Сатқындық пен табандылық
Ақиқатты табу мен оған шынайы берілу қаншалықты маңызды болса, ақиқатты тапқаннан кейін оған тұрақтылық танытып, сол жолда табанды болу да соншалықты маңызды. Рухы ақиқаттың жарығымен нұрланған адам өзі таңдаған жолынан оңайлықпен таймайтыны анық. Ал құбыласын жиі өзгертетіндерге келсек, олар – ақиқатты таба алмаған бақытсыздар немесе берілген сыйдың қадіріне жете алмаған ақымақтар.
Жүрегін ақиқат мұхитының жағасына айналдырған бақытты жандар, мейірі қанбай, сол теңізден жағалауды ұрған шәрбат-толқынды сіміріп, «тағы бар ма?» деп жар салады. Олар – іздеуді тоқтатып, құбыласын тапқан және рухани кемелдікке жеткендер. Ал екі жағына жалтақтап, толқып тұрғандарға келсек, олар іздеу жолын білмейтін немесе іздеудің не екенін, табудың не екенін білмейтін аңғалдар. Шын іздегендер ғана іздегенін таба алады, тапқандар өз орнынан тапжылмайды, ал таптым деп ойлаған ақымақтар ғұмыр бойы бір жерден арқандалған аттай айналсоқтап кете алмайды.
Қандай да бір қызмет атқарып жүріп, бағдары мен әрекетін жиі өзгертетіндер өзіне сенімін жоюмен қатар ақиқат жолында жүрген жолдастарының да үмітіне балта шабады. Ерекше құлшыныспен алға басып келе жатқан жамағаттың ішінен бір адам саптан шықса, саптың қозғалыс ырғағы бұзылады. Сол секілді ұлы мақсат жолында жұдырықтай жұмылып, ұйымдасқан адамдардың қатарынан баз біреулер сынықтан сылтау іздеп сытылып кететін болса, оның бұл қылығы достарының жігерін құм қылады және жауының мерейін асырады.
Берген уәделерін жиі бұзып, жасқаншақтық танытқандар уақыт өте келе өзіне сенімін жоғалтып, бірте-бірте басқалардың ықпалына қалай түскенін байқамай қалады. Содан соң елдің көзіне шыққан сүйелдей болып, сүйкімі қашқан рухы сал осы сормаңдайлар өздеріне-өздері жат болып, қоғам үшін зиянды элементке айналады.
Пайда үшін ұсақ әрекеттерге барып, өз нәпсісінен аса алмаған пайдакүнемдер, мансапқұмарлар, даңғойлар және т.б. сол сияқтылар адамды әңкі-тәңкі ететін әлем-жәлем өмірден көкжиегімізді түнек тұмшалап, үрей дегбірімізді алып, ерік-жігеріміз тырп ете алмай сал болып қалғанда қайтер екен? Егер қазірдің өзінде ұсақ есептерге барып, нәпсісіне тәуелді болып қалғандар көрсеқызарлық көкжиегімізді қаптап, қорқыныш пен мазасыздықтың ерік-жігерімізге құлып салған күндерде не істер екен..?
Адамзат тарихы ержүрек жауынгерлердің қанымен алынған қамалдардың, қалалардың көбінесе бір сатқын мен қорқақтың оңбағандығынан басқа біреулердің қолына біржола өтіп кеткенін айғақтайтын мысалдарға толы. Кез келген халықтың тарихында мұндай мысалдар мың-сан, тіпті том-том энциклопедияларға да сыймайтын шығар.
Әй, ынсапсыз атаққұмарлық, имансыз нәпсіқұмарлық, опасыз ашкөзділік-ай!.. Сендерге бір рет жолап кеткен қаншама жүректер тасқа айналды. Қаншама жан сендердің күз лебіндей ызғарлы «саяларыңда» гүлдей солып, соңғы жапырағынан айырылды. Қаншама сәмбі талдай сымбатты да биік қаһармандар көлгір күлкілеріңнің кесірінен ғибадатханадан кетіп, сыраханаға байланды. Иә, сендердің дәм-тұздарыңды бір татқан батырлар әйелдің айтқанына көніп, айдағанына жүретін аянышты халге түсті, қаншама жастар сендердің жолдарыңда опат болды!..
- жасалған.