Қорытынды орнына

Хақ пайғамбар жайында жазылған кітаптар оның барлық ерекшеліктерін баян етеді. Ол – түр мен сипат жағынан қандай ғажайып адам болса, рух пен мінез-құлық жағынан да дәл сондай ғажайып жан.

Айша анамыздан (р.анһа) бізге жеткен бір сөз Аллаһ елшісін былай бейнелейді:
«Аллаһ елшісі – қолы тым ашық, жомарттық жағынан адамдардың ең жомарты. Биязылық пен әдептілігінің кең болуы жағынан адамдардың ең зор кеуделісі. Әлемдей ауыр жүктерді арқалап, «үф» демей көтерген. Ойға келмейтін орасан зор істерді қиналмақ тұрмақ қабағын бір шытпай көтеріп, әр түрлі жапа мен зардапқа, азап пен надандыққа адамдықпен жауап қайтарған. Ол – сөйлесу жағынан адамдардың ең турасы». (Яғни, сөзі ең тура болғаны. Әзіл айтқан күннің өзінде сөзінің қырықтан бірі де жалған болмайтын. Түсінде де аузынан жалған шықпаған. Тура сөйлеп, тура жүріп, тура ойлап, адамзатты туралыққа шақырған).

Пайғамбарымызға қатысты осы тақырыпты аяқтауды көңіл қимайды.

Бейне бір ол жайлы айтқанда, онымен бірге болып, бір ғұмыр кешкендей күйге түсесің. Енді міне, айрылысу сәті неткен ауыр. Бірақ қолдан келер не шара? Ақырын жылжып сөз соңына да келіп жеттік. Қорытындылауға тура келіп тұр. Сөзімнің ақыры жақсы болып, хош иісі аңқысын деп, бір Сөз Сұлтанының мына нұр мен мағына толған сөздерімен тәмәмдағым келеді: «Иә, сол дәлелдің рухани тұлғасына қара: «Жер беті – мешіт, Мекке – михраб, Мәдина – мінбер. Сол бір Раббысын айқын көрсетіп, Раббысына дәлел болған Пайғамбарымыз алейһіссәләм – барлық имандыларға имам, күллі адамзатқа – насихатшы, барша пайғамбарларға – басшы, жалпы әулиелердің мырзасы һәм пайғамбарлар мен әулиелердің жиналған зікір алқасының ұстазы.

Ол – нұрға тұнған таңғажайып ағаш. Пайғамбарлар – сол ағаштың нұр шашып, абылхаят ұсынған тамырлары, әулиелер болса, жаңа піскен жемістері. Әрбір дін-дағуасын пайғамбарлар мен әулиелер мұғжизалары мен кереметтері арқылы растап, мөр басуда. Өйткені, Ол «Ләә илаһә иллаллаһ» деп жар салғанда, барлық өткен мен болашақтағы күллі нұрлы жандар «тура сөйлеп, ақиқатты айттың» деуде. Ешбір пенде есепсіз мөр арқылы расталған осы дін-дағуасын жоққа шығара алмайды.

Ол сондай-ақ, Тәурат пен Інжілде жазылған жүздеген белгі және пайғамбарлықтан бұрын болған жүздеген сүйінші, сәуегейлердің куәліктері мен мыңдаған мұғжизалар арқылы қуатталуда. Сонымен қатар, әкелген дінінің ақиқаты да оны қуаттаған өзгеше бір дәлел. Сондай-ақ, көркем мінезі, жүріс-тұрысы, тақуалығы, ғажайып құлшылығы, салмақтылығы мен төзімділігі дін-дағуасына шексіз берік екендігін күн сияқты айқын көрсетуде.

Көңілің қаласа, жүр, «Алтын ғасырдағы» Араб түбегіне барайық. Қиял арқылы болса да, оған барып сәлем берейік. Міне, қара: салмақты да ардақты, өмірі тұп-тура таңдаулы бір кісіні көріп тұрмыз. Қолында мұғжизалар көрсеткен бір кітап бар. Сол кітаптағы ақиқаттарды ғажайып сөздерімен түсіндіріп, күллі адамзатқа тіпті жын мен періштелерге жар салуда. Ғаламның жаратылыс  сырларын паш етіп, адамзаттың  ең күрделі «Кімсің?», «Қайдан келесің?», «Қайда барасың?» деген сауалдарына қанағаттандырарлық жауап беруде...

Мінекей, назар сал: «Ана жердегі қараңғы қауымды барлық жаман қасиеттерінен арылтып, орнына адамгершілік мінез дарытып, мәдениеті биік елдерге, тіпті күллі әлемге оларды өнегелі ұстаз етті. Ол сананы ғана емес, сондай-ақ рух, жүрек, нәпсіні де тазартып қара қылды қақ жарды. Өзі ақырында жүректердің сүйіктісі, ақылдардың ұстазы, нәпсілердің тәрбиешісі һәм рухтардың сұлтаны болды!».

Уа, жанымыздың Сұлтаны! Сен рухтарымызға сұлтан болдың, рухтарымыз да Саған құрбан болсын! Шарапат етіп, қабыл ал»...
Оның бар болмысы боямасыз, табиғи. Жанында отырсаңыз, ешқандай жайсыздық сезбейсіз. Ең жақын досыңызбен отырғандай, көңіліңізді жай таптырады. Оның табиғаты мен рухы сондай – ешқандай адам оның дәрежесіндей дәрежеге жете алмайды. Ол секілді жүріп, ол сықылды ойлай алмайды. Яғни, ешқашан ол сияқты бола алмайды. Ол өзін әрқашан кішік көріп, көпшілікпен бірге отырған кездері олармен бірдей болып, төмен түсіп, жанындағыларға ешқашан арадағы көк пенен жердей айырмашылықты сездіріп, көңілін жайсыз етпейтін[1]. Бір жерде өзіне ілесе алмаған адам көрсе, онда ол ең әлсіз жанның жүрісіне салатын. Негізінде, осылай болуын әмір еткен өзі болатын. Хақ пайғамбар өмірінде осы ұстанымды қатаң ұстанып, бағытынан еш айнымаған.

Нәсіл жағынан да адамдардың ең тектісі еді. Оны таныған жанның бәрінің жүрегі оған деген сүйіспеншілікке толы болатын. Әсіресе, жанындағылар Пайғамбарымызды бәрінен де артық көріп, ардақтайтын. Әбу Бәкір (р.а.) ақырғы Елшіге ең жақын болып, өзгелерден әлдеқайда қатты жақсы көретін.

Адамзат тарихында дәл осындай шексіз сүйіспеншілікке бөленген жан болған емес. Болуы да мүмкін емес. Барша сенген халық шын жүректен төмендегі сөздерді ұдайы қайталауда. Әлбетте, бұдан соң да қияметке дейін дамылсыз қайталай бермек:
«Көңілдер жадырайды неге Сен деп?
 Көркің де жарқырайды неге Күн боп?»

Иә, солай. Өйткені ол – Әлемдердің Раббысының ең  сүйіктісі.




[1] Тирмизи, Шәмәил, 276-278;Тирмизи, Мәнәқиб, 8; Ибн Сад, Табақул Кубра, 1/121.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.