ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ АДАМДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУІ ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ҰСТАЗДЫҒЫ

Пайғамбарымыздың кең мағынадағы ұстаздығын қозғамай тұрып, тақырыпты ашатын мына аятты қысқаша талқылап көрейік. Өйткені Аллаһ елшісінің қандай жағдайда және қай деңгейдегі адамдарды тәрбиелегенін білмей тұрып, оның тәлім-тәрбие берудегі шыққан шыңын толық түсіну мүмкін емес. «(Ол Аллаһ) үммилер арасынан өздеріне аяттарды оқып, оларды тазартқан әрі оларға кітап пен хикметті үйреткен бір пайғамбар Жіберуші. Алайда  олар бұрын ап-анық адасуда еді» (Жұма сүресі, 62.2).

Аяттағы кейбір жекелеген сөздердің мәні ерекше. Аятта Ұлы Жаратушының аты тікелей аталмай «Жіберуші» деп қана айтылған. Өйткені сол заманның адамдары Аллаһты білмейтін. Аллаһ тағала олар үшін құпия, жасырын еді. Олар қараңғы, бәдәуи, тағы мінезді болатын. Олардың жүректері Аллаһ тағала деген сөзден де мақұрым еді. Сондықтан аятта олардың ой-санасының түңлігі жабық, жүректерінің жартастай міз бақпайтындығы, сөз тыңдауға да лайық еместігі айтылады. Сосын «Уммилер» дейді. Олар – умми, сауатсыз болған. Кітап, ілім дегеннің не екенін білмейтін. Хақ тағаланы да танымайтын һәм пайғамбарлардан да хабарсыз еді. Осындай мейірімсіз, тасбауыр, опа-жақсылық күту қиын қоғамға ерік-жігері мықты, рухы өткір жүрегі түкті  жаужүректі жіберіп, Аллаһ тағала олардан небір кемеңгерлер мен данышпандар шығарған. Әлбетте, рухани өлшем тұрғысынан Аллаһ елшісі қараңғы адамдардың қатарына жатпайтын. Бірақ хат танымау тұрғысынан, уммилердің қатарынан еді. Бір жағынан алғанда, осылай болуы заңды да еді. Өйткені оның ұстазы – Аллаһ тағала болатын. Оны тікелей өз құзырына алу арқылы, жүйелі білім, арнайы тәлім-тәрбие алмаған пайғамбарын өзгелерден даралап, умми қоғамға болашақта ұстаз жасамақ еді. 

Пайғамбар аяттарды  түсіндіріп, сол арқылы тәрбиелеп, рухтандырып, оларды толық адам дәрежесіне лайық мүмін етуді мақсат еткен-ді.

Аллаһ елшісі келгенге дейін, адасу мен азғындықтан, Аллаһ оларды нашар қылықтардан тазартып, тәрбиелемек еді. Тәрбиеледі де. Иә, бұлардың барлығы умми пайғамбар арқылы жүзеге асты. Тағылымды кітабы – Құран болды. Бұл кітап кешегі жамағаттың адами құндылықтарын биіктеткені сияқты болашақ жарқын ұрпақты да ту биікке,  семсер-сеңгірлердің ұшына шығармақ. Қазіргі кездегі жаңаша көрінген  тың идеялардың барлығыуақыты келгенде тез өшпек. Құран ғана өз нұрын сөндірмей ұстамақ. Әлем көкжиегінде байрағы желбіреп, барлық ұрпақтар өздерін шырмаған шынжырлардың бұғауын үзіп, Құранға ұмтылатын болады. Талпыныстың алғашқы нышандары әлден-ақ көріне бастағандай... Әлемге көз салсаңыз, жығылмайтындай көрінген не бір қағанаттар іріген матадай бірінен соң бірі ыдырап жатыр. Ал Құран барлық ауыртпалық кезеңдерді басынан өткізгеніне қарамастан, маздап тұрған шоқтай сөнбек емес. Осылайша алып бір тәухид әлемі қайтадан жандануда. Мұншалықты зұлымдық пен нәубетті бастан кешіргеніне қарамастан, Ислами рух бойындағы шынайы тазалығы арқылы шартарапқа жайылып адамдардың шөліркеген жан сарайын Құранның кәусар-зәмзәмімен қандырып, көңілін нұрға малуда.

Иә, аяттың және бір қырына келсек, бұл кітаптың нұрлы аясында адамдарға нәпсіге тоқтамды үйретсін, адамдық құндылықтарды дәріптеп, толық адам болу жолдарын көрсетсін, өзі шыққан миғражға сүйреп, әркімге өз жүрегі мен рухының тереңдігінде миғраж жасатсын деп, Аллаһ тағала Пайғамбарына Кітапты үйреткен. Иә, оның үмбеті  адасқан, азғын адамдардың арасынан шықса да бұл осылай болған. Құдай тағала қаласа, көмірден алмас, тас пен топырақтан алтын жасайды. Айталық рухы көмірден қара адамдарды жарқыраған алмасқа айналдырды. Иә, сол дәуірдің «Алтын ғасырының алтын ұрпағы» әлі күнге көз қарықтырып келеді. Аллаһ тағала мұны бағалы бұйым зергері, кісітанығыш   Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолы арқылы жасаған. Осы тұрғыдан алғанда адамзатты кәміл адам шыңына шығарып, адами сеңгірдің ұшар басында тұрған бірден-бір тұлға – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) болған.

Одан кейінгі адамзат әулиелік арқылы тақуалық шыңдарының ұшар басына шықса да қай биікке табан тіресе де, онда Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) байрағының желбіреп тұрғанына куә болған. Қай жаққа қадам басса да, сол жерден хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өткенін байқап, «бәрәкаллаһ деп ризашылықпен тілек жаудырған. Бұдан кейін де осылай жалғаса бермек.

Пайғамбар тәрбиесінің түп мәнін тек нәпсіні тыю деп ұғыну қателік болар еді. Ол әлемдік тәрбие жүйесін әкеліп, барша жүрек,  рух және күллі ақыл мен нәпсінің тұғырын биіктететін  түпкі хабар ұсынды. Иә, Құранның әлемдік ақиқаттары осыны көрсетуде. Ол адамдардың ой-санасына жөн көрсетіп, ақылын ширықтырып, уахи арқылы ең асқар шыңға шығарды. Сосын кісі  тәрбиелеуде  ұстаз болып жүргендерді шаң қаптырып, олардың өзін асқақ ілімге қарай бағыттады. Жүректі де ынтық болған әлемдерге һәм сол әлемдердің жап-жасыл жәннат тәрізді бақтарында серуендетеді. Сондай-ақ адамдардың ішкі сезімдерін қолға алып, оларды көгершіндей қанаттандырып, ұшқыр қиялдың өзі жете алмайтын қияндарға қарай самғатады. Осылайша рух, жүрек, сезім арқылы көкке шығарған шәкірттеріне, сонымен қатар, экономикалық, қоғамдық, басқару, әскери, саяси, ғылыми салалардың барлық есіктерін айқара ашып, осы дүниеге шақырған шәкірттерін ең мықты басқарушы, ең таңдаулы экономист, ең сұңғыла саясатшы және ең мықты әскери кемеңгерлер етіп өсіретін хабарлармен келген. Иә, Ақырғы елші әлемдік дінмен келіп, бір жағынан экономика, бір жағынан, басқару, екінші жағынан, тәлім-тәрбие, тағы бір жағынан, құқықтық, т.б. дәрістер берді.  Ол әкелген хабарда бүгінгі өркениеттің барлық негізі қамтылған еді. Иә, бүгінгі күнді, яғни болашақты негіз етіп алатын адамзатқа ұсынылған осындай кең ауқымды тәрбиелік ұғымында саңылаудай ғана кемістік болғанда, оның келу мақсаты толықтай жүзеге аспайтын еді. Алайда ол: «Бүгінге дейінгі келген пайғамбарлардың қай-қайсысы да мына ғажап ғимараттың өзіне берілген жерін қалады. Бірақ осы ғимараттың ең соңғы қалған бір кетігі бос тұр еді. Жолай өтушілер «мына ғимарат қашан бітер екен» дейтін. Міне, соны бітіруші менмін. Менен кейін бұл ғимараттың ешқандай кетігі қалмайды»[1], – деп бізге астарлы ақиқатты меңзегендей... 

Құран Кәрім осы тақырыпқа қатысты Пайғамбарымызды растап: «Бүгін сендердің діндеріңді толықтырдым» (Маида, 5/3), – дейді. Яғни, бүгінге дейін келген барлық пайғамбарлар, әулие, асфиялар «мына ғимарат қашан толықтырылады» дейтін еді. Міне, сені толықтырушы етіп жібердім. Ендеше, сол ғимараттың бітпей қалған жерін сен аяқтайсың. Мен бұл діннен тек разы болып қана қоймай, барлығының жанын жай таптыратындай негізбен оны әсемдедім... »

Иә, Аллаһ елшісі кемістіктерді бүтіндеу үшін келген. Оның иләһи ілімінен кемшілік іздегендер оны өздерінің боскеуделерінен іздесе, әлдеқайда қисынды болар еді. Ол  толықтырушы һәм кәмілдендіруші еді. Барлық қыңыр-қисық нәрселерді түзеп, кем-кетігін бітеп, сол күнге дейінгі бітпей қалған жерлерін толықтыруы қажет болатын және солай етті де.


[1] Бухари, Мәнәқиб, 18; Муслим, Фәдәил, 20-23; Муснәд, 2/257, 398.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.