1. Құрандағы ескертулерден үзінді
Құран Кәрімде тікелей Пайғамбарымызға арналған ескертулер бар. Осы ескертулер сырттай қарағанда, оның исмәті мен күнәсіздігіне қатысты қате пікір тудыратындай көрініп, кейбір адамдар «қателік жіберілмесе, мұндай ескерту келмес еді» деп ойлауы мүмкін. Алайда осы ескертулер әсте қателік пен күнә жасағаны үшін емес, қайта күнә жасамауы үшін берілген. Пайғамбарымызға кейбір ижтиһаттарында ең жақсысын таңдау қажеттігі ескертілген.
Біз бұлақтың суы тұрғанда, кәдімгі суды ішіп, ескерту алғанымыз тәрізді, пайғамбарлар да кәусар тұрғанда, зәмзәм суды ішудің қателік екендігіне қатысты ескертулер алуы мүмкін. Біз аяғымыз тайып күнәға батқанымыз үшін (Аллаһ сақтасын) ескерту алсақ, олар көктерде қалықтап жүріп, орнын өзгерткені үшін ескерту алады. Сондықтан да қандай да бір пайғамбарды біздің өлшемдерімізге қарай бағалап, ол жайлы баға беруіміз дұрыс емес. Олар – сарайға алынып, Хақ құзырына бөленген жандар. Сыртта қалып, баққа да жақындай алмаған адамдармен қалай ғана бір болып, тең таразыланбақ? Сырттағылардың күлім қаққаны да садақа. Іштегінің аздап езу тартқаны да белгі болуы мүмкін. Иә, өлшемдер мүлдем өзгеше. Сондықтан Құран Кәрімде Пайғамбарымызға қатысты ескертулер де осы тұрғыдан бағалауды қажет етеді.
Бұл қандай ескертулер? Пайғамбарымыз мұндай ескертулерді не үшін алған? Енді мәселелерді кезекпен қозғап, ескертудей көрінген осындай сөздердің астарындағы ілтипат пен күнәдай көрінген амалдағы сауап пен ерекшелікті бірге талдайық. Ақырында, оған: «Абырой мен исмәтте де сенің теңдесің жоқ» деп исмәт тұрғысынан пайғамбарлығын жария етейік.
- жасалған.