Аллаһ елшісінің дұға шуағы

Дұға – құлшылық[1], дұға – ғибадаттың өзегі[2], дұға – тікелей Жаратқанға бет бұрып жалбарыну. Құлшылық жайлы айтылғанда дұға туралы айтпау мүмкін емес. Негізі Аллаһ «Дұғаларың болмаса, қандай қадір-қасиеттерің бар?!» (Фурқан, 25/77) демеуші ме еді? «Дұға етіңдер, қабыл етейін» (Мумин, 40/60).

Дұға – Аллаһ пен құл арасындағы асыл байланыс. Басқа сөзбен айтқанда, құл дұға арқылы ғана өз ойын Жаратқанға жеткізе алады. Құл шамасы келмейтін барлық ауыртпалықтың емін құдіреті шексіз Ұлы Жаратушыдан тілейді. Бұл тілектің атауы – дұға. Ол – құлдан Жаратушысына қарай қалқып көтерілген әуен.

Қазіргі кезде тек бес уақыт намаз яки кейбір құлшылықтардың соңында ғана айтумен шектеліп қалған дұға, негізінде, өмірдің басты қажеттілігі. Өмірді дұғасыз өткізу мүмкін емес. Ғұмырымыз бастан-аяқ дұғадан тұрады. Дұға – Хақ тағаланың разылығының, жәннаттің кілті. Дұға –  «құлдан» бастап Жаратқанға қарай көтерілген құлдық рәміз, Жаратқаннан «құлға» түскен рақым мөрі[3]. Анығырақ айтқанда, ол – Аллаһ тағала мен құл арасындағы қатынастың түйіскен жері. Дұға – бір жағынан ғибадат, екінші жағынан, мүмкіндік әлемі (физикалық) мен метафизакалық (көк әлемі, ғайып) әлемді біріктірген, адамды бірте-бірте Хаққа көтеретін нұрлы саты.

Дұға Аллаһ тағаланың мейрім төгуіне арқау болады. Дұға, сондай-ақ, пәлекеттің бетін қайтарушы, алдын алушы. Иә, рақымдылық пен разылықты шақырып, азап пен пәлекетті қуатын әсерлі құлшылық – дұға. Көбінесе адамның мүмкіндігі түгесілген сәтте дұға басталады. Негізінде, оның бастауы мен ақырын анықтау мүмкін емес, яки, мүлде жоқ. Өйткені, адам ешқашан дұғаға тоқмейілси алмайды. Пенде Жаратушысының есігін дұғамен қағып, сол есіктен дұға арқылы тілдеседі. Рақымдылықты нөсердей өзіне тартқан – осы дұға.

Біздің пайымымызда дұға дегеніміз – тілек. Біз барлық қажеттіліктерімізді Раббымыздан тілейміз. Бірақ, өкінішке қарай, не сұрайтынымызды, қалай сұрайтынымызды да біле алмаймыз. Тілеп жатып та, Ұлы Жаратушыға әдепсіздік танытып қоямыз. Оның қалауын емес, өзіміздің қалауымызды көздейміз. Тілегіміздің дереу орындалуын қалаймыз. Орындалмаған тілекті қабыл болмады деп мұңаямыз. Мұның бәрі дұғаның өзіне тән әдептілігіне жат. Мұндай ниетпен жасалған дұғалар Аллаһ тағала мен құл арасындағы байланысқа жатпайды. Оның әдісі мен әдептілігіне бағыну – дұғаның қабыл болуының ең негізгі шарттары.
Дұға кейде іштей қалауға айналып, жүректен шығады. Осындай жағдайда құл ләм-мим демейді. Тіпті, еріндері де қимылдамайды. Бірақ ғайыпты білуші Жаббар Иенің халін білетіндігін сезіп, толық тәуекел етеді. Ақырында,  Ибраһим алейһиссәламның отқа лақтырылған кездегі халі тәрізді тілегіне жетеді. Сырттай өзіңе көмектесетін мүмкіндік қалмаған сәтте: «Ей, от! Ибраһимге салқын әрі саламатты бол (Ибраһимді күйдірме)» (Әнбия, 21/69) деген иләһи жарлық оған күтпеген жерден көмекке келген.

Дұғаның екінші түрі – жүректегі сезімдердің тіл арқылы Жаратқанға жетуі. Ондайда құл тек хал-жағдайын айтады, бірақ қалауын ашық білдірмейді. Кейде халін де, қалауын да жеткізеді. Құран пайғамбарлардың дұғаларынан екеуіне де мысал етіп таңдаған. Біріншісі, Әйюб алейһиссәламның: «Я, Раббым! Маған зиян тиді. Сен – рақымдылардың ең Рақымдысысың» (Әнбия, 21/83) дұғасы арқылы, Жүніс пайғамбар: «Сенен басқа Құдай жоқ. Шынында, мен әділетсіздік етушілерден болдым» деген дұғасы тәрізді. Екінші жағдайға Зәкәрия пайғамбардан мысал берілген. Ол да Жаратушысына «Ей, Раббым! Маған игі ұрпақ бер. Сөзсіз, Сен тілекті естушісің» (Әли Имран, 3/38) деп дұға еткен.

Сондай-ақ, Құранда дұға мәселесінің терең қозғалып, Пайғамбарымызға тікелей үйретілуінен-ақ оның өте маңызды екендігін байқаймыз. Бұлай болмағанда, Құран Кәрім жүздеген аяттары арқылы дұға жайлы сөз етер ме еді? Бұдан басқа, Пайғамбарымыздан риуаят етілген жүздеген, тіпті мыңдаған хадис шәріптер де дұғаның маңыздылығын арттыра түседі. Ол өмірдің барлық сәтін құр жібермей, қажетті дұғаларды үмбетіне үйретіп кеткен. Адам баласы қашан да ішкі тілектерін ең көркем түрде аз сөзге көп мағынаны сыйдырып жеткізгісі келеді. Ең үлкен көмекшіміз – Құран Кәрім, келесі көмекшіміз –хадис шәріптерде айтылған дұғалар. 

Мәселе айқын. Өйткені, бізге бәрін берген Жаратушы осы дұғалар арқылы қалай тілек тілеуді үйретеді. Дұғаларды терең үйренген жан, сөз жоқ, Хақ тағаланың елшісі еді.

Туралық – Әз елшінің айнымас тұғыры. Негізінде, құлшылық туралықты білдіреді. Хақ тағала «Маған құлшылық қыл. Тура жол – осы» (Иасин, 36/61) деп, дұғаның қасиетіне ишарат еткен. Аллаһ елшісінің барлық ісінде өлшем мен тепе-теңдік бар. Ол әскерлерін жорыққа аттандырғанда, құмырсқа екеш құмырсқаның өзіне қиянат жасаудың үлкен зұлымдық екендігін шегелеп ескерткен. Қандай жағдайда, қай уақытта болмасын, ол сыртқы жағдаяттарды назарға ұстағанмен дұғаны да бір сәт естен шығармаған.

Күндіз-түні көз жасын көлдете жалбарынған Аллаһ елшісінің 63 жылдық ғұмыры – тұтас мектеп. Осы мектептен адамзат дұғаның не екендігін, дұғаның әдебін, екі дүниелік пайдасын көріп ғибрат ала алады.

Ақиық елші дұғаларын ғұмырына бөліп, әрқашан осы нұр аясында жүрді. Дұға оның аузынан түспес жыры, жүрегіндегі күрсінісі болды.

Сахабалар да өмірлерін құлшылықпен өткізді. Алайда онымен иық теңестіруге ұмтылғанмен, бәрібір ілесе алмады. Ол шаршаудың не екенін білмей, әрқашан алда жүріп отырды. Өйткені, Аллаһ оны әрдайым алға қарай тура жүрсін, үнемі алда болсын деп жаратқан. Миғражда Жәбірейілдің өзі оған ілесе алмай, артта қалып қояды. Ол «Маған қарайлама, Пайғамбар! Бұдан былай жол сенікі» деді. Иә, ол бейне бір періштелермен жарысқа түскен адам тәрізді.

Ол құлшылық пен дұғаның ұшар шыңында болды. Аллаһ тағаланың ұлылығы мен құдіретін ең асқақ шыңнан тамашаласа да, тоя алмай: «Сені лайықты түрде тани алмадық», – деп күрсінеді. Әбу Бәкір (р.а.) де: «Жаратушыны ұғынуға қауқарсыз екендігін ұғынуы – пенденің нағыз ұғынуы болмақ», – дейді.





[1] Тирмизи, Тәфсирул-Қуран, 3, 16, 40; Ибн Мәжә, Дуа, 1; Муснәд, 4/267.
[2] Тирмизи, Дуа, 1.
[3] Дәйләми, әл-Фирдәус, 2/224.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.