Дұғаларының бір шоғыры
Ақиық елшінің барлық дұғаларын бұл жерде талдап шығу мүмкін емес. Негізінде, біз дұға етуде де онымен теңдесетін жанның жоқтығын ғана айтуға талпынғанбыз. Оның дұға етудегі ықыласын терең ашып көрсете алмайтындықтан тақырыпты бірнеше мысалдармен айшықтап сөзімізді түйіндейміз.
Ұйықтар алдында
Ұйқы – өлімнің бауыры[1]. Адам ұйықтағанда, осыны ұққан жөн. Өйткені, әр көз жұмуы ең соңғы кірпік ілуі болуы да мүмкін. Аллаһ елшісі жатар алдында: «Бақара» сүресінің бастапқы және ақырғы үш аятын оқитын[2]. Мұнымен қатар «Аятул-Курси»[3], «Иасин»[4], «Мүлк»[5], «Сәжде»[6], сосын үш рет «Ықылас» пен «Фәлақ», «Нас» сүрелерін және бір рет «Кәфирун» сүресін оқыған[7]. Сосын қолын жайып қос алақанына үпіріп, қолдарымен денесінің қол жеткен жерінің бәрін сипап шығатын.[8] Одан кейін бірнеше дұға оқитын. Бірақ, ол дұғалар көлемді болғандықтан, бұл жерде келтіре алмаймыз. Ол қасиетті дұға-тілектерді арнайы дұға жинақтарынан табасыз. Қалаған жан сол дұғаларды үйреніп, өмірін нұрландырсын.
Ұйқыға бас қоярда
Ұйқыға бас қоярда отыз үш рет «субханаллаһ», отыз үш рет «әлхамду лиллаһ», отыз үш рет (бір деректе отыз төрт) «Аллаһу әкбар» деп, артынан бірнеше дұға оқыған[9]. Осы дұғалардың бірі мынау: «Аллаһым, өзімді Саған тапсырдым, жүзімді Саған бұрып, істерімді де Саған тапсырдым. Қорқып әрі үміт етіп, Саған арқа сүйедім. Сенен жалғыз Саған сыйына алады, басқа сыйынушы жоқ. Аллаһым, түсірген Кітабыңа, жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім. (Пайғамбар өз пайғамбарлығын растауы шарт). Аллаһым, құлдарыңды тірілтетін күні мені азаптан сақта. Мен тек Сенің атыңмен өліп, Сенің атыңмен тірілемін»[10]. Оң қолын самай тұсына қойып, тізелерін аздап бүгіп, оң жаққа қарап жататын[11]. Пайғамбарымыз осылайша көз іліп, осылайша оянатын, ұйқысы өте сергек еді. Өйткені, ол әр түні түнгі намазға тұруға асығатын.
«Тәһәжжүдке» тұрғанда
Пайғамбарымыз «Тәһәжжүд» намазына тұрғанда, мына дұғаны оқыған:
«Аллаһым, Сені хамд-мадақ етемін. Сен көктер мен жерді және оның ішіндегілерді тік ұстаған «Қайюмсың». Саған хамд болсын. Сен – көктер мен жердің және оның ішіндегілердің бәрінің нағыз Иесісің. Саған хамд болсын. Сен – көктер мен жердің және олардың арасындағылардың нұрысың»[12].
Түн жарымында осы дұғаның оқылуы да тегіннен-тегін емес. Неге десеңіз, көктің қақпалары түнде ашылып, барлық әсемдігімен жарқырап көрінеді. Мысалы, жұлдыздар. Таңғажайып үйлесіммен бүкіл ғаламшарды жаратқан Аллаһ тағалаға осы дұғада ұлық-мадақ айтылады.
«Қайюм» көп ғұламалардың көзқарасы бойынша «ағзам есімге» жатады. Пайғамбарымыз Хақ тағалаға мадақ айтқанда, көбінесе осы есімді шапағатшы етіп мадақтайды.
Зат та, мүлік те Аллаһ тағаланыкі. Ендеше, Ие де, Патша да Өзі ғана.
Аллаһ елшісінің Хақ тағалаға адалдығына қайран қаласыз. Пайғамбарымыз жатар алдында Аллаһты ұлықтап, екі-үш сағат өтер-өтпестен қайта тұрып, оған деген серті мен антын тағы да жаңғыртады. Өйткені, ұйықтағанда, өзге әлемдерді аралайтындықтан, мына әлем сертін ұдайы жаңғыртып отырғанды жөн көреді.
Іле-шала, сол дұғаны ары қарай былайша жалғастырады:
«Саған хамд болсын, Сен Хақсың. Уағдаң хақ. Саған қауышу хақ. Сенің сөзің хақ. Жәннәт та, жәһаннам да хақ. Пайғамбарларың және Мұхаммед хақ. Қиямет күні де хақ.
Аллаһым, Саған берілдім. Саған иман келтірдім. Тәуекелім Саған және толықтай Саған жүзімді бұрдым. Тек Сенің көмегің арқылы күрестім. Тек Сенің үкіміңе бас идім. Сен менің өткен әрі болашақтағы күнәларымды кешір. (Келешекте маған күнә жасатпа, күнәға баратын жолдарды жауып таста). Ашық әрі жасырын істегендерімді ғафу ет. Бұдан басқа Сен менен де жақсы білетін күнәларымды да кешір. (Өйткені, мен жүрегімдегіні ғана біліп ой түкпірлеріндегіні біле алмауым да мүмкін, Сен соларды да кешір). Алға шығарған да, артта қалдырған да Сенсің. Сенен өзге Құдай жоқ. Күш пен құдірет Аллаһта ғана»[13].
«Хақ» дегенде, ең алғаш ойға Аллаһ тағала оралады. Пайғамбарымыз Хақ болған Аллаһтан келген барлық нәрсенің хақ екендігін осы дұғада кеңінен қамтыған.
Жатардан бұрын Хақ тағалаға мойынсұнғандығын білдірді. Ұйқыдан тұрысымен, дереу тағы да мойынсұнғандығын айтып, иманын жария етті. Күнделікті жаңа өмірді осындай иманмен, терең мойынсұнушылықпен бастайды. Осы дұғасын «Ләә хаулә уә ләә қуәтә иллә билләһ» деп бітіреді. Өйткені, адам Хақ тағаланың құдіретіне арқа сүйемесе, арқалаған жүгін көтере алмайды. Иман, тәуекел, мойынсұнушылық қашан да Аллаһ тағаланың қалауымен іске асады. Ол тілемей, көмектеспей, қандай пенде Оны танып, Оған жете алады дейсіз? Ендеше әр пенде өз деңгейінде Аллаһ тағаланың құдіретіне сыйынуға мәжбүр.
Пайғамбарымыз осы дұғаларды оқыған соң намазға тұрады, бұл кезде түннің қара шәлісі оның көз жастарымен жуылып жататын.
Ол әсіресе жеке нәпіл намаздарында көп дұға етіп, намазды ұзағырақ оқитын[14]. Намазға тұрғанда, «Фатихадан» кейін мына дұғаны міндетті түрде жасайтын, бұл дұғадан кейін қосымша басқа дұғалар да оқитын: «Аллаһым, Сенің берген нәсібіңе ешкім кедергі бола алмайды. Сенің кедергі болған нәрсеңді де ешкім бере алмайды. Сенің берген үкіміңді кері қайтарушы да, өзгертуші де жоқ. Саған қарсы ешқандай бедел иесіне беделі пайда бере алмайды»[15].
Кейде осы дұғаға қосымша мынаны оқитын: «Аллаһым, мені мен күнәларымның арасын шығыс пен батыстың арасын бөлгеніңдей бөле гөр».
«Аллаһым, ақ киімді кірден тазартқаныңдай Сен де мені күнәлардан тазарта гөр»[16].
Осыдан кейін «Субханәкәні» оқып, пәктеуден кейін «Фатихаға» өтетін. Бұдан басқа да Аллаһ елшісінің түнгі намазда оқыған көптеген дұғалары бар. Бірақ, бұл жерде біз оқырмандар назарын тағы да сол дұға жинақтарына аударғанды жөн санаймыз.
Таңғы дұға
Ол таң рауандап атқанда, мына дұғаларды оқитын: «Аллаһым, мен мынаны растап таң атырдым: Сені, «аршыңның» көтерушілерін, періштелеріңді және күллі жаратылысты куә етемін: Аллаһ тағаладан өзге тәңір жоқ, Мұхаммед (алейһиссәлам) – Сенің құлың әрі елшің»[17].
Куә қылып, оларға айтқызамын. Ағаштардың шуылын, жапырақтардың сыбдырын, сулардың сыңғыры мен сарқырауын өз куәлігіммен қосып, сахнадан шыққан әуендей әлемді күркіретіп, осыларды Саған ұсынамын.
Пайғамбарымыздың осы ұсынысы өзінің деңгейі мен хақпен қатысты өлшемінде жатыр. Пайғамбарымыз күллі болмысты, әсіресе, Аллаһ тағалаға ең жақын періштелер мен болмысты күзеткен көк тұрғындарын өзіне куәлік еткен. Хақ тағалаға ұсынар ұлық-мадағына солардың да демін қосып ұсынатын.
Аллаһ елшісінің таңғы дұғаларының арасында мына дұға да бар: «Ей, көктер мен жерді жаратқан, ғайып пен көзге көрінетін әлемді білген, құдірет пен жомарттық иесі – Аллаһым. Саған осы дүниеде беріктігімді жария етіп, Сені осыған куәлік етемін. Сен куәгер болуға жетіп асасың»[18].
Осы дұғаның «Фатыр» деп аталуының маңызы ерекше. Өйткені, сол сөзге мағыналас: «әл-жаьил, әл-халиқ, әл-бари» тәрізді сөздер де бар. Ал дұғаның «Фатыр» деген атауынан мынадай мағынаны таратып айтуға болады: «Көктер мен жерді жаратылысына сай жаратып, оларды жаратылыс заңдарына лайық қылған Сенсің. Осы жаратылыс заңдылықтары арасында медицина, физика, химия, астрофизика және астрономияның өзіне лайық заңы бар. Бейне бір осы заңдар әр таңда жаңаланып, болмысқа ашылғандай. Осылар мен осы заңдылықтарды берген Сенсің!».
Ақшамда
Таң рауандап атқанда, осы және осыған ұқсас жүздеген дұғаларды оқыған. Ал күн батып, айналаны қараңғылық басқанда, мына дұғаны оқиды. Оның осы дұғалары күн мен түннің шырағы тәрізді. Пайғамбарымыздың түні де, күндізі де әрдайым жап-жарық. Дұғалар оның түн көгінде ілінген нұрлы шырақтай. Ол осы шырақтарды жағуды ешқашан ұмытпаған: «Аллаһым, Сенен басқа тәңір, серік болмағынына, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Сенің құлың әрі елшің екендігіне, Сенің «аршыңның» көтерушілерін, періштелеріңді және барлық жаратылысты куә қылып, күн батырдым»[19].
Хақ пайғамбардың әрбір намазы «Арышқа» көтерілген нұрлы саты тәрізді. Оның баспалдақтары да дұғадан жасалған. Намазға әзірлік үстіндегі көңіл-күй нұрының да намаз ішіндегі нұрмен тығыз қатынасы бар. Ол әжетханаға кірерде, дұға оқып кіріп, шығарда тағы дұға оқып шыққан. Дәрет аларда бір дұғасы болса, шайынып жатқанда басқа дұғаларды оқитын. Дәретті бітіргенде басқаша дұға ететін. Азаннан кейін оқитын дұғасы және бар. Намазға бастар алдында да басқа дұға, мешітке бара жатқанда, кірерде, мешіттен шығарда, әрдайым оқитын арнайы дұғалары болды.
Намазға тұрғанда, дереу «ифтитах» (бастау) тәкбірінен кейін дұға оқыған. Рүкуғында, сәждесінде, тік тұрғанда, екі сәжде арасында отырғанда, сәлем бергенде, жеке-жеке дұғалар оқыған. Аллаһ Пайғамбары қолынан келгенінше осы қасиетті дұғаларының арасын бір сәт сиретпейтін ...
Намаз ішінде
Ифтитах тәкбірінен кейін:
«Мен жүзімді жер мен көктерді жаратқан Жаратушыға, Одан өзге барлық нәрседен теріс бұрылып, Оған ғана мойынсұндым. Мен әсте мүшріктерден емеспін. Сөзсіз, менің намазым, құлшылықтарым, өмірім, өлімім әрқашан әлемдердің Жаратушысы болған Аллаһ үшін. Оның серігі жоқ. Мен осыны орындауға бұйрық алдым. Мен мұсылмандарданмын. Аллаһым, Сен Жаратушысың. Сенен өзге тәңір жоқ. Сен – менің Раббымсың. Мен – Сенің құлыңмын. Мен өзіме қиянат жасадым. Күнәларымды мойындаймын. Сен менің барлық күнәларымды кешір. Сенен басқа күнәні кешіруші жоқ»[20].
Рүкуғта оқылған дұғалардың бірі: «Аллаһым, Саған рүкуғ еттім, Саған сендім, Саған мойынсұндым. Құлағым, көзім, жұлындарым, сүйектерім, жүйке жүйелерім, аяқтарым, арқалаған барлық нәрсем әлемдердің Раббы Аллаһ тағалаға бас иіп, бағынған»[21].
Рүкуғтан тұрғанда:
«Аллаһым, хамд-мадақ Саған тән. Саған көктер мен жер және екеуінің арасын толтыратындай хамд болсын. Бұдан кейін де жарататын барлық нәрседей Саған хамд-мадақ болсын»[22].
Сәждеде:
«Аллаһым, Сен үшін сәжде еттім. Саған сеніп, Саған мойынсұндым. Өзін жаратқанға, келбет берген, құлақ пен көзімді жарып шығарғанға жүзім сәжде етті. Хақ тағала аса ұлы. Аллаһым, менің күнәларымның бәрін: кішісін де, үлкенін де, алғашын да, ақырғысын да, құпиясын да, жариясын да түгелдей кешір»[23]
Адам баласы құлшылықтан басқа кездерде не істейді? Ас ішеді, жатады, тұрады, күледі, жылайды, қуанады, мұңаяды. Үйленіп, бала-шағалы болады. Жаңа киім киеді. Жолға шығып, сапардан оралады. Бір-бірлерінен жақсы, яки, жаман хабар алады. Жақсы көретін досымен кездеседі. Науқастанып, дертінен айығады. Ұйықтайды. Ұйықтап жатып қуанышқа толы яки қорқынышты түс көреді. Басқа да көптеген істер жасайды. Мың түрлі жағдайды басынан өткізіп, мың түрлі құбылады. Аллаһ елшісі осы жағдайлардың бәріне қатысты дұға оқып, ғұмырын нұрға бөлеген.
Бұдан басқа адамның еркінен тыс болып жатқан құбылыстар да бар. Олар бұған сырттай қатысты. Мысалы, қуаңшылық, өрт, сел, дауыл тәрізді апаттар. Тікелей адамға зияны болмаса да, сырттай ең құрығанда салқыны тиеді. Міне, Пайғамбарымыздың осыған қатысты дұғалары да бар. Бұл дұғалар қоғамды, бір жағынан, біріктірсе, екінші жағынан, олардың Раббыларына бет бұруына себепші болады.
Сондай-ақ, «Әһлі-Бәйт» арқылы келгендіктен суннит имамдары көп назар салмаған дұғалар бар. Әйтсе де осы дұғаларды барлық тақуалар жадыларынан шығармай, оқып келген. Бұл дұғалардың есімі – жәушән. Жәушәнға қараған адам Хақ пайғамбардың дұғадағы тереңдігін айқын көре алады.
Сөз басында айтқандай, Аллаһ елшісінің дұғаларын жеткізу мақсатымен осы тақырыпты қозғаған болатынбыз. Түпкі межеміз: дұғаның өзінде де оның теңдесі жоқ екендігін және өмірінің әр сәтін дұғамен өткізгендігін көрсету еді. Әлбетте, сол дұғалардың бәріне қарамай осы нәтижеге айқын жету мүмкін емес. Бірақ, ой салу үшін сол дұғалардың бірқатарын ұсынуға тырыстық. Біздің талпынысымыз су қайнарына дәлел боларлық жылғаны көрсету ғана.
Біз барлық парасаттылықта оның теңдесі жоқтығын растап, иман келтіреміз. Ол – барлық ұлы ерекшеліктердің ең шыңына шыққан жан. Біз де осы еңбегіміздің басынан аяғына дейін осы иманымызды дәлелдеуге тырыстық. Кемшілік кетсе, әрине, бізден кеткені. Хақ елші кемшіліктерден ада һәм кіршікіз таза. Өйткені, ол – Хақ сүйіктісі хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм).
Ғұмырының әр сәтін Жаратушыға бет бұру арқылы нұрландырған осы кісінің өмірінде қараңғылықтың бір сәтінің болуы мүмкін емес. Оның өмірі түгелдей дұға мен бата. Шыр етіп дүниеге келісімен, «үмбетім, үмбетім» деген. Күн ертең ғарасат майданында да солай демек[24]. Иә, оның бүкіл қайғысы «үмбеті» болды.
[1] Әбу Нуайым, Хилия, 7/90. Бухари, Фәдәилус-Сахаба, 9; Даауат, 11; Муслим, Зикр, 80.
[2] Дарими, Фәдәилул–Қуран, 14.
[3] Тирмизи, Фәдәилул-Қуран, 2; Дарими, сол жер.
[4] Мәжмәуз-Зәуәид, 7/97; Ибн Хәжәр, Мәталиб, 3/361.
[5] Тирмизи, Фәдәилул-Қуран, 8; Ибн Хәжәр, Мәталиб, 3/358.
[6] Тирмизи, Фәдәилул-Қуран, 8; Даауат, 22.
[7] Әбу Дәууд, Әдәб, 108; Тирмизи, Даауат, 22.
[8] Тирмизи, Даауат, 21-22.
[9] Бухари, Фәдәилус-Сахаба, 9; Даауат, 11; Муслим, Зикр, 80.
[10] Бухари, Даауат, 6-7; Тирмизи, Даауат, 16.
[11] Әбу Дәууд, Әдәб, Нәсәи, Сиям, 70; 98; Муснәд, 1/400, 414.
[12] Бухари, Тәһәжжуд, 1; Тәухид, 8, 35; Муснәд, 1/358.
[13] Сол жерлер.
[14] Бухари, Тәһәжжуд, 16; Муслим, Мусафирин, 125, 203-204.
[15] Бухари, Даауат, 18; Муслим, Салат, 94; Тирмизи, Салат, 108.
[16] Бухари, Әзән, 89; Даауат, 39; Муслим, Мәжәсид, 147.
[17] Әбу Дәууд, Әдәп, 101; Тирмизи, Даауат, 79.
[18] Муснәд, 1/412.
[19] Әбу Дәууд, Әдәб, 101.
[20] Муслим, Мусафирин, 201; Тирмизи, Даауат, 32.
[21] Муслим, Мусафирин, 201; Әбу Дәууд, Салат, 119.
[22] Муслим, Салат, 202-203; Мусафирин, 201; Тирмизи, Даауат, 32.
[23] Муслим, Мусафирин, 201; Салат, 216; Әбу Дәууд, Салат, 119; Тирмизи, Даауат, 33.
[24] Бухари, Тәухид, 36; Фитән, 1; Муслим, Иман, 326, 327.
- жасалған.