2. Адам деген жолаушы
Тағы да Тирмизи Ибн Омардан риуаят етеді:
«Дүниеде жат жұрттық адамдай ғұмыр кеш немесе жолаушыдай бол. Өзіңді (өлмей тұрып) қабір халқынан сана!»[1].
Бар-жоғы үш-ақ сөйлем. Десек те, осы үш ауыз сөз – зүһд пен тақуалыққа, дүние мен ақырет теңдігіне қатысты қайталанбас терең мағыналы сөздер. Бірақ бұдан басқа қанатты сөз ұшыратсаңыз, ол да соған тиісті екеніне күмәніңіз болмасын!
Адам – мына дүниенің қонағы. Бүгін бар, ертең жоқ. Мәулананың сөзімен айтқанда: «Адам – қамыстан жасалған сыбызғы тәрізді». Шын иесінен жырақтағандықтан үнемі сыңсып, мұңайып, көз жасын сығымдап өтеді. Оның зары ғұмыр бойы тоқтамайды.
Адам – жолаушы. Рухтар әлемінен басталған осы сапары: ана құрсағында жалғасып, дүниеге келеді, балалық, жастық шағы одан ары қарттық, қабір, содан соң жәннат немесе жәһәннамға дейін созылатын сан қырлы сапар. Бірақ адам өзінің жолаушы екенін терең сезіне ала ма екен? Өзін үнемі жолаушыдай сезінсе, аяққа тұсау осы дүниенің алдамшы қызығына алданбай, жазбай-жаңылмай, сапарын түзу жалғастырар еді ғой.
Адам өзін қабір халқынан санамаған соң, яғни, бұрынғылардың «Өлмей тұрып өліңдер»[2] деген өсиетін өмірде іске асырмаған соң шайтанның құрған торына түспей қайтеді?! Ішкі ар-ожданы мен рухын тірілткісі келген адам нәпсісін тізгіндеуі керек. «Бақыт – тәннің бабын табуда» деп ұғатындар нәпсіге құлдық ұрған тоғышар бейшаралар емес пе?
[1] Бухари, Риқақ, 3; Тирмизи ,Зуһд, 25; Ибн Мәжә, Зуһд, 3.
[2] Қараңыз: Әжулуни Кашфу’л-Хафа, 2/291
- жасалған.