Еріншектік пен бейқамдық
Кез келген ұлы мақсат пен ақиқат осы жолда жүргендердің табандылығы, адалдығы және оны сақтау жолындағы ыждағаттылығы арқылы тіршілікке қабілетті, өміршең болып, қала берді жалпы адамзаттық мәнге ие болады. Керісінше, мұндай идеал қаскөйлердің әрекетіне төтеп бере алатын ақылды, шынайы, адал қолдаушыларын таппаса, ерте ме, кеш пе бір құлайды, әрі тарих беттерінен жоқ болып кетеді.
Ақпаған судың борситыны сияқты жатып ішер жалқаулардың да іріп-шіріп, жоқ болатыны сөзсіз. Жайбарақаттық пен бейғамдық – рухани өлімнің алғашқы белгісі және ескертушісі. Егер адамның сезімдері сал болып, өзінің осы жағдайына көндігіп, еті өліп кеткен болса, бұл ескертуді де естімейді, берілген белгіні де түсінбейді. Әрине, достарының ескертулерін де..
Жалқаулық пен тоғышарлық опасыздық пен мұқтаждыққа итермелейді. Жалқаулық пен керенаулыққа салынған өлі рухтар күндердің күнінде негізгі қажеттіліктерінің өзін басқалар жасап беретін дәрежеге дейін құлдырап, масқара болады.
Әйелдері мен отбасын құлай сүйіп, күзет орнын тастап кеткендер көбінесе тағдырдан таяқ жейді. Көзіне де, көңіліне де оттай ыстық ұясы жермен-жексен болып, кеше ғана көз алдында күліп-ойнап жүрген бала-шағасынан да айрылып қалып жатады. Шайқас кезінде батырларша ерлік көрсете алмаған Андалуссияның бір қолбасшысына анасының жазғыра айтқан сөздерінің терең мағынасы бар: «Қан майданда еркекше соғыса алмадың, ең болмаса, әйелдер сияқты жылай біл!»...
Адам өзгереді, әрі оның өзгеруі мен бұзылуы баяу жүзеге асатындықтан, өзінің қалай құлдырап кеткенін байқамай да қалады. Ол ол ма, кейде қайдағы бір түкке тұрғысыз абайсыздық, айталық топтан бір адым артта қалуы – оның өліміне себепкер болуы мүмкін. Алайда, мұндай жандар өздерінің жағдайын бірқалыпты деп алдаусыратып жүргенде, мұнарадай биік шыңнан терең шыңырауға қалай түскендерін де аңғара алмай қалады.
Пәнидің қызығы, дүние-мүлік пен бала-шаға – кезекті сынақтың бірі. Бұл емтиханнан сүрінбей өткен бақытты жандар – Хақ жолында қызмет ету сертін бір сәт ұмытпаған батыл, қайратты, табандылар.
- жасалған.