Зинаның залалдары туралы айтып берсеңіз?

Зинаның зияндарын айтып тауысу мүмкін емес. Зина – Жаратқан тиым салған істен адамның ләззәт алып, бойын құмарлыққа алдыруы. Ал егер адам діни тұрғыдан рұқсат етілген шеңберде (некелесу арқылы – ауд.) ләззат алса, ол зина болып саналмайды. Шындығында бұл дүниеде рұхсат етілген рақат пен ләззәттар адамды толық қанағаттандыра алады. Харам жасауға ешбір қажеттілік те, мәжбүрлік те жоқ. Зина атаулы Пайғамбарымыздың өңі түгіл түсіне де кірмеген. Өзге де пайғамбарлар секілді «исмәт» (күнәдан пәк болу) сипаты хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) де тән. Исмәт – күнә жасамау, харамға қарамау, одан мейлінше қашық болу деген сөз. Егер Пайғамбарымыздан мұндай осалдықтың титтей нышаны білінер болса, аяқтан шалуға ілік таппаған дұшпандары оны бетіне салық етіп, жер-жаһанға жария етер еді. Тырнақ астынан кір іздегендер «сиқыршы, ақын, сәуегей, жетім, кедей» деп қанша жала жапқанымен, дәл осы мәселеде оған күйе жаға алмады, жала жабуы да мүмкін емес. Себебі, бұлай жала жапса өздерінің күлкіге қалары белгілі. Өйткені ол ешқашан ар‑ұятына дақ түсірген емес. Аузынан бірде-бір дөрекі сөз шықпаған, өзіне айтылған былапыт сөздерге құлақ та аспаған.

Бірде яһудилер келіп: «Саған өлім!» дегенді меңзеп «Әс саму алайкүм», – дейді. Айша анамыз пиғылдарын дереу аңғара қойып: «Уә алайкүм сам!» (Өлім өз бастарыңа да келсін!), – деп жауап қайтарады. Пайғамбарымыз болса байыпты қалпын бұзбай, әдептілік сақтап: «Уа алайкүм» (сендерге де сол болсын), – деумен шектеледі. Сосын: «Айша, қатты кетпе, дөрекілік көрсетпе!», – деп ескерту жасайды. Хазірет Айша: «Уа, Аллаһ елшісі, олардың сізге не деп тұрғанын байқамадыңыз ба?», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Мен оларға сендерге де сол болсын!», – деп жауап бермедім бе?!», – дейді. Мінекей, осындай сәттерде де ол балағат сөзді аузына алмайтын. Бірде: «Көпшілік жерде аузына келгенін сөз қылып, зинаны әңгімелейтіндерді және былапыт сөз айтатындарды Аллаһ тағала жақсы көрмейді», – деген еді. Олай болса, мұндай сөздер оның аузынан қалай шықсын!?

Өкінішке қарай, қазір зина қатты белең алған кез. Ал зина тұтастай шайтанға қызмет етеді. Зинаның алдын алу жөнінде Ислам дінінің белгілеген өзіндік қағидалары мен ережелері бар. Иман келтірген адамдар осы қағидаларды басшылыққа алса, зинаның тұзағына ілініп, құрдымына кетуден аман болады. Алайда, Исламның осы негіздеріне арқа сүйемеген жағдайда адамдар ұршықтай үйіріліп, күнәнің иіріміне кетуі әбден мүмкін. Бір күні болмаса бір күні шайтанның осы қармағына мұсылман бауырларымыздың ілігіп кетіп, жолдан таюы ықтимал болғандықтан, бұл – алаңдататын мәселелердің бірі. Дүниеге бой алдырған қара ниетті пасық жандар жүрегіне иман нық орнықпаған кейбір албырт, аңғал жастарымызды қыз-қырқынға еліктірумен бұзуға барын салып бағуда. Кейбірін ақшамен арбаса, енді бірін атақ-даңқ арқылы басын айналдырады. Ал кейбіріне зина арқылы құрық салуда (мұндайдан бізді Аллаһ сақтасын!).

Ислам дінінің бұл мәселеге қатысты ұстанымы мынадай. Исламның үкімдері адамның жаратылысына, шама-шарқына сай. Мәселен, ашулану, қанағатсыздық, қасарысу, т.б. секілді мінездердің адам табиғатында бар екенін қаперге алады. Бұлар өз орнымен пайдаланған жағдайда ғана ізгіліктерге арқау болмақ. Алайда бұл қасиеттер орынсыз пайдаланылса адамды азғындыққа жетелейді. Сондай‑ақ Ислам діні адам бойындағы құмарлық сезімдерін де табиғи болмысы ретінде есепке алады. Өйткені құмарлық – адамның ләззәт алуы мен ұрпақ жалғастығы үшін алдын ала берілген иләһи сыйлық. Адам баласы осынау иләһи сыйды Жаратушының халифасы Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетінің көбеюі мақсатында қолдануы керек. Ардақты пайғамбарымыз: (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Үйленіңдер, көбейіңдер! Ақыретте мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын», – деген. Алайда, бұл мақтаныш оразадан, дәрет-намаздан жұрдай, күнәнің ошағы болып саналатын азғындаған мекендерде өмірін өткізген жандардың көптігімен емес, намазын оқып, құбылаға бет бұрған, жақсылардың айтқандарына құлақ салып, діннің ақиқаттарын жаятын адамдардың көптігімен мақтан ету мағынасына саяды. Сондықтан да адамдағы құмарлық сезімінің қасиетті сезім екендігін сенімді түрде айта аламыз. Өйткені, осы сезімнің нәтижесінде адамзаттың ең дара тұлғалары өмірге келіп, біздің мақтанышымызға айналған Пайғамбарымыз да (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осылайша дүние есігін ашқан.

Ислам өзге мәселелердегі секілді осы мәселеде де тепе‑теңдік орнатқан. Мұнда бастысы – күнәға жол бермеу. Мұның көптеген әдіс-тәсілдері бар. Үйлену солардың ең негізгісі болып саналады. Адам мүмкіндігі болса уақыты келген кезде көп кідірмей отау көтеруі қажет. Ал үйленуге жағдайы келмегендер Аллаһ елшісінің насихаты негізінде ораза ұстауы тиіс. Өйткені, ораза күнәлардан қорғайтын қалқан тәрізді. Алайда, нәпсінің қалауына айтарлықтай тойтарыс беру үшін оразаны оның иләһи асыл мұратынан ауытқымай тұту керек.

Мысалы, адам күні бойы аш жүріп, кешке тамаққа тыңқиып тойып алса және сәресіде тағы да сылқия тойып тамақтанатын болса, әлбетте оразаның шынайы сауабынан құр қалады. Өйткені, оразаның мақсаты – нәпсіні тежеу. Алайда құнары мол тағамдарды қажетінен артық тұтыну, нәпсіні тежеу былай тұрсын, қайта оны есіртіп жіберетіні белгілі. Ал дәл осылайша жөн-жосықсыз ішіп-жейтін жан ораза тұтқаннан еш пайда көрмесі анық.

Адам жай кездердің өзінде ішіп-жеміне, қалай тамақтанатынына баса мән беруі қажет. Аз жеу, аз ішу, аз ұйықтау – Исламның бұлжымас қағидалары. Пайғамбарымыз азқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, ал қалған үштен бір бөлігінің бос тұруын насихаттаған. Аллаһ тағала үшін ең жаман торсық – ас толы асқазан екенін де Пайғамбарымыз айтып кеткен. Олай болса, ауыз бекіткенде дәл осы өлшемдерді ұстануымыз керек.

Егер адам оразаның шарттарын дұрыс орындамай, «мен ораза ұстадым, бірақ ешқандай пайдасын көрмедім» десе, ол оразаның мәні мен маңызын түсінбегендігі.  Ораза сөзсіз пайдалы, бірақ әлгі адамның оған танымы жетіңкіремеуде.

Аллаһ елшісіне біреу келіп, бауырының іші қатты ауырып жатқанын білдіреді. Аллаһ елшісі оған бал шәрбатын ішкізуге кеңес береді. Әлгі адам ертеңінде келіп, бауырының іші кешегіден де бетер ауырғанын айтады. Пайғамбарымыз кешегі ақылын тағы қайталайды. Үшінші күні әлгі адам тағы келіп, күнделікті сөзін қайталағанда, Аллаһ елшісі: «Аллаһ тура сөйлейді, бірақ сенің бауырыңның қарны жалған сөйлейді», – деп жауап қайтарады. Оның бұл сөзінің хикметі бар екені анық. Науқас адамның сеніміндей ақау болған шығар. Адам бір нәрсеге іштей сенім білдіріп, ниеттенсе, ол у ішсе де шипа табады. Бір нәрсеге тұтастай назар аудару, соған толықтай сеніп тәуекел етудің маңызы зор. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) оразаны күнәлардан қорғайтын қалқан деп айтып кеткеніне қарамастан, ораза тұтқанымен күнәдан өз-өзімізді тежей алмасақ, бізде бір кілтипан болғаны. Алайда, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қашан да тура сөйлеген.

Сонымен қатар жаратылыс ерекшеліктеріне қарай құмарлық сезімдері от тисе лап ете қалатын қамыс секілді бірден тұтанатын адамдар да бар. Мұндай жандардың құмарлығы құйындай ұйытқып, бой бермей кетеді. Бәлкім, оразаның өзі мұндай жандарды толық тежей алмаса керек. Сол себепті ондай адамдардың кедей, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, дереу үйлендіріп, күнәға жол бермеген.

Ислам діні бір жағынан жастарға ораза ұстаңдар яки үйленіңдер деп насихат жасаса, бір жағынан қоғамды іштей кеміретін індеттерге қатаң ұстаным белгілеп, тиым салып, арнайы жазалар белгілеген. Қоғамдық індеттің алдын алу, сақтық шарасын кең ауқымда қолға алғандығы соншалықты, бір жерде бір жас адам төңірегіндегілерді жолдан тайдыратын істермен айналыса бастаса, оны дереу тыю үшін басқа бір жерге қоныстандыратын. Мәселен, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осындай бір әйелді нашар қылықтары үшін Мәдинәдан тысқары жерге көшіріп жіберген. Хазірет Омар (р.а) да бір жас жігіттің Мәдинадан кетуін талап етті. Ол: «Уа, Омар! Нендей күнәм бар еді?», – дегенде, ол: «Ешқандай күнәң жоқ. Бірақ сені қоғамның тыныштығы үшін Мәдинадан шеттетудемін», – деп жауап береді. Сондықтан да көз, құлақ және өзге де мүшелеріміз арқылы азғындыққа жетелейтін барлық нәрсені болдырмау қажет. Сонда ғана зина секілді азғындық пен жамандықтан толық құтыла аламыз. Қазіргі жағдайдың сын көтермейтіндігі анық. Пайғамбарымыз осы қауіпті жиі ескертіп: «Үмбетім  үшін ең қорқатын нәрсем – әйелден келетін бүлік», – деген екен. Және бір хадисте «Үмбетім үшін іріткінің ең қауіптісі – әйел іріткісі», – делінген. Нәпсіқұмарлықтың салдарынан тарихта көптеген елдер жермен‑жексен болған. Әсіре құмарлық Рим мен Византияның да түбіне жетті. Таңғажайып Андалусия[1] өркениеті де осының кебін киді. Әл‑Хамра сарайының моншаларындағы ұяттан жұрдай суреттерді көрген жан бұл сөзімді құптайды. Иә, өнерге балып азғындаған суреттер салу сол дәуірлерде ахлақтың қаншалықты құлдырағанын аңғартады.

Аллаһ тағала зұлымдық жасаудан пәк. Залымдар – Аллаһтың қылышы болса, Жаратқанның жазасы солардың қылышымен жүзеге асады. Сондықтан: «Залым – Аллаһтың қылышы, Аллаһ бір залымға екінші бір залымның қолымен жазасын береді, сосын Өзі ол залымның көзін құртады», – деген сөз тегін айтылмаған.

Аллаһ тағала Андалусия тұрғындарына залым Фердинандты[2] жіберген кезде олар әлдеқашан тәнқұмарлықтың құлына айналған болатын. Асылында өздері осынау ауа жайылған азғындықты ауыз-дықтауына болар еді. Бірақ салғырттыққа салынып, бассыздыққа қарсы күрес жүргізбеді. Сондықтан азғындап біткен жандарды тәубесіне келтіру үшін Аллаһ залымдарды жіберді.

Расында да зина – халықты іштен ірітетін қоғамдық індет. Селжуктер мен аббаситтерден кейін Осман мемлекеті де осы індеттің құрбанына айналған болатын. Алда кімдердің жермен‑жексен болатыны бір Аллаһқа ғана мәлім.

Қазіргі кезде осы тақырыпқа байланысты сан түрлі жалған теориялар бар. Егер де мұндай тұжырым-сымақтар кейбір бауырларымызды адастырмағанда біз бұл әнгімені ауызға да алмас едік. Бұл пікірлердің мәні түптеп келгенде мынаған саяды: зинаны болдырмаудың жолы – ер мен әйелдерді етене жақындатып араластыру. Осылайша ер мен әйел бір‑бірлеріне бойлары үйреніп, қоғамда зина індеті толықтай жойылады. Әрине, бұл барып тұрған сорақылық. Мұның сорақылығы сонда: бүгінде жастардың 50-60 пайызы осы жаңсақ пікірдің жетегінде кеткен. Оның үстіне, ғылым мен статистикалық мәліметтер жастардың алпыс пайызының ішімдік ішетіндігін дәлелдеп отыр. Ал ішімдіктің адамның құмарлық сезімдерін қоздырып, зинаға ұрындыратыны бесенеден белгілі. Осы уақытқа дейін жастарды зинамен азғыру мақсатында жоспарлы түрде әрекет ететін ұйымдарды әшкерелейтін толыққанды зерттеу жүргізуге ешкімнің батылы бармай отыр. Ішімдік пен зина – жас ұрпақтың қанына араласқан қауіпті вируспен тең. Әлгілердің ошағымызды ойрандап, шаңырағымызды ортамызға түсіру үшін ойлап тапқан қитұрқы әрекеттері, яғни ер мен әйелді бір-біріне етене жақындатып, нәпсіні қоздыру арқылы зинаны жоямын дегенге саятын бәтуәсіз, байыпсыз пікірлері теңіз суымен шөл басамын дегенмен бірдей. Теңіздің тұзды суы ішіңді одан сайын өртеп, керісінше кенезеңді кептірмесе, шөліңді қандырмасы анық қой.... Оның үстіне, тәнін жарқыратып, ашық-шашық жүруі адам ойының бұзылуына сеп болады. Жалаңаш тәндер мен былапат сөздерге еті үйренгендіктен, жатса да, тұрса да саналарында ұятсыз бейнелер көлбеңдеген жастар, өкінішке қарай, нәпсінің айдауымен әрі бұған заңның өзі жалпақшешейлік танытып отырғандықтан, зинақорлық дерті қоғамды жегі құрттай кеміруде.

Өзге де індеттер тәрізді бұл індет те бізге Еуропадан келген. Бірақ, Еуропаның географиялық жағдайына байланысты бұл індет ол аймақта климаты ыстық елдерге қарағанда айтарлықтай кең таралған жоқ. Сондықтан ешбір діни құндылықтарға сай келмейтін, ешқандай қасиетті кітаптарда көрсетілмеген, тіпті ақылға сыймайтын мұндай теорияны ғалымдар алға тартқанда еріксіз «ендігі жеткен жеріміз осы болды ма» дейсің таусылып... Егер білім ошақтарындағы ұстаздар әлгіндей идеяларды жақтаса, онда олардың өз елінің дұшпандарына көмектесіп, азғындықтың сойылын соғып жүргені. Сондықтан да мемлекет пен бүкіл халық жұдырықтай жұмылып, осындай іштен арандатушылармен жаппай күресуі қажет. Раббымыз елімізге және басқарушыларымызға парасаттылық нәсіп етсін! Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар идеологиялық мәселелерден аулақ болғанның жөні осы екен деп, зинаны қоғамдық індетке айналдыруды тіпті үдете түсті. Алайда, шығыстағы мұнафықтардың өзі жастарды коммунизм идеологиясына тарту үшін бастапқыда әйелдер мен еркектерді бір моншада шомылдырғанын екінің бірі біле бермес. Ал енді кейбіреулердің коммунистер мен анархистердің жолымен жүріп, сол арқылы жақсылыққа тәрбиелейміз деуі барып тұрған надандық пен адасушылық. Біз болсақ, бар болғаны олардың тезірек ақылға келіп, бұл адасушылықтан айығуын тілейміз.

Мұсылмандар өз өмірінде осы мәселеде мейлінше қырағылық танытуы қажет. Өйткені, біз сөз етіп отырған ылапыт, ылық әдеттер жүрегін жаулап, санасын улап, Құранда айтылғандай «жүректерін тот басқан»[3] бейбақтар ақ пен қараны ажырата алмайтын бейшара халге жетеді. Күнәлардан жүрегі қарайып, бойын құмарлық меңдеп алған адамда ақиқатқа деген құлшыныс пен іңкәрліктің болуы мүмкін емес.

Демек, зинаға қарсы тұрудың түрлі-түрлі жолы бар. Алғашқысы: әрбір адамның жеке басын алып жүруіне қатысты, яғни үйлену, ораза ұстау немесе басқа да құлшылықтар арқылы өзін зинадан сақтауы. Екінші жағы тұтас қоғам мен мемлекетке қатысты. Ұлт болып ұйысып, мемлекет болып зинақорлықты түрлі жолдармен насихаттап, жат елдердің тапсырмасы бойынша арандатушылық әрекеттермен айналысып жүргендерді әшкерелеп, толықтай жою қажет. Елдің құздан құлап, жылымға кетуін қалайтын жымысқы күштердің мысық тілеуіне тойтарыс беру – әрбір саналы азаматтың парызы. Құранда осындай қара ниеттілер туралы: «Мұсылмандар арасында азғындықтың жайылуын қалағандарға ақыретте ауыр азап бар. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер?»[4], – делінген.

Біз осы қара ниетті арандатушы күштермен күресуіміз қажет. Жеке басымыздың да, қоғамның да бақытқа бөленуі тікелей осы күреске байланысты екенін ұмытпауымыз керек.


[1] Орта ғасырлардағы Испанияда өркендеген мұсылман мемлекеті
[2] Фердинанд ІІ Арагон немесе Фердинанд V Католик (1452-1516) –  біріккен Испанияның тұңғыш королі. 1480 жылы инквизацияның отын тұтатты. Осы кезеңде еврейлер және маврлар (мұсылман арабтар) аяусыз өлтірілген яки жер аударылған..
[3] «Мұтаффифин» сүресі, 14
[4] «Нұр» сүресі, 19

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.