3. Туралық пен жалған
Бухари, Муслим және Әбу Дәууд Абдуллаһ ибн Мәсудтан (р.а.) риуаят етеді:
«Сендерге туралық жарасады. Туралық адамды жақсылыққа, жақсылық жәннатқа апарады. Адам туралыққа бет бұрып, сол жолда жүруге бір мәрте ниеттенсе, үнемі тура сөйлеп, шындықты іздейді. Осылайша, ол адам Аллаһ алдында «турашыл» деп жазылады.
Жалғаннан сақтаныңдар. Жалғандық адамды жамандыққа, жамандық жәһәннамға сүйрейді. Адам бір қате жіберіп, өтірікке іліксе, үнемі өтірікті судай сапырып, ең соңында, Аллаһ алдында «кәззап»[1] болып жазылады»[2].
Туралық – пайғамбарлардың қасиеті, суайттық – кәпір мен екіжүздінің белгісі. Туралық – бүгінгі күн мен ертеңгі күннің іргетасы. Суайттық – замана бетіне жұққан қара дақ. Суайттықпен шат-шадыман ғұмыр кешіп, мәңгі бақытқа қол жеткізген бір де бір адам жоқ, ал мәңгілік бақытқа бастайтын турашылдықтың нұрлы жолына түскендерден бақытсыз болып сорлаған жанды кезіктірмейсің.
Жалғандық – күпірдің негізі, екіжүзділіктің ең ашық белгісі. Ол – Аллаһқа қарсы теріс пікір айту. Әсіресе, қазіргі таңда жалғандық кең етек алып, адамды бұзып, мына дүниені жалғаншылардың мекеніне айналдырған. Бұл – өте қорқынышты қоғамдық індет. Мұндай дертті елемей, оған отбасында, көшеде, базарда, мәртебелі салтанат сарайларында «емін-еркін жүріп-тұруына» мүмкіндік берген ешбір ел діттеген межесіне жетіп, бақытты бола алмаған және бола алмайды да.
Исламның ең маңызды негізі, иманның ең анық белгісі, Мұхаммедтік көркем мінездің ірге тасы, пайғамбарлар мен әулиелердің ең таңдаулы сипаты, дүниелік және рухани дамудың тұрақты жалғыз темірқазығы – туралық.
Бірі – періштелердің, бірі – жын-шайтандардың, бірі – Хаққа жақын құлдардың, бірі – қарғыс атқандардың; бірі – адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы болған Соңғы елшінің ең ерекше болмысы; бірі – тажалдардың сипаты.
Хадисте бір-біріне қарама-қарсы мағынада берілген сөздерден «бирр» сөзі – бүкіл жақсылықты қамтыған, өте кең, ауқымды терең сөз. Оны тура ой, тура сөз, тура ниет, тура қимыл және тура өмір секілді көптеген тақырыптың, тіпті барлық жақсылық атаулының қайнар көзі деп алуға болады. Екінші, «фужур» – жамандық атаулыны тегіс қамтитын, салихалы өмірден алыс әр түрлі азғын ой мен нашар қылықтардың бастауы дегенді білдіретін сөз. Бейне бір жәһәннам дақылындай. Иә, туралық пен жалған: Бірінен – мөп-мөлдір, пәк бұлақ екіншісінен – жәһәннамның заққум ағашының ащы жемісіндей ірің ағар.
Хадистегі «сыддық» – турашыл мен «кәззаб» – жалғаншы сөздері бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар. Алғашқысын адамның табиғатына айналған нағыз турашыл жан деп аударатын болсақ, екіншісіне табиғаты жалғанмен біртұтас «туа біткен жалғаншы» деп түсінген дұрыс. Екі сөз де әсірелеу тәсілімен берілген. Бірі – өзін туралыққа арнап, дұрыс ойлап, жөн сөйлеген, тура жүріп-тұрып, дұрыс жүрген адам. Оның бүгін болмаса да ертең сөзсіз жер мен көктерде және Хаққа жақындықтың рәмізі болатындығы; екінші бірі – өзін қулық пен сұмдыққа арнап, жалған ойлап, жалған сөйлеген, өтірікпен күн кешіп, жер жүзіндегі бүкіл жалғандық атаулымен ауыз жаласатын адам. Ол ерте ме, кеш пе, түбінде жалғанның бір «қызметшісіне» айналатынын меңзеген.
Бұл екі жол жәннат пен жәһәннамға барып тіреледі. Оның бірінде бақытқа кенелесің. Екіншісінде мәңгі-бақи азап тартасың. Бұл хадиске Пайғамбарымыздың туралығын айтқанда тоқталып өткенбіз. Біздің айрықша назар аударғымыз келген мәселе – туралықтың дүние мен ақыретке қатысты нәтижелерін, жалғанның жеке адамға да, қоғамдық өмірге де келтіретін зияндарын қысқа да нұсқа қанатты сөздермен Пайғамбарымыз ғана жеткізе алатынын айту. Оны жіліктеп шағып, талдап көрген адам аталмыш қабілеттің Аллаһ елшісіне ғана тән ерекшелік екенін аңғарады. Басқалар бұл мәселені жеріне жеткізе айтып бере алмайды.
[1] суайт
[2] Бухари, Әдәб, 69; Муслим Бирр, 105; Әбу Дәууд, Әдәб, 80.
- жасалған.