1. Құлшылық қасиеті

Пайғамбарлардың жіберілу мақсаты адамның жаратылыс мақсатымен бір арнада тоғысады. Ол – Аллаһ тағалаға құл болу.

Аллаһ Құран Кәрімде:  «Мен жын мен адамзатты Маған құлшылық етсін деп қана жараттым», – (Зәрият, 51/56) деп, осы мәселенің басын ашып береді.

Яғни, негізгі жаратылу мақсатымыз – Аллаһты тану, лайықты құл болу. Бұл жерде ішіп-жеу, дүние-мүлік табу, отбасын құру секілді күйбең тіршілік айтылып тұрған жоқ. Бұлар жаратылыс мақсатымыз емес, жай ғана табиғи қажеттіліктер. Пайғамбарлар бізге осы нұрға бастайтын сырлы жолды көрсетуге келген.

Аятта: «(Мұхаммед) сенен бұрынғы барлық пайғамбарларды: «Күдіксіз, Менен басқа құдай жоқ. Маған ғана құлшылық қылыңдар» деген уахимен ғана жібердік» (Әнбия, 21/25), – делінген. 

Басқа бір аятта да: «Расында, әр үмбетке: «Аллаһқа құлшылық жасаңдар, азғындардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік. Олардың кейбірін Аллаһ тура жолға салды. Кейбірі азғындап адасып кетті. Ал енді жер жүзін шарлаңдар да, Хақты жоққа шығарғандардың ақыры не болғанын көріңдер» (Нахыл, 16:36) – делінген. Яғни, пайғамбарлардың жіберілу мақсаты – пұттарға табынудан сақтанып, Аллаһ тағалаға шынайы құл, адамдарға рухани жолбасшы болу.

Пайғамбарымыздың ерекшелігі
Екі әлем Сардарының жағдайы бұдан өзгеше. Ол барлық әлемге рақым ретінде адамзат пен жындарға құлшылық етуді үйрету үшін жіберілген.   

Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) басынан өткен жайды былай баяндайды:
«Бірде Пайғамбарымызбен бір жерге барған едім. Сонда ол айналама шеңбер сызып: «Бұл жерден кетпе», – деді. Содан соң өзі бір жаққа кетіп қалды. Аздан соң Пайғамбарымыз кеткен жақтан улаған-шулаған дауыстар естілді. «Аллаһ елшісіне не болды екен?» – деп қатты абыржи бастадым. Бірақ бұйрыққа мойынсұнып, тұрған жерімнен қозғалмадым.

Біраз уақыттан соң Аллаһ елшісі қайтып келді. У-шудың не екенін білгім келіп:
«Пайғамбарым! Әлгі шыққан шу не еді?» – деп едім, ол:
«Жын тайпасы маған иман келтіріп, биат (серт) етті. Иман келтіргендер мен имансыздар арасында талас-тартыс шықты. Сен естіген шу – сол. Әрі маған дүниеден озатыным туралы хабар берілді», – деп жауап қайырды»[1].

Аллаһ елшісі соңғы сөзімен: «Менің жіберілу мақсатым – адамзат пен жындарға тура бағытты көрсету. Ал бүгін жындар да маған иман етіп, бағынған-ды. Демек, бұл өмірде қалуымның ешқандай  мән-мағынасы қалған жоқ. Ендеше, бұл ғұмырмен қош айтыссам да болады», – дегенді меңзеген еді.
Осылайша ол пайғамбарлығының мақсатына тиісті сырларды паш еткен еді.
Хазірет Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіне дүние мен ақырет арасында таңдау жасауға қатысты: «Аллаһым, өмір сүру мен үшін қайырлы болғанға дейін өмір бер. Өлім мен үшін әлдеқайда қайырлы болған сәтте жанымды ал», – деп дұға үйретті[2].



[1] Табәри, Жами’у’л-Баян, 24/33; Муснәд, 1/449.
[2] Бухари, Мәрда, 19; Муслим, Зикр, 10.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.