Атаққұмарлық
Адам табиғатында көптеген жақсылықтардың дәнімен қатар кейбір хикметтер үшін жаратылған жамандықтың да негіздері бар. Мысалы, адал достық, шынайылық, жанқиярлық, ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж болмау сияқты жақсы қасиеттермен бірге көп адамдарда атаққұмарлық, даңғойлық, өзін көрсету сияқты жүректі өлтіріп, рухты сал қылатын жаман сипаттар да болады. Сондықтан да адамдармен қатынаста кейін-нен өкініп қалмау үшін, алдымен, олардың болмысының осы табиғи ерекшеліктерін де есепке алуымыз керек.
Әр адамның бойында табиғи түрде кездесетін атаққұмарлық пен даңққұмарлық, егер рұқсат етілген шеңберде қанағаттандырылмаса, мұндай сезімдерден арыла алмағандар өздеріне және жалпы қоғамға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Аузы-мұрнымызға дейін лықылдап келген кеселді тоқтатуға тырысу депрессия, апат, аритмияға жол ашатыны сияқты атақ пен даңқққұмарлық дертімен ауырғандардың осы кеселі емделмесе, өз арамызда бүлік пен қырғыннан қашып құтылу мүмкін емес.
Рухани толыспаған адамдардың нәпсісін қанағаттандыру жолындағы салыстырмалы түрде жамандық саналатын кейбір іс-әрекеті рухани бастауға соққы болып тиеді, алайда нәтижесінде кей жақсылықтарға себеп болып, жамандықтардың алдын алатындықтан, кейде олар «азырақ зиян» дәрежесінде, тіпті жақсылық болуы мүмкін. Иә, құлқыны тойымсыз әнші адамның ой-санасын улайтын әндердің орнына бір уақыт Жаратушыны еске түсіретін әннен, мәуліттен (Пайғамбарымыздың туылған күнінде айтылатын діни өлеңдер) бір үзінді айтып ішіндегі сұранысын қанағаттандыратын болса, оның зияны аз, тіпті кейбіреулер үшін пайдалы болуы мүмкін.
Шынайылық пен ықылас (бүкіл құлшылықтары мен істерін тек Аллаһ Тағаланың разылығын ойлап жасау) істелген істің рухы мен оны жасаушының сипаты болып табылады. Сондықтан орындалған қандай да бір әрекетті Жаратқан-ның құптауы кісінің оны шын жүректен, ешқандай қарым күтпей жасағандығына, істі орындаушының жүрегінде Хақ Тағаланың разылығынан басқа пиғылдың болмауына байланысты. Алайда адамдардың көбі ниетінде мұндай тазалық пен шынайылықтың шыңына қол жеткізе алмайды. Сондықтан мұндай адамдарға бойындағы жақсылық немесе жамандық жағына қарап, баға беріледі. Иә, көзбояушылығы мен алдамшылығы секілді жаман әдеттері басым болғанымен, олардың өзіміздің мұратымызға, қасиетті ой-пікірімізге және халқымызға зиянсыз кейбір істері бар. Олар орындайтын істерінде өз қарақан басының пайдасын бірінші кезекке қоюы мүмкін, әрдайым Хақ Тағаланың разылығын ойлай бермеуі, жіберіп алған кемшіліктеріне өкініп, көз жасын төгіп, тәубе ете алмауы да мүмкін, бірақ осыған қарап оларды толығымен имансыз, яки, тура жолдан алыс деу мүлде дұрыс емес.
Егер қандай да бір топ ішінде қызмет еткен адамдардың әрбірі бас-басына би болып, жолдастарымен бірігіп атқаратын істің бас-қасында бір өзі ғана көрініп қалғысы келсе, оған қарап басқалар да осындай ниетке барса, қоғамдық тәртіп бұзылады, барлығының астан-кестені шығып, анархия жайлайды. Нәтижесінде адамдар менмендігінің кесірінен қоғамда түрлі «жеке-жеке» қозғалыстар пайда болып, адамдар бет-бетімен кетеді, әрі басшылықтың қадір-қасиеті, ықпалы қалмайды.
Әттең, жүректер Ұлы Жаратушының бергенін және беретінін қанағат тұтып, жаппай Оның разылығын іздей алса ғой! Қолындағы сығырайған жарығын ғана медет тұтып, күннің жарқыраған сәулесінен теріс айналған, алысты көре алмайтын өзімшілдер әлі ұзақ уақыт бойы соқыраңдап, жарқыраған нұрлы есікті таба алмайтын шығар!..
- жасалған.