5. Қарапайым жандардың бейкүнәлігі

Пайғамбарлардан басқа адамдар күнәсіз бола ала ма? Яғни, пайғамбарлардан өзге кейбір таңдалған адамдарды да Аллаһ тағала күнә жасаудан қорғай ма? Ғұламалардың басым көпшілігінің пікірлері «Пайғамбарлардан өзге жандар бейкүнә бола алмайды» дегенге тоқтайды. Әркім үлкен кіші күнә жасауы мүмкін. Бейкүнәлік пайғамбарларға ғана тән. Пайғамбарымыздың мына бір хадисі бұл пікірді қуаттайды: «Барлық адамдар қателік жасайды. Қателік жасаушылардың ең жақсысы – тәубе етіп, қателігін жөндегендері»[1].

Бірақ осы жерде мына бір мәселеге назар сала кету қажет. Бір адамның  күнә жасауы мүмкін деу, іс жүзінде ол күнә жасады  деген сөз емес. Сондықтан да, пайғамбарлардан өзге адамзатқа өнеге һәм имам болатын діни көшбасшылар мен алып тұлғаларды да Хақ тағала  күнәдан сақтайды деп айтуға болады. Бұл  «Имам бейкүнә» деген шииттердің ұстанымдарынан мүлде бөлек.  Мысалы, Имам Раббани күнә жасауы мүмкін бе? -  деген сауалға бәріміз «Иә, жасауы мүмкін» деп жауап қатамыз. Өйткені, Имам Раббани пайғамбар емес.  Сондықтан да күнә жасауы мүмкін. Бірақ сол Имам Раббани өмірінде күнә жасаған адам ба? Міне, осы сұраққа аталмыш жауапты қайталай алмаймыз. Өйткені ешбір адам Имам Раббаниды кішкене бір күнә жасаған деп айтып, сосын ол сөзді дәлелдей алмайды. Ендеше, оның күнә жасауы мүмкін деген сөз ол күнә жасаған адам деген мағынаны білдірмейді. Хақ тағала осы тұрғыдан, әулие, асфия және өзіне жақын мұқаррабиндерді қорғап, оларға да күнә жасатпауы мүмкін.

Абдулқадир Гәйләни – әулиелердің шахы әрі барлық алып тұлғалардың тәжі. Аллаһ тағала осы алып Ислам көшбасшысын да қорғаған. Айтқандай-ақ, оған қатысты  мынадай әңгіме бар: Ораза айының ақырғы күнінде халық ораза бітті ме, бітпеді ме, деп күмәндана бастайды. Ақырында, осы мәселені бір әулиеден сұрайды. Ол оларға: «Гейландағы пәлен үйге барыңдар. Сол шаңырақта осы түні бір ұл дүниеге келді. Сәресі кезінен кейін әлгі нәресте анасынан сүт емген болса, айттаңдар. Егер ембесе, оразаны әрі қарай жалғастырыңдар», – дейді. Халық әлгі шаңыраққа барса, нәрестенің анасы: «Мына балаға не болған, неге ембей жатыр?» – деп абыржып отырады. Сонда жұртшылық: «Анасы, уайымдама, бұл бала науқас емес. Сен әлемге әкелік жасайтындай бала тудың» - дейді де, оразаларын ары қарай жалғастырады. Бұл – аңыз әңгіме. Сондықтан да мұны шариғи тұрғыдан сынға алудың қажеті жоқ. Сондай-ақ осы кісі өзін тонаған қарақшылардын өзіне жалған сөйлемеуі үшін ақшасының қай жерде тұрғандығын айтқан екен деген де әңгіме бар.

Аллаһ тағала  өз жолында жүргендерді қорғап, қолдайды. Олардың күнә жасауларына тосқауыл болады. Себебі, Құранда: «Ей, мұсылмандар! Егер Аллаһтан қорықсаңдар, Ол сендерге жақсы-жаманды айыратын қабілет береді әрі жамандықтарыңды жойып жарылқайды. Аллаһ – зор кеңшілік иесі» (Әнфал, 8/29) делінген.

Мұнымен қоса: «Өлі кезде оның жүрегін тірілтіп,  адамдардың ішінде жүргенде Біз оның жолын  жарық қылатын нұр сыйлаған адамның жағдайы, ол қараңғылықтарда қалып, одан шыға  алмайтын біреу секілді бола ма? Осылайша кәпірлерге істеген істері әдемі боп көрсетілді» (Әнғам, 6/122) деп айтылады.

Аллаһ тағаланың дініне көмектесіп, оның әлемге паш етілуін ғұмырының мақсаты санаған адамдар осы байласқан уәделерінен таймайынша: «Сендер Маған берген сөздеріңде тұрыңдар. Мен де берген уағдамды орындайын» (Бақара, 2/40), – деген иләһи қағида тұрғысынан есептеліп, Хақ тағала оларды қорғайды. Өйткені Хақ тағала: «Сендер Аллаһ тағаланың дініне көмектессеңдер, Хақ тағала да сендерге көмектесіп, аяқтарыңды бекем етеді» (Мұхаммед, 47/7), – дейді.

Міне, осындай кепілдік арқасында (иншаллаһ) шынайы және ыстық ықыласпен Құран мен иман қызметінде өз міндетін ойдағыдай атқарғандар үлкен күнәға кірмейді. Тіпті кейде кішкене күнәлардан да қорғалады. Бірақ олардың осы кепілдігі келісімшарттарына қатысты. Ешбір пендеде (пайғамбарлар бұдан тыс) айқын кепілдік болмайды. Бірақ, осы қорғау мен қолдау жүзеге асқанда ғана адамдар хақындағы күнәсіздік жайлы: «Пәленшені Хақ тағала күнә жасаудан сақтады», – деп айта аламыз. Иә, пайғамбарлардан өзге ешбір пенденің болашақта күнә жасамаймын деген кепілдігі жоқ. Пайғамбарларға келсек, олардың қорғалуы өткені мен келер күніне, өзі өмір сүріп отырған уақытына да қатысты.

Бұдан өзге тәжірибе арқылы жемісін беретін бейкүнәлік бар. Бұл Хақ тағаланың салиқалы құлдарын қорғауы мен қолдауы арқылы білінеді.

 Өзіміздің өмірімізге назар салайықшы! Қитұрқы күнә тұзақтарынан құтылудан үміт үзген сын сағаттарда Аллаһ тағаланың қорғап күнәлар шұқырынан қалайша аттап өткенімізге таң қалып, таңданысымызды жасыра алмай жатамыз.

Сондай-ақ сахабалар және сахаба жолымен жүргендердің бұрын жасаған үлкен ізгіліктері алдынан шыққан тау тәрізді оларды күнәлардан сақтаған, тек ізгі ісін жалғастыруына, алға қарай талмай жылжуына арқау болған. Әрі «Аллаһ өткен әрі келешектегі күнәңді кешіру үшін...» (Фәтих, 48/2) деген аяттың аясына олар да кіруі әбден мүмкін. Бұларды бұрын жасаған ізгі-жақсылықтары үшін Хақ тағала оларды келешекте өз қорғауына алады. Мысалы, күмәнді бір жерге бару үшін жолға шығады. Аллаһ тағала оны майып қылып, күнә алаңына жібермей, ұстап қалады. Көзімен күнә жасайтын жерде кенеттен көзі көрмей, ал қолымен істейтін жерде аяқ астынан қолы сал болып қалмақ. Осындай сан қилы уақиғалар мен сәтсіздіктерге тап болып, Аллаһ тағаланың сүйікті құлын қорғап-қолдағанын көрсетеді. Осы өмірде көрген азабы ақыретіне пайдалы болғандықтан, ол осы халіне мың мәрте шүкіршілік етеді. 

Бір құдси хадисте тақырыбымызға қатысты былай айтылады:
«Құлым Маған өзіне парыз еткен құлшылықтардан артық нәрсемен жақындай алмайды. Құлым нәпілдермен[2] Маған жақындай түседі. Түбінде Мен оны жақсы көремін. Ал оны жақсы көрген сәттен бастап, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын»[3].

Мұның мағынасы төмендегіше:
Мен оған жақсылық пен әсемдікті көрсетіп, оны қашан да түрлі жамандықтан сақтаймын. Көретін көзі болғанымда, оның көргендерінің бәрі де жақсылық болады. Жан-жүрегіне мағрипат тамшылап, әлемге көкірек көзімен қарайды. Үнемі Хақ тағаланы ойлап, осындай ой оның ішкі әлеміне жаңа келген көктем болып жайқалады. Ол әрқашан жақсылықты естиді. Еркі қашан да ізгілікке бағытталып, сол жаққа қарай бейімделіп тұрады. Жүрген жолында ізгілікке тосқауыл барлық кедергілерді алып, жолын жеңілдетемін. Ол Маған жақын. Күнәлардан жүрегінің жараланғанын қаламаймын.

Бір хадис құдсида: «Егер ол Менен бір нәрсе сұраса, дереу екі еткізбей беремін. Және бір нәрсенің кесапатынан Маған сыйынса, оны қорғап, сақтаймын» деп кепілдік береді.

Ендеше, Хақ тағала пайғамбарларының барлығын күнәдан сақтаса, сонымен қатар, салиқалы кұлдарынан да қалағанын сақтап, оларға күнә жасатпауы әбден мүмкін.

Омар (р.а.) кезеңінде әрдайым мешіттен шықпайтын бір бозбала болған еді. Бейне бір мешіттің құсы дерсің. Құлшылықтарына мұқият қарауынан, нәпіл ғибадаттарға тақуа екендігі аңғарылатын. Бір күні Омар (р.а.) әлгі бозбаланы мешіттен көре алмайды.

Негізі жамағатпен намаз оқу кейбір мәзһабтар бойынша  парыз, кейбіріне намаздың бір рүкні (негізі), тіпті кем дегенде, қуатты сүннет екендігінің, имамның артында намаз оқудың хикметтерінің бірі де осы емес пе? Имам артына қарап, жамағатын көзбен шолып, келмеген адамдарды түгелдеп, олардан не болғанын сұрамақ. Әсіресе, бұл имам Омар (р.а.), жамағаты сахабалар болса... Омардың жамағаты көп болғанмен, бәрін жақсы танып, оларды күнде бақылайтын. Намаз уақтында әлгі жас жігітті көре алмаған соң: «Пәлен деген жігіт қайда? Бір нәрсеге ұшырап қалған жоқ па? Бір-екі күннен бері көре алмай жүрмін», – деп сұрайды. Жамағаты тым-тырыс. Бастарын төмен салып, имамға тіктеп қарай алмауда. Омар (р.а.) ұшқан   шыбынның ызыңы естілердей жамағаттың мына үнсіз тұрысына таңырқап, түк түсінбей қайта сұрайды. Бір кезде барып жамағат арасынан әлдебіреуі басын көтеріп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Оны арға дақ салар бір ұятты жолда өліп жатқан жерінен тауып алдық. Сен қайғырып жүрмесін деп, дереу жаназасын шығарып, жерлеп тастадық» дейді.

Омар (р.а.) істің мән-жайын ұғады. Көз алдына ғайып әлемі ашыла кетіп, жас жігіттің негізгі болмысын көргендей селтиіп тұрып қалады. Оқиға, асылында, былайша болған еді:
Әлгі жас жігіт әдеттегідей мешітке келе жатқанда, жолда бір әйел жабыса кетеді. Жас жігіт бойдақ еді. Әлгі әйел оны жолдан тайдыру үшін түрлі түлкібұлаңдық қылықтарға барады. Алайда жігіт оған мойнын да бұрмайды.

Бірақ, амал нешік, әр пенденің қашан да бір осал тұсы болады. Міне, сол күні әлгі жігіт осалдыққа берілді. Әлгі әйел барынша жасанып, сыланып, алдынан шығып, бар жылы сөзімен сиқырлап өзіне шақырады. Төзімі таусылған жігіт оның үйіне қарай бір-екі қадам басады. Сол сәтте бірден аузына бір аят түсе кетеді. Тал қармағандай жігіт еріксіз осы аятты тоқтамай қайталайды. Бірақ қапелімде қай аят екенін аңғара алмайды. Аздан соң әлгі аяттың мағынасына бойлағанда, қатты қорыққандықтан жүрегі тоқтап қалады. Ол ғажап аят мынау еді:
«Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Аллаһ тағаланы еске алады да, қырағылық танытады» (Ағраф, 7/201).
Бозбала бейне бір осы аят көктен жаңа түскендей жан-жүрегімен сезінеді. Жауапты сәтте сыр беріп қойғандығы үшін Раббысынан ұялып, жерге кіріп кете жаздайды. Раббысының өзіне төккен мұншалықты шарапатын ұмытып, бір сәтке осалдық танытып, күнә жасамаққа ниеттенгендігін аңғарып, жаны қатты түршігеді. Әсіресе, қателік жасар алдында да Раббысының оны нәпсісімен жалғыз қалдырмай аузына аят салып, оның есін жиғызуы осы мүмин жанды толқытып жібереді. Одан арғысы белгілі: ол бұл дүниеден ақырет әлеміне жүріп кетеді.

Омар (р.а.) жас жігіттің басынан кешкен оқиғасын ести сала, оның қабіріне қарай асығады. Қабірдің басында тұрып: «Ей, бозбала! Раббысынан қорыққандар үшін екі жәннат бар», – деп айқай салады. Дәл осы кезде Омардың (р.а.) айқай салған дауысына ұқсас бір дауыс: «Ей, мұсылмандардың әміршісі! Аллаһ маған сен айтқанынан екі есесін нәсіп қылды»[4] – деп жаңғыра кетеді. Бұл дауыс мейлі жас жігіттің дауысы, мейлі періштенің дауысы болсын, әлгі тақуа жігітке Аллаһ тағаладан шынайы қорыққаны үшін екі есе сый берілгендігі басы ашық мәселе еді. 

Осы оқиғаның біздің тақырыпқа қатысты жағы мынау: Егер осы жас жігіт күнә жасап құздан құлайтын болса, күнәсы тек өзімен ғана шектелетін еді. Өйткені көшбасшылық етіп, жолбасшы болатындай ауыр жауапкершілігі жоқ. Алайда, пайғамбар күнә жасайтын болса, дүние төңкеріліп сала береді. Өйткені олар жер бетіне өнеге көрсету үшін жіберілген жандар. Енді қараңыз! Бір жас жігітті күнәдан сақтаған Аллаһ тағала, күллі әлемге жіберген елшілерін қорғай алмай ма?!

Пайғамбарымыз бір хадисінде иманның дәмін татқан адамдар жайлы: «Күпірлік қылуы жәһаннамға кіруден әлдеқайда ауыр соққан адам иманның дәмін тата алады»[5]– дейді. Жай бір қарапайым адамды ойлап қараңыз! Сол адамның Аллаһ тағала күпірліктен құтқарғаннан кейін, қайта кері қайтуы жәһаннамға кіруден де ауыр саналып тұр. Ал енді пайғамбарларға күнә таңған санасыздар пайғамбардың иманын жай қарапайым адамның иманындай да көрмегені ме сонда? Қалай ғана олар бұлай жала жаба алады? Құдай сақтасын! Пайғамбарлардың иманы жай адамның иманынан әлдеқайда жоғары ғой.

Бұл тақырыпты тереңірек білгісі келгендер «Нәфәхатул-унс» яки Шаранидің Табақатына қараса, сол жерден пайғамбарлар тұрмақ жүздеген әулиелердің күнәлардан қалай қорғалғандықтарын ап-айқын мысалдардан көре алады. Мысалы, бір әулиенің алдына ас қойылады. Бірақ асқа харам араласқан еді. Әулие бір түйір алып аузына салғанымен, жұта алмайды. Лезде харам араласқанын аңғарады. Міне, Аллаһ тағала әулие құлының өзін бір түйір харамнан сақтағанда, Пайғамбарын қорғай алмай ма?!

Иә, «Бейкүнәлік» пайғамбарлардан әсте ажырамас, олардың болмысымен біртұтас қасиет. Әрбір пайғамбар осы сипат арқылы дүниеге келді. Дәлірегі, осындай сипаты болмаған жан пайғамбар да бола алмайды.

Пайғамбарымыздан кейін сөз алатын басқа пайғамбар жоқ. Өйткені, ақырғы пайғамбар айтылатын барлық мәселені айтып кеткен. Иса (а.с.) да сөзді оған беріп: «Әлемдердің Мырзасы келу үшін мен кетіп барамын», – деген еді.





[1] Тирмизи, Қиямат 49;  Ибн Мәжә, Зуһд 30
[2] Орындау парыз емес, алайда сауабы мол құлшылықтар
[3] Бухари, Риқақ 38; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 6/25
[4] Ибн Кәсир, Тәфсирул-Құрани-азим, 2/280.
[5] Бухари, Иман 9, Әдәб 42; Мүслим, Имам 67,

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.