Пайғамбарымыздың құлшылығы
Оның құлшылығына куә болған адамның арманы жоқ.
Тіпті, көз жасын төкпей оқыған намаздары жоқтың қасы. Сахабалар ол намаз оқығанда, айналған диірмен тасының дыбысындай көкірегінен дыбыс естілетінін айтады[1] . Оның құлшылыққа деген терең жауапкершілігі оның жүрегін қазандай қайнатқан.
Өмірдің ешбір ләззаты оның намаздан алған ләззатындай болмады. Сондықтан да бір күні: «Бұл фәниде маған мына үш нәрсені сүйдірді: Әйел, жұпар иіс және көзімнің нұры – намаз», – деп еді.[2]
Әйел адамның ер кісіге ұнайтындығы белгілі. Адам ата (а.с.) жаратылған кезде, осындай сезіммен жаратылған. Осы сезімнің жоғары түрі – нәпсіқұмарлық. Бұл – адамға ұрпағын жалғастыру үшін алдын ала берілген ақы. Мұндай құмарлық берілмегенде, ұрпақтың жалғасуы мүмкін емес. Аталмыш құмарлықтың адам табиғатында бас көтермей қоймайтындығын білген Пайғамбарымыз монахтар секілді әйел затынан жеруді құп көрмеген. Сондықтан да Аллаһ тағала ердің әйелге, әйелдің ерге құмартуы үшін шәһуатты жаратты. Адамға жаратылысында бар осы сезімді тұншықтырып ұстау мүмкін емес. Мүмкін болатын болса, Адам ата (а.с.) ол сезімді тежер еді. Пайғамбарымыз: «Аллаһ тағаланы ең жақсы біліп, Одан ең көп қорыққан адам менмін. Бірақ, мен ғибадат қылсам да, әйелдеріммен бірге боламын. Дем алып, түнде құлшылығымды да жасаймын. Ораза ұстап, тамақ та жеймін. Бұл – менің жолым. Менің жолымнан бет бұрған кісі менің үмбетімнен емес»[3], – дейді. Ол – нағыз тепе-теңдікті сақтай білген, оның әкелген принциптері де көңілге қонымды болды. Әкелген діні – кеңпейілді ханиф діні. Барша жұрт емін-еркін жүзеге асыра алатын жүйе атауы. Ол дінді ат төбеліндей адамдарға ғана емес, күллі адамзатқа лайықты етіп әкелді.
Хош иіске келсек, періштелер жұпар аңқыған иісті ұнатады. Аллаһ елшісінің жаны мен тәні аса сезімтал әрі нәзік болғандықтан, жаратылысы да періштедей еді.
«Рухият» басқа, «руханият» мүлдем басқа нәрсе. Осы екеуінің де тізгінін қолға алған адам – нағыз нәпсісін тазартқан адам. Сондықтан да «Сафият» (нағыз нәпсісін тазартқан адам) дәрежесіне пайғамбарлар ғана жете алады. Осы мәртебенің шыңында Пайғамбарымыз тұр. Оның тәні миғражда рухымен жарысып, рухы қайда барса, Пайғамбарымыздың тәні одан бір елі ажыраған емес.
Мен осы жерде миғражға қатысты тартысты қайталағым келіп тұрғаным жоқ. Ислам ғұламаларының басым бөлігі Пайғамбарымыздың миғражға рухы мен тәні арқылы шыққандығын айтады[4]. Өзгелер рухтары арқылы, яки, түстерінде миғражға шығуы мүмкін. Бірақ, рухы мен тәні арқылы миғражға шығу тек Пайғамбарымызға нәсіп болған. Сол істің қаһарманы Ақиық елші ғана.
Хош иіс – періштелер мен руханилардың азығы. Аллаһ елшісі де олармен рухы әрі тәні арқылы біте қайнасқандықтан хош иісті өте ұнатқан. Жақсы иіс оны қуанышқа бөлейтін.
Аллаһ расулы «маған әйел мен хош иістер сүйдірілді» деу арқылы адамның рухы мен тәнінің қажеттілігін білдірді.
Үшіншісіне келсек, осы арада сәл шегініс жасап іркіле тұру қажет. Өйткені, Аллаһ елшісі «Намаз – менің көз қарашығым, құмарлығым» дейді.
Бізге «ең жақсы көретін адамың келді» деп сүйіншілесе, төбеміз көкке жетеді. Аллаһ елшісі де намазға тұрар алдында біздің осы қуанышымызды жүз есе орап алатын қуанышқа кенеліп, шаттанады. Мысалы, Фатима (р.анһа) ұзақ уақыт алысқа кетті делік, бір күні Пайғамбарымызға Фатиманың (р.анһа) келе жатқанын айтса, ол қалай қуанар еді. Намаз уақыты кіргенде ол бәрін ұмытып, көңілі лезде шаттыққа толатын. Өйткені, намаз – оның сүйіктісі, намаз оның көзінің қарашығы еді.
Тәбаранидің жеткізген басқа бір хадисінде айтылғандай, Пайғамбарымыз:
«Аллаһ әрбір пайғамбарды өзіндік көңіл қалауымен, құмарлығымен қоса жаратқан. Менің құмарлығым – түнгі намаз»[5], – дейді.
Мұның мағынасы: «Сендер әр түрлі ләззаттарды іздейсіңдер. Әсіресе тән ләззатын. Ондай ләззаттар сендердің ақыл-естеріңді алып, тартып әкетеді. Маған келсек, мен ар-ождан деген азаншының «тұр, намаз уақыты кірді», – деген дауысын естігенде, есімнен танғандай күй кешемін. Түнде намазға тұрмаған кездерім – менің ең үлкен қасіретім. Менің ең бақытты сәттерім – намаз оқып тұрған сәттерім»
Аллаһ елшісінің құлдығы, Хақ тағаламен байланысы, сондай-ақ тәухид ұлылығын паш етуі аса терең болды, мұндай тереңдікке ешкім бойлап көрмеген. Аталмыш хадис те осының айқын мысалы.
Ардақты Айша анамыз (р.анһа) былай дейді: «Бірде түн жарымында ояна кетсем, жанымда Пайғамбар жоқ. Басқа әйелдерінің біріне кетті ме деп ойладым. Қолыммен қарманып, жан-жағымды сипалап көрдім. Бір кезде қолым аяғына тиді. Рақым Пайғамбардың намазда тұрғанын аңғардым. Басы сәждеде. Құлақ тосқанымда, оның егіле жылап, былайша жалбарынып жатқанын естідім:
«Аллаһым! Азабыңнан разылығыңа сыйындым. Жазаңнан – кешіріміңе сыйындым. Аллаһым! Өзге емес Сенен Саған сыйындым. (Қаһарыңнан – қамқорыңа, азабыңнан – рақымыңа, ұлылығыңнан – шапағатыңа сыйынамын). Өзіңді мадақтағаныңдай Сені мадақтауға осал екенімді мойындаймын»[6] «Сенің жақындығың ұлылық (Саған жақын болғанның мерейі үстем болмақ). Сенің мадақталуың ұлылық. Сенің әскерің даңқты. Сен берген уағдаңнан таймайсың. Сенен басқа құдай, Сенен өзге құлдық қылуға лайық ешкім жоқ»[7] .
Иә, оның намазға тұруы құмарлық тәрізді. Осыған ұқсас мысалды Әбу Зәррдан (р.а.) тыңдап көрейік. «Бірде таңға дейін намаз оқыды. Дұға аяттары келгенде, сол дұғаларды көп қайталап, намазды өте терең оқыды. Нәпіл намаздарында сәждеде, рүкуғда, қиямда оқылатын көптеген ұзақ дұғалар бар. Сол түні таңға дейін: «Егер оларды азаптасаң да, олар Өзіңнің құлдарың, егер оларды жарылқар болсаң, күдіксіз, Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Мәида, 5/118) аятын оқып көз жасын тыя алмай қойды»[8]. Ол намазды қанша оқыса да тою дегенді білмеді.
Енді Ибн Мәсғұдқа (р.а.) құлақ салайық: (Ибн Мәсғұд Куфаның жауһары, атақты сахаба. Ханафи мәзһабы оған борыштар. Әлқама, Ибраһим Нахаи, Хаммад ибн Әби Сүлеймандар (Әбу Ханифаның ұстазы) – оның шәкірттері. Сахабалар оны әһли бәйттен деп ойлайтын. Иә, ол Аллаһ елшісінің шаңырағына өз үйіндей емін-еркін кіріп шығатын[9]. Пайғамбарымыз оған Құран оқытып тыңдайтын да: «Құранды жаңа түсіп жатқандай тыңдағыларың келсе, Ибн Умми Абдқа (Ибн Мәсғұд) құлақ қойыңдар»[10], – дейтін. Омар (р.а.) оны Куфаға жібергенде, ішкі сезімін білдіріп: «Куфалықтар! Егер сендерді өзімнен артық санамағанымда, Абдуллаһ ибн Мәсғұдты (р.а.) әсте қасымнан айырмайтын едім»[11], – дейді. Қысқа бойлы, аяқтары жіңішке болатын[12]. Бірақ, ілімге келгенде жатқан мұхит еді.
Осы Ибн Мәсғұд (р.а.) былай дейді: «Бір күні Аллаһ елшісімен бірге түнгі намаз оқуды қаладым. Түні бойы оның қасында болып, жасаған құлшылықтарын мен де жасамаққа ниеттендім. Намазға тұрды. Мен арт жағында тұрып, оған ұйыдым. Бірақ, рүкұғқа баратын ойы жоқ. «Бақара» сүресін бітірді. Енді рүкұғқа баратын шығар дедім. Ол ары қарай жалғастыра берді. Сосын «Әли Имран», одан кейін «Ниса» сүресін оқыды. Содан соң ғана рүкұғқа барды. Намаз кезінде шаршағаным сонша – басыма пендешілік ой келді. (Бұл пендешілік ой не болуы мүмкін. Бірден Сүлеймен (а.с.) тәрізді Аллаһ елшісі қиямда өліп кетпеді ме екен деген үрейлі ой келуі мүмкін). Мәсғұдты тыңдаушылардың арасынан біреу: «Не ойлап едің?» деп сұрады. Ол: «Намазды бұзып, оны оңаша қалдырып кетіп қалғым келді»[13], – деп жауап қатады.
Абдуллаһ ибн Амр да мына уақиғаны былайша жеткізеді: «Бір күні түнде Аллаһ елшісімен намазға тұрдым. Ол мына аятты қайталап, егіліп жылады: «Аллаһым, сөзсіз олар адамдардың көпшілігін адастырды. Кімде-кім маған ерсе, ол менен. Кімде-кім қарсы шықса, Кешірімшіл және Рақымды сенсің» (Ибраһим, 14/36). Тағы бір күні мұңайып жүрді. Сол күні көзінен жас құрғамады. Жәбірейіл келіп, Аллаһтың сәлемін жеткізді. Хақ тағала «Мұхаммедім, неге жылайсың?» – деп сұрап жатыр дейді.
Жаратқан Аллаһ – күллі ғайыпты Білуші. Ілімі бүкіл жаратылыстың сырын қамтиды. Ешкім Оның ілімі мен құдыретінен тыс бола алмайды. Бірақ, солай бола тұра сұрайды.
Аллаһ елшісі өз-өзін тоқтата алмағандықтан, жауап бере алмады. Бар-жоғы «Үмбетім, үмбетім» деуге шамасы келді. Қайғысы белгілі. Үмбетінің жайы. Жәбірейіл мән-жайды біліп қайта кетті. Хақ тағала оны екінші мәрте сәлеммен жібереді де, оны мына сөздермен жұбатты: «Бар да Хабибіме: Сөзсіз үмбеті жайлы сені қуантады. Сені әсте мұңайтпаймыз» деген сөзімді жеткіз!».[14].
Ол ғұмырын құлшылықпен өткізді. Намаз оның ең сүйікті ісі болды. Күндіз-түні намаз оқумен өмір сүрді. Қалай ғұмыр сүрсең, солай өлесің деп өзі айтпап па еді?![15] Әрбір фәни секілді ол да өлетін еді. Бірақ, ол намазбен ғұмыр кешіп, намазымен өмірден аттанды.
Ақырғы күндері. Кірпік қағуға қауқары да қалмаған. Үстіне бір шелек мұздай су төгіп жібергенде ғана көздерін ашты. Егер бір ауыз сөз айтуға шамасы келсе «Жамағат намаз оқыды ма?» деп сұрайтын. Бірақ, осы сөздің өзі ауыр тиіп, есінен танып қала берді. Су бүрку арқылы қайта есін жинағанда айтар сөзі «Жамағат намаз оқыды ма?» болды.
Жоқ, жамағат оны күтіп отырған. Бәрінің көзі оның есігінде. Қашан перде ашылып, мешітке қайтадан «Күн» шықпақ. Қалың қауым осыны күтіп тұрды. Жұрттың көбісі сол Күннің батуға айналғанын сезген. Бірақ, көңіл құрғыр осыған сенгісі келмейді. Осы кезде Аллаһ елшісі имам болуға шамасы келмейтінін сезіп, «Әбу Бәкір имам болсын» деп жарлық берді. Аздап өзіне келгенде немере ағасы Аббас (р.а.) пен немере ағасының ұлы һәм күйеу баласы Әлидің сүйемелдеуімен аяқтарымен жер сыза мешітке бет алады. Әр қимылынан намаздың аса маңыздылығын көрсетіп тұрды. Өзінен кейін имам болатын адамның артында намазға тұрды. Намазын отырып оқыды. Ол осылайша екі рет намаз оқыды. Алғашында намазды Аллаһ елшісінің өзі оқыды. Әбу Бәкір (р.а.) арттағыларға оның сөзін жеткізіп тұрды[16]. Келесі намазын Әбу Бәкірдің (р.а.) артында тұрып оқыды[17]. Жамағатына өзінен кейін болатын имамға ишарат етті.
Тағы да бір рет ол намазбен жамағатымен бірге болды. Ақырғы сәтіне дейін жамағатынан айрылмады. Тіпті аяқтары жерге сүйретіле мешітке келіп, намазын жамағатпен оқыды...
Ахмад ибн Ханбәлдың пікірі бойынша, жамағат «айн парызға» жатады[18]. Өйткені, Аллаһ: «Рүкұғ еткендермен бірге рүкұғ жаса» (Бақара, 2/43), – дейді. Имамдардың кейбірі жамағатты намаздың парыздары қатарында санайды. Олар жамағатсыз намазды намаз деп қабылдамайды.[19] Имам Шафиғи бойынша жамағат «кифая парызға» жатады[20]. Ханафи мәзһабында болса, мүәккәд сүннет[21]. Осы имамдардың кейбірі жамағатты уәжіп санайды[22].
Біз осы жерде мәселені шариғат заңдылықтар тұрғысынан талдап отырғанымыз жоқ. Тек еске салуды көздедік. Негізгі тақырыбымыз – Аллаһ елшісінің құлшылығы, ғибадатындағы мұқияттылығы мен намаздағы тереңдігі.
Жай адамның өзі намазын ықыласпен оқыса, намаз оны жамандықтардан тыяды. Ал енді Хақ пайғамбардың намазына қараңыз. Ол намазын қалай ғана қаза қылсын. Жо-жоқ. Оған мүлдем жол берген емес.
Оның оқыған намазы жайлы Айша анамыз (р.анһа): «Қиямда тұрғанын көрсең, сен сұрама. Рүкүғын айтсаңшы! Сәждесіне қара! Айтуға тіл жетпейді»[23] деп, Аллаһ расулының оқыған намазының ғажаптылығын осындай таңданыс сөздерімен жеткізуге тырысқан.
Хақ тағаланың бар екендігіне еш дәлел болмаған күннің өзінде Аллаһ елшісінің оқыған намазы айғақ ретінде жетер еді. Өйткені, ол әрбір намазын Хақ тағаланы көріп тұрғандай оқитын.
Оның құлшылығы біртұтас болатын. Намазды аса терең оқу арқылы оған ерекше мән бөлгенімен, міндетті түрде құлшылықтың басқа түрін де ұмытпайтын, мысалы, оразаға осалдық танытқан емес. Аптаның бір-екі күнін ауыз бекітумен өткізетін, кейде бірнеше күн ораза ұстайтын. Қайта ауыз ашпайтындай көрінетін[24]. Кейде жұрт тәрізді ауыз ашатын. Бірақ, ауыз бекіткен күндері өте жиі еді.[25]
Ол көбінесе «Уисал» оразасын ұстайтын. Яғни, бірнеше күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстаған. Сахабалар оның ұстаған оразасына қызығып, еліктегісі келетін. Бірақ, бұл өте ауыр еді. Рамазан айының ақырғы күндерінде Пайғамбарымыз «уисал» оразасын ұстауға ниеттенеді. Сахабалар да ниет қылады. Бірақ, ораза бірнеше күнге созылғанда, бәрінің де әл-дәрмені қалмайды. Міне, осы кезде айт күні туып қап, барлығы сүйінеді. Өйткені, айт бір күнге кешіккенде, тағаттары таусылғандай еді. Аллаһ расулы олардың осы хәлін көргенде, күлімдеп: «Егер айт кешіккенде, мен әрі қарай оразамды үзбей жалғастыра беретін едім», – дейді. Сол сөзін жалғастырып, өзінің шамасы жеткен осы құлшылыққа олардың тағаттары жетпейтіндіктерін айтты. «Өйткені Аллаһ сендер түсіне алмайтын түрде мені рызықтандырады»[26], – деді.
Әсіресе, рамазан айының ақырғы күндерінде Аллаһ елшісі күні бойы құлшылық қылатын[27].
Жаздың аптап ыстық күндерінде де Хақ пайғамбар ораза ұстайтын. Жауымен шайқасып жүріп те, майдан өтінде ораза ұстаған. Әсіресе, соғыстың жан берісіп, жан алысатын кездерінде онымен бірге Абдуллаһ ибн Рауаха (р.а.) ғана ауыз бекіткен[28]. Ол «Ораза – күнәдан қорғайтын адамның сауыты»[29], – дейтін. Яғни сауыттың ең мықтысымен өзін қорғаған.
[1] Нәсәи, Сәһу, 17; Ибн Мәжә, Муқаддимә, 3; Муснәд, 4/25.
[2] Нәсәи, Ишрәтин-Нисә, 1; Муснәд, 3/129,199,285.
[3] Бухари, Никах, 1; Муслим, Сиям, 73.
[4] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 3/140.
[5] Мәжмәуз-Зәуәид, 2/271.
[6] Муслим, Салат, 222; Әбу Дәууд, Салат, 148; Уитр, 5.
[7] Тирмизи, Даауат, 91.
[8] Муснәд, 5/149.
[9] Бухари, Фәдәилул-Асхаб, 27; Муслим, Фәдәилус-Сахаба, 110-111.
[10] Бухари, сол жер, Муслим, Фәдәилус-Сахаба, 116-117; Мусндәд, 1/26.
[11] Ибн Сад, Табақат, 1/157.
[12] Муснәд, 1/320-321.
[13] Бухари, Тәһәжжүд, 9; Муслим, Мусафирин, 204; Муснәд, 1/385-396.
[14] Муслим, Иман, 346.
[15] Муслим, Жәннат, 83.
[16] Бухари, Әзән, 51; Муслим, Салат, 90-97.
[17] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 5/254-255.
[18] әл-Жәзири, Мәзәһиб, 1/405.
[19] Айни, Умдә, 5/161-162.
[20] әл-Жәзири, а.а.е., 1/407.
[21] Мәрғинәни, әл-Һидәя, 1/55.
[22] Ибн Хуммәм, Фәтхул-Қадир, 1/300.
[23] Бухари, Тәһәжжуд, 16; Муслим, Мусафирин, 125.
[24] Әбу Дәууд, Саум, 53; Тирмизи, Саум, 43; Муснәд, 2/91.
[25] Бухари, Саум, 53; Муслим, Сиям, 178.
[26] Бухари, Саум, 49; Муслим, Саум, 59. Муслим, Итиқаф, 7.
[27] Бухари, Ләйләтул-Қадир, 5;
[28] Муслим, Сиям, 108-109.
[29] Бухари, Саум, 2; Тәухид, 35; Муслим, Сиям, 162-163.
- жасалған.