16. Жәннат жайсыздықпен, жәһәннам құмарлықпен бүркемеленген

Бухари мен Муслим риуаят еткен бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Жәннәт адамға ұнамсыз көрінген нәрселерімен тозақ, ұнамды көрінген нәрселермен  бүркемеленген»,[1] – дейді.

Жәһәннамның бүркемеленген бетін түрлі тәнқұмарлықтар жауып тұр. Жәннаттың беті сырттай қарағанда жанға жайсыз, кісіге ұнамсыз көрінген амалдармен бүркемеленген. Өмірдің мәнін материядан іздеушілерге жәннатқа баратын жолдағының ешқайсысы ұнамды көрінбесі анық. 

Негізінде, жәннат та, жәһәннам да біз үшін жақсылық. Өйткені тура бағыттан адаспай жүруіміз үшін біреуі ынталандырса, екіншісі сақтандырады. Адам жәннатқа ұмтылып, жәһәннамнан қашу арқылы тура жолдан ауытқымауға тырысады. Екеуінің де біз үшін рақымдылық болуының мәні осы.

Аллаһ жәннатты да, жәһәннамды да екі бөлек түйіп, адамдардың амалына салды. Адам өз еркімен осылардың бірін таңдауы керек. Таңдауына қарай мәңгі бақытқа кенеліп кісі жәннатқа барады немесе сормаңдайлықпен тозақтың жолына түседі. 

Иә, жәһәннамның айналасын құмарлықтың атмосферасы қоршаған. Бұл атмосфера сырттай қараған жанның көз жауын алып, ақыл-есін жадылап тастайды: жаман мінез, жат қылық, бір сөзбен айтқанда, адамның тән құмарлығына майдай жаққан не нәрсе болсын, барлығы, зерлеп тоқылған жібек кілем секілді сусылдап сылаң қағып, өз ұйығына тартып әкетеді. Қысқасы, жәһәннам жолы  – адамның тәнін қытықтаған құмарлық мозаикасы.

Жәннат болса, дәрет алу, намаз оқу, қажылыққа бару, зекет беру, Аллаһ жолында қиыншылықтарға төзу секілді тек қана «Раббым – Аллаһ» дегені үшін өзі өмір сүрген қоғамнан өгей баладай тепкі көріп, қуғын-сүргінге ұшырап, ит жеккенге айдалу сияқты  адамға ұнамсыз амалдармен бүркемеленген. Үстірт қарағандардың көбісі түгі тікірейген осы пердені көріп, кедергілер торлап тастағандай іркіліп қалады. Осылайша жәһәннам көз тартатын, жәннат үрей туғызатын мекен болып көрінеді. Адамдар олардың сыртқы көрінісіне алданып қалып жатады. Сондықтан да жәннатты ұнататындардан гөрі жәһәннамды қалайтындар көбірек.

Адамдардың көбісі тәннің бабын табу үшін ұсақ себептерден аса алмай күйкі тірліктің етегіне оралып күн кешеді. «Намаз жақсы-ау, бірақ күнде бес рет оқу маған қиын соғады», – деп, намаздағы кішкене ауыртпалықты көтере алмауда. Кейбіреуі қыстың қақаған суығында дәрет алуды қиынсынып, орта жолда қалып қояды. Алайда жоғарыдағы хадисте, сол дәреттің аз қиыншылығына төзген жан бірте-бірте жәннатқа жететінін айтпады ма?! Оразаны, зекетті, қажылықты, және Аллаһ разылығына жетелейтін өзге амалдарды да қиын деп ойлауы мүмкін. Бірақ аз қиыншылықтан қашу мол бәлеге жетелейтінін олар ескермеуде.

Жәһәннам болса, адамның осал жерінен ұстайтын болмашы құмарлықты тұзақ еткен сиқыршы. Көбісі жарға омақаса құлайтынынан бейхабар, бейне шыбындардың балға қарай ұшқаны секілді. Иә, құмарлық у қосылған бал іспетті. Мұндай адамдарды оттың айналасында шыр айнала ұшып жүріп, ақыр соңында сол отқа құлаған көбелектерге ұқсатсақ болады. Жәһәннамның айналасын қоршаған құмарлыққа ұмтыламын деп, өздерінің жәһәннамнан бір-ақ шыққанын байқамай қалады. Перделердің ар жағын біле алмағандықтан адамның тән құмарлыққа көзсіз ұмтылып, жәһәннам пердесіне зер-оқа боп тоқылған қызылды-жасылды түрлі қызықтар жылы тартып әкетеді[2].

Өмір жолдарының торабында бағыт-бағдар сілтеп тұрған Кісімен танысып, соның нұсқауы бойынша жүріп, жүрегі ақиқатты аңғарған адамдар жәннатты екі шетінен қоршаған жеккөрінішті нәрселердің мән-мағынасын ұғып, ешқашан оның сыртқы көрінісіне бола алданып қалмайды. Қайта олардың ар-ождандарында дән тәріздес жәннат бүршік жарып, олардың рух әлемін баурап алған. Басқа жандар жәннатты сырттан іздеп жүргенде, олар бейне бір жан-сарайындағы жәннатта жүргендей, рақатқа толы қуанышты күн кешуде. Алайда тіршіліктің жәннатын қалағандар жүректегі жәннатпен өмір сүргендердің бір сәтіне де фәни ғұмырында жете алмайды. Иман – ішінде жәннаты бар дән, күпір – ішінде жәһәннамы бар дән. Бұлар о дүниеде бүршік жарады да, шын мағынада жасыл жайлау жәннат пен жалын шашқан жәһәннамға айналады. Демек, мұсылман бұ дүниеде де жәннат өмірін сүруде. Бірақ тірлігі сырттай қарағандарға  ұнамсыз болып көрінуі мүмкін.

Жәннатқа жетуді көздеген  пенделердің кейбіреуі әрбір белесі бақытқа толы осы жолда кейде өзі ұнатпайтын дәрет, намаз, ораза секілді тәндік ғибадаттардан туған қиыншылықтардан тосылады. Зекет, садақа және басқа да салық түрлері тәріздес ауыр жауапкершіліктерден жүрегі шайлығады. Қажылық секілді дүниелік һәм тәндік сын сағаттарға төзімі жетпей, ақыр соңында осы ауыртпалықтар оған бейне бір аса алмас асудай болып көрінеді. Сондықтан да кейбірі дәрет пен намазға, енді бірі аштық пен шөлге, енді біріне келсек, мал-жан сүйіспеншілігіне, басқа бірі болса, бұлардың бірнешеуіне қатар дағдарып, таяқ тастам жерде тұрған жәннатқа жете алмай жолда қалады.

Иә, жәннат –  сан түрлі кедергілерден сүрінбей өткенде ғана қол жеткізуге болатын ғажайып әлем.   Адам қиялы жетпейтін шалқып толқыған түстер әлемі. Жәһәннам да – адам нәпсісін пайдаланып, тәндік сезімдерді арбайтын бір күндік ләззатымен осы фәни ғұмырдан жолай өтіп бара жатқан жолаушылардың алдынан күлімдеп шығып, иманы әлсіз жандарды бейне бір ғарыштағы қара құрдымдардай ұйығына үйіре тартып, тұңғиығында тұншықтырған түпсіз қасірет шұңқырлары.

Жәһәннамның әшекейіне көз сүзіп, сыртқы жылтырағын қызықтаймын деп жүріп, өзін сол шұңқырға тастаған, жәннатқа да тек сырттай көз тастап, оның ғажайып сый-сияпатынан бойын аулақ салған қаншама жан бар!

Ой салып қарасақ, негізінде жәннатты сезіп білгендердің оған ынтық болмауы, жәһәннамды танығандардың да оған жолауы мүмкін емес.

Ал енді Пайғамбардың  сөзіндегі қуат пен тылсым мазмұнға ой салып көріңізші! Өте ұзақ екі үлкен жолды (жаннат, жаһаннам) бақыты мен қасіреттерін, соның нәтижесінде баратын жердің қорқынышы мен қуанышын  айтып жеткізуде  өзіне тән өзгешелікпен осы үлкен мәселені бар-жоғы төрт-бес ауыз сөзбен түйіндеп берген. 

Біз тақырыпқа қатысы болғандықтан Пайғамбарымызға тиіс осы сөздердің әрбіреуі жарқыраған бір алмас екенін айтуды жеткілікті санап отырмыз. Болмаса, осыған ұқсас хадистердің шешендік өнер және тілдік тұрғыдан басқа да небір терең жақтары бар десеңізші?! Осы жағынан Аллаһ елшісінің қасиетті сөздерін зерттей түскенде, қаншама терең мағыналардың кенін тапқан болар едік! Бірақ бұл өз алдына бөлек тақырып.




[1] Бухари, Рикақ, 28; Муслим, Жәннәт, 1.
[2] Бұл мәселені Пайғамбарымыз былай түсіндіруде: «Мен және үмбетім от жаққан адамның мысалына ұқсаймыз. Көбелектер көзсіздікпен жанған отқа ентелейді. Мен оларды кері жасқап әлекпін. Ал сендер отқа ұмтыласыңдар».  (Бухари, Риқақ, 26; Муслим, Фәда’ил, 17-18; Муснәд, 1/39).

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.