17. Үш Хұқ: Аллаһ, мемлекет және дін хұқы

Имам Тирмизи жеткізген бір хадисте:
«Сендерге Аллаһтан қорқуды және басшыларың қара құл болса да, құлақ салып бағынуды насихат етемін. Ғұмыры жеткендер алда қилы-қилы талас-тартыстарға кезігеді. Сендер менің және жөн сілтеген халифалардың жолымен жүріңдер. Әрі осы жолдан азу тістеріңмен тіс-тегендей тастай қатып, айрылмаңдар. Бидғаттардан[1] сақтаныңдар. Сөзсіз, әрбір бидғат – адасқандық»[2]

Аллаһ елшісі үш ақиқат жайында айтып отыр. Біріншісі – тақуа. Ол – Аллаһтың хұқы. Екіншісі – құлақ салып, бағыну. Бұл да – мемлекет басқарушыларының хұқы. Үшіншісі болса,  сүннетті берік ұстау. Бұл – діннің хұқы.

Тақуа – «уиқая» сөзінен шыққан. Былайша айтқанда, ол жаратылыс заңдарының ұстанымдарына бағынып, Аллаһтың қамқорына кіру деген сөз.

Сіздерге басшы болып бекітілген адам, яғни, өздерің таңдаған, тағайындаған басшыларыңның шаштары бұйра қара құл болса да, оған құлақ асып бағыну шарт. Бұл – біз сөз етіп жүрген демократиядан да әлдеқайда кең жүйе. Адамдар ұзақ уақыт қол жеткізе алмай келе жатқан демократия жайында ол осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кеткен. Бірақ пайғамбар арқылы жеткен осы жүйені демократия деп айтуға да болмайды. Өйткені бүгінгі күннің демократия ұғымы әлі күнге дейін бұл белеске көтеріле алған жоқ. «Бүгін діндеріңді толық кемеліне келтірдім» (Маида, 5/3) мағынасындағы аятпен дін толық кемеліне жетіп аяқталған. Бұдан кейін айтылатын сөз де жоқ. Дінге қандай да бір жаңалық ене алмайды. Өйткені дінге кіретін әрбір бидғат – бір сүннеттің өлтірілуі деген сөз. Сол үшін де Аллаһ елшісі мен халифаларының сүннетін берік ұстау қажет. Оның сүннеті – бақыт құсы. Оны қолға бір түсіргеннен кейін қайта ұшырып алмауды ойлау керек. Мұнымен қатар, пайғамбардың сүннетін дұрыс насихаттау керек. Ал сүннетке тіл тигізгендерге тиісті жауап беріліп, олардың бұзық ойларының тарауына мүмкіндік бермеу керек.

Шама-шарқым келгенінше айтуға тырысқан бұл мәселелерді, сол сөз Сұлтанының өз аузынан естіп түсіну мүмкіндігіміз болғанда, ой-өрісіміз кеңейер ме еді, қайтер еді?! Оның әрбір сөзінде бойлай алмайтын терең мағыналар бар. Біз де сөз соңында растап «Аллаһ елшісі дұрыс айтты»  деп құптар едік және құптап та жатырмыз, құптай береміз де. 

Сөздерінің ғажайыптылығы сол – сәл алға басса, Құранның мұғжизалық көгіне көтерілер еді.




[1] Дінде жоқ, кейін ойдан құрастырылған нәрселер (ауд).
[2] Тирмизи, ‘Илм, 16; қараңыз: Ибн Мәжә, Муқаддимә, 6, Муснәд, 4/126-127; Әбу Дәууд, Суннә, 5.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.