4. Тахийр оқиғасы

Тахийр – Аллаһ елшісінің жарларының Пайғамбарымызбен бірге тұру, яки тұрмауына қатысты таңдау. Осы таңдау мәселесі тікелей Ақиық Пайғамбарға Хақ тағаланың әмірі арқылы берілген. Тақырыпқа байланысты аятта былай делінеді:
«Ей, пайғамбар! Жарларыңа айт: «Егер дүние өмірі мен оның қызығын қаласаңдар, келіңдер, сендерге мол дүние беріп, жарылқайын. Егер Аллаһ тағаланы, пайғамбарын және ақырет елін қаласаңдар, мынаны жақсы біліңдер; Аллаһ тағала жақсы қарым-қатынас жасағандарға үлкен сауап әзірледі» (Ахзаб, 33/28-29).

Шамасы, Пайғамбарымыздың әйелдерінің кейбіреуі жұпыны да ауыр тұрмыстарынан қажып: «Біз де өзге мұсылмандар тәрізді аз да болса жақсы ғұмыр кешіп, күніне бір уақыт сорпа ішсек болмай ма? Киімімізді түгендеп, жыртығымызды бүтіндеп, өзімізге қарасақ, оның несі айып?» – десе керек. Бір қарағанда, шариғатқа қайшы келмейтін мұндай тілектер жөн саналуы мүмкін. Алайда олар қияметке дейінгі барша мүміндердің шаңырақтарына үлгі-өнеге болатын отбасында ғұмыр кешуде еді. Бұл тұрғыдан Пайғамбардың жарлары қай жағынан алғанда да, қауымның негізгі тіректері болды. Сондықтан да оларға өзге мұсылман әйелдері секілді жүріп-тұруға болмайтын. Өйткені олар – «мұқаррабин», яғни аса дара жандар. Өзгеге сауапты, қайырлы іс-әрекеттер Аллаһ елшісінің жарларына күнәмен бірдей көрінуі тиіс.

Аллаһ елшісі мұны естігенде көңіл-күйі пәсейіп қалды. Олармен көріспеуге ант етіп, оңаша қалды. Болған жайт жұртқа лезде желдей тарап кетті. Барлығын мұң басып, мешітке жиналып, көз жастарына ерік берді. Өйткені Хақ елшісінің көңіліне тәп-тәуір кірбің түсірген кішкене мәселенің өзі мұсылмандардың да көңіліне қаяу салатын. Исі мұсылмандар Аллаһ елшісімен осылайша біртұтас болған.

Аллаһ расулының бұл іс-әрекеті «Иғла оқиғасы» деп те аталады. Осы жайтқа басқаша қараған адамдар да болды. Әбу Бәкір (р.а.) және Омар (р.а.) осы топқа жатады. Өйткені қыздары осы оқиғаға тікелей қатысты еді.

Суыт хабардай құлаққа жайсыз тиген осы жайды естісімен, хазірет Әбу Бәкір мен Омар да кідірмей мешітке келеді.

Олар Хақ пайғамбар құзырына кіруге рұқсат сұрап көріп еді, рұқсат берілмеді. Олар да өзгелердей мешітте демдерін іштеріне алып күте бастады. Алайда ол екеуі қол қусырып отыра бермей үшінші мәрте рұқсат сұрап, ішке кірді де қыздарын сұрақтың астына алды. Ұлы Жаратушының ақырғы елшісі алыстан бұларға қарап тұрды. Бар айтқаны: «Бұлар менен қолымнан келмейтін нәрсені сұрайды»[1], – деу ғана болды.

Алайда Құран оларға: «Ей, Пайғамбар жарлары! Сендер жай әйелдердей емессіңдер! (Ахзаб, 33/34) – деуде. Өзге жандар парыздарды өтеумен ғана ақыретте азаптан құтылуы мүмкін, бірақ қасиетті ақ ордада ауыр жүкті арқалап, ақиқаттың дәмін татқан жандар осы ұлы іске жан-тәнін пида етуі қажет! Пайғамбардың айналасы қандай да бір осалдық танытпауы тиіс. Иә, пайғамбардың жары болудың өзіне тән үлкен артықшылықтары бар. Сол себепті де олардың нартәуекелділігі де сондай үлкен және ауыр болмақ. Аллаһ елшісі оларға ең алдымен осы дүниеде ақиқаттан ауытқымай, таза өмір сүруді барлық үмбетіне өнеге ету мақсатында үйленген болатын. Ақыретке қатысты нығметтерді бұл дүниеде жеп бітіру (Ахзаб, 46/20) аятының тоқпағына душар болмасын деп, олар жайлы көп ойлап, қатты қорқып, қос жанарындай сақтауға тырысты. Сондықтан да пайғамбар шаңырағы таршылықтың тауқыметін тартты. Жарларының кейбіреуі ауыртпалықтардан белдері қайысып, қиналған кездерінде осалдық танытып, Пайғамбарымыздың көңіліне қаяу түсірді. Алайда олардың орны өзгелерден мүлдем өзгеше еді. Дәрежелеріне сай кейбір жауапкершіліктері де  ауыр болды. Иә, олар жұрт тәрізді күліп-ойнап еркін жүре алмайтын. Расында да, олардың үлкендері өмірінде бір-екі мәрте ғана күлген. Кейбіреулері өмір бойы тойына ас ішпей өмірден өтті...

Фузаил ибн Ияздың езу тартқанын ешкім көрмепті. Бірде оның күлгенін көріп қалған жұрт мұның себебін таңырқай сұрайды. Ол да күлуінің (негізі оның күлуі жәй ғана күлімсіреу) себебін: «Бүгін маған ұлым Әлидің өлгенін естіртті. Аллаһ тағала мені сүйеді екен деп сүйініп, сол үшін күлдім»[2], – деп түсіндіреді.

Үлкен кісілердің халі осындай болса, күллі үлкендердің үлкені һәм үмбеттің аналары болған Аллаһ  елшісінің пәк жарлары, әлбетте, дара әрі дана болуы тиіс.

Дүние мен ақыретте Аллаһ расулымен бірге болу анау айтқандай оңай шаруа емес. Аяттың меңзегеніндей, осы ерекше әйелдер ерік сынағына кірді. Аллаһ елшісі я оларға өзінің кедей, қырық жамау қара шаңырағын, я дүниенің көл-көсір дәулетін таңдау еркіндігін берді. Егер дүниені таңдаса, екі жаһан Сардары оларға қалаған дүние-байлығын беріп, қоя бермек. Жоқ, егер Аллаһ тағаланы және Аллаһ елшісін таңдаса, онда осы тұрмыстарына ризашылық білдіруі тиіс. Өйткені, бұл осы шаңырақтың өзгешелігі болатын. Осы өзгешелікке орай оның тұрғындары да айрықшалануы тиіс. Отағасының айрықша  жаратылған жан екендігі айтпаса да түсінікті. Олай болса, жары да, балалары да отағасы ұстанған барлық құндылықтарға сай ғұмыр кешуі қажет.

Ақиық елші, ең алдымен, Айша анамызды шақырып алып: «Сенімен бір мәселе жайлы сөйлескім келеді. Бірақ ата-анаңмен сөйлеспей тұрып, шешім қабылдауға асықпа», – деді. Сосын әлгі аталмыш аятты оған оқиды. Хазірет Айшаның жауабы дәл «сыддық» – шыншыл әкенің сыддық қызына жарасарлық жауап болды: «Пайғамбарым! Мен ата-анаммен бұл жайлы несін сөйлесем? Аллаһ куә, мен Аллаһ пен елшісін таңдаймын».

Одан ары қарай анамыз былай дейді: «Аллаһ елшісі қай әйелімен сөйлессе де, бәрінен бірдей жауап алды. Бұл мәселеде де ешкімде бұра тартатын өзгеше ой болмады. Мен не десем, олар да дәл солай жауап қатты..»[3].

Барлығының да сөзі бір жерден шықты. Өйткені бәрі де түгелдей Аллаһ расулымен етене араласып, бір адамға айналып кеткен-ді. Егер ақырғы Пайғамбар оларға: «Өмір бойы ораза ұстайсыңдар», – десе, бұған да қуана-қуана келісіп, төзімділік танытар еді. Задында, төзімділік танытты да. Шыдамдылық көрсетіп, осы ұзақ ұстаған оразаларының ауызашары Әзірейіл періштенің ұсынған өлім шәрбаты болды.

Оның жарларының арасында сарай өмірін көргендер де бар. Сафия анамыз (р.а.) – солардың бірі. Хайбарда әкесі мен ерін жоғалтты. Бұлардың екеуі де Хайбардың лауазымды кісілері болған. Сафия соғыс тұтқындарының арасында жүрген-ді. Абыройлы әйелге бұл қаза өте ауыр соқты. Аллаһ елшісін көргенге дейін, шамасы, дүниедегі ең жек көрген адамы сол болды. Бірақ оны көрісімен, өзгеріп сала берді[4]. Иә, ақиық елшінің құтты шаңырағында тоя ас ішпей осы бір ауыр сынақ өмірге төзе білген Сафия секілді сарайдан келген әйелдер де болды. Әрине, өзге әйелдер тәрізді олар да тіршілік тауқыметіне төтеп беріп, ыстық-суықты бірге бөлісіп жатты. Иә, Хақ тағаланың елшісі аса нәзік болмысымен олардың жан сарайларына терең бойлағаны соншалықты оның жары болудың жауапкершілігі  қанша ауыр болса да, онымен бірге болудан асқан мұрат жоқ болатын.

Сафия анамыздың нәсілі – яһуди. Әйелдердің бірі оның осы нәсілін көзге шұқып, оған: «Ей, яһуди қызы», – дейді. Ол осы жайтты Хақ пайғамбарға жеткізіп, мұңын шағады. Пайғамбарымыз болса, Сафия анамызды: «Тағы бір рет айтатын болса, сен де оған: «Менің әкем – Харун, көкем – Мұса, ерім де өздерің көріп жүрген – Мұхаммед Мұстафа. Ал, сен маған нендей ерекшелігіңмен мақтанбақсың?» – деп жауап бер»[5], – деп жұбатты. Сафия Аллаһ елшісінен осы жауапты естігенде, жабырқаған көңілі жадырап сала береді. Өйткені оның ері – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм). Шамасы, бұдан кейін әлгі айтылған сөздер оның аузынан түспейтін болса керек.

Сөз түйініне келсек, Аллаһ елшісінің отағасылығы тіл жетпес аса ғажайып құбылыс еді. Мұншама әйелдерді парасатпен басқаруы һәм барлығының аса терең сүйіспеншілігіне ие болуы, тіпті олардың жүректерінің сүйіктісі, ой-саналарының ұстазы, рухтарының тәрбиешісі болуы һәм осылардың бәріне көңіл бөліп жүріп, негізгі уазипасынан бір сәт те болсын қалыс қалмай, мемлекет пен қоғамдық істерді қалт жібермей түгелдей қадағалауы – оның пайғамбарлығының бір дәлелі. Егер басқа дәлел болмаған күннің өзінде тек отағасылығының өзі оның пайғамбарлығының ең үлкен айғағы болар еді.



[1] Муслим, Талақ, 34-35.
[2] Әбу Нуайым, Һилия, 8/100.
[3] Муслим, Талақ, 35.
[4] Мәжмәуз-Зәуәид, 9/252; Ибн Сад, Табақат, 2/108.
[5] Тирмизи, Мәнәқиб, 64.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.