләйбибтенмін» деп күбірлейді. Жуләйбиб осы әзиз атаққа ие болып мәңгілік әлемге аттанады[3].
Аллаһ расулының ағзам фәтәнаты зинақор жасты да аз уақытта Ислам қаһарманына айналдырады. Санамен мұны ұғу мүмкін емес.
Бүгінгі күннің барша тәрбиешісі мен ұлағатты ұстаздары Араб түбегіне барып, Аллаһ елшісінің өте қысқа мерзім ішінде адамдарды тәрбиелеп шығарудағы шеберлігін былай қойғанда, ол өсиет етіп кеткен ұстанымдардың жоқ дегенде бір-екеуін іске асыра алар ма екен?
Алайда, бүгінгі күннің шындығы ондай нәтижеге қол жеткізе алмағанымызды көрсетіп отыр.
Ол күллі әдепсіздік әспеттеліп, оспадарлық пен ожарлық омыраулаған, жамандық атаулы әдетке айналған дәуірде өмір сүрді. Аллаһ елшісі адамзаттың бойынан осы жаман әдеттерді жойып қана қоймай, оларды әдепті болуға үйретті. Адамзат мұндай ғажап адами қасиетті бұрын-соңды көрмеген болатын. Тіпті одан кейін де көрмеді. Бұған Ислам тарихынан мыңдаған мысал келтіруге болады. Айталық, қандай да бір мемлекет темекі тарту секілді жаман әдетке қарсы күрес жүргізіп, әкім-қаралар осы мәселеге бас қатырып, қоғамдық ұйымдар атсалысып, ғалымдар түрлі зерттеулерімен сан алуан ғылыми мәжілістер өткізіп, қаншама кітаптар жазылып, көптеген жалынды ұрандармен темекі тартуды қойдыру жолында жұмыла кіріскенімен, бірақ нәтижесі нөл!
Хазірет Ахмет (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тәрбиелеген жамағатқа бір қарасаңыз жетіп жатыр. Екі әлем Сардарының өсиеттері аузынан шықпай жатып қалай жүзеге асқанына таңданып, еріксіз бас шайқайсыз.
Бір оқиғаны Әнәс (р.а.) былайша жеткізеді:
«Мен Әбу Талханың үйінде ішімдік ішіп отырғандардың кеселерін толтырып, оларға қызмет көрсетіп жүрген болатынмын. Бір кезде сырттан «Абай болыңдар, ішімдік ішуге тыйым салынды», – деген дауыс естілді. Сол сәтте кеселері толылар ыдысындағыларын төкті, ішімдікке бас қойғандар аузындағысын ақтарып тастады. Содан, бөшкелерін де, көшеге төңкеріп төкті. Тіпті Мәдина көшелерінде көп күн бойы ішімдік суша ақты[4].
Жарлық бұлжытпай орындалды. Осыны көргісі келмегендерге Араб түбегін меңзеп тұрып: «Ал, қане, оның істерінің миллион да бірін істеп көріңдер»,– дейміз. Ешқашан істей алмайтынын да іштей түйсінеміз.
[1] Муснәд, 5/256-257.
[2] Муснәд, 4/422.
[3] Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 131
[4] Бухари, Тәфсир, (5), 10; Муснәд, 3/217.
- жасалған.