Бұл дүниеде Аллаһ бізді нендей нәрселермен сынайды? Бірлік пен ынтымаққа селкеу түсуі арқылы сыналуымыз мүмкін бе? Сахабалар бір-бірлерімен сынаққа түскен бе?

Қасиетті Құран Кәрімнің бір аятында: «Біз олардың кейбірін өзгелерімен сынадық»[1], – делінген. Демек, адамдар өзара бір-бірлері арқылы сыналады. Бұл мәсәлені қарастыру барысында бірнеше жайттарды ескеру керек.

Біріншіден, адамдар арасынан бір пайғамбар шығады да бұл жағдай өзге адамдар үшін сынақ болып табылады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жіберілуінде де осындай жағдай болған. Мысалы, сол заманда кейбір адамдар «Тайыфта Мәсғұд ибн Ұруә, ал Меккеде Уәлид ибн Муғирадай пайғамбарлыққа нағыз лайықты адамдар тұрғанда өзі кедей әрі ешкімі жоқ Әбу Тәліптің жетімегі қалай пайғамбар болмақ?» немесе «Құрайыш тайпасы қанша жерден текті болса да, қазір оның беделі төмен. Сол себепті пайғамбар ең іргелі тайпадан келуі қажет. Сонда ғана тайпасы оны қорғай алмақ», басқа бір жерде: «Сондай-ақ біз сияқты ас ішіп, аяқ босататын, базарда жүретін өзіміз секілді пенде өзін пайғамбармын деп айтуға қалай аузы барады? Ондай кісі періштедей болуы керек емес пе?», – деп, тілдерінен тауып, сынақтан сүрінген.

Кейбір адамдар үшін бұл сынақ әлі де жалғасуда, олар: «тоғыз әйел алған адам қалай пайғамбар болады?» деп санасы сайран, ойы ойран. Осы тәрізді күдік-күмәндардың барлығы байқасаңыз, бір арнада тоғысады әрі адамдардың барлығы бір-бірлерімен сыналуда...

Адамның дүниеге келуінің өзі – сынақ. Осылайша кіршіксіз таза жандар асыл тастардың жай топырақтан еленіп барып алынатыны секілді жамандардан іргесі ажыратылады. Осылайша шайтанға ергендер мен періштедей пәк таза рухтар бір-бірінен бөлектеніп, сұрыпталып, жаратылыстың басты мақсаты жүзеге асады. Егер мұндай сынақ болмағанда рухы асыл тастай қадірлі Әбу Бәкір мен жаны көмірдей қара Әбу Жәһіл бірдей боп, бір дәрежеде қалар еді. Иә, егер мұндай сынақ болмағанда адамзаттың асыл тәжі хазірет Мұхаммедтің інжу-маржандай асыл болмысы толықтай танылып, күндей жарқырап көзді шағылыстырмас еді...

Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) адамдарды кенішке ұқсатқан. «Жахилиә»[2] кезеңінде ізгі жақсы атанғандар, мұсылмандықты қабылдағаннан кейін де сол қалпынан  таймайды; мұнда ең бастысы – діннің рухын терең түсіну. Ислам рухы мықты, парасат‑пайымы биік тұлғаларды өз байрағының астына жинап, өз қазанында қайнатып, ерітіп түрлендіреді, сосын оларды өздерінің асыл болмысымен, Аллаһ тағаланы өзінің рух айнасында тамашалайтындай өзіндік қадір-қасиетіне қауыштырады. Кеніштердегі металдар әрдайым өзіндік ерекшелігін бұзбай сақтайды. Мәселен, алтын сол алтын, күміс сол күміс және мыс сол мыс күйінде қала береді. Бар болғаны, бұл металдар топырақтан ажыратылып, өзінің саф күйіне келеді. Ал сынақ болса, адамның саф болмысын шаң-тозаңнан тазартып, әрбір адамды өз болмысындағы қарым-қабілетінің шыңына шығарады.

Екіншіден, шайтан кейбір жаман әдеттерді әшекейлеп, әдемілеп көрсетіп, ойламаған жерден омақастырып, адамдарды алдай алады. Шайтанның тұзағына түскендердің арасында рухани кемеліне келген жандар да болуы мүмкін. Жақсыны жаман, жаманды жақсы етіп көрсетуге болатын көптеген алдамшы нәрселер бар, міне осының барлығы шайтанның тұзақтары. Сондықтан Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шайтанның осы қылықтарын көрсетіп, оны «мүзәйиән» – күнәларды безендіріп көрсетуші деп атаған.

Сондай-ақ нәпсі мен шайтани рухтар да адамдағы бәсекелестікті қоздырып, оны бақай есеп пен бақталастыққа айналдырып жібереді. Біз кейде осымен де сыналамыз. Тіпті дін үшін қызмет ету барысында да адамдардың әу баста бір-бірімен жақсылықта жарысуына арқау болған сезім кейін бақталастыққа айналса, бұл да бір сынақ.

Мәселен, қандай да бір жанның халықты иманға шақырудағы жұмсаған қажыр-қайраты және оның нәтижесі өзгелерден артық болуы мүмкін. Солай болды екен деп өзгелер әлгі жанды көре алмаса, онда олардың ауыр сынаққа душар болғаны.

Аллаһ тағала бір аятта: «Сөзсіз сен адамдарды тура жолға бастайсың»,[3] –  десе де, басқа бір аятта: «Сен қалағаныңды тура жолға жеткізе алмайсың. Бірақ Аллаһ қалағанын тура жолға салады»,[4] –  делінген. Демек, тура жолға салушы  –   Аллаһ тағала ғана. «Мүршид» (адамдарды тура жолға бастаушы) адамдарға Хақтың даңғыл жолын ашып, шырақ жағып, нұрландырады. Адамдар осы жолмен жүріп отырып, ақиқаттың ауылын адаспастан іздеп табады. Алайда, жүрекке иман ұялату тек қана Аллаһ тағалаға қатысты жайт болып табылады. Иманға келу яки келтіру біздің еркімізге берілмеген...

Мәселен, Аллаһ тағала бір адамға шешендік пен ділмарлықты нәсіп етсе, ол адамның Құран мен иман ақиқаттарының білікті маманы болуға барлық мүмкіндігі бар. Алайда, келесі біреу оның осы қабілетін көре алмай, «неге маған да осындай қабілет берілмеді?» деп арызданар болса, міне ауыр сынақ деген осы әрі мұның соңы жақсылыққа апармасы анық.

Бүкіл пайғамбарлар – Аллаһтың таңдаулы ұлы құлдары. Солай бола тұра, Қасиетті Құранда: «Пайғамбарлардың кейбірін кейбірінен жоғары еттік», делінген. Демек, Жаратушының кейбір пайғамбарларға ерекше қасиет бергені соншалықты, өзге пайғамбарлар онымен қай жағынан да тең келе алмайды. Алайда, жалпылай алғанда пайғамбарларға айрықша игіліктер берілген және ешбір игілік мұнымен салыстыруға да келмейді. Әрі бір пайғамбарға нәсіп болған артықшылық өзге пайғамбарлардың пайғамбарлық қасиетін ешқашан төмендетпейді.

Иә, жоғарыда атап өткендей, шағымдану яки бақастық мақсатында айтылатын «неліктен, неге?» секілді сұрақтарды көбейте беруге болады. Неліктен дінге одан да жақсы қызмет ете алмаймын? Неге одан көбірек қайыр-садақа беріп, дінге демеушілік жасай алмадым? Неліктен жұртшылық оны маған қарағанда көп тыңдайды? Бұдан басқа да «неге» мен «неліктендер» жеткілікті. Негізінде мұның әрбірі – ауызбірлік пен ынтымағымызға бағытталған жеке соққылар.

Аллаһ тағала иман келтіргендерді әу бастан осындай «неліктен» және «неге» тәрізді ахуалдан сақтануды ескертіп, қарама-қайшылыққа түсетін барлық жолдарды әуел бастан жабуды ескертеді, Құранда: «Аллаһқа әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда алауыздықтан әлсіреп, құттарың қашады. Расында Аллаһ сабырлылармен бірге»[5]  деп бұған тыйым салынған.

Аят мұсылмандарға мынадай насихатты меңзейтіндей: «Өмірлік һәм рухани мәселелерде әсте жанжалдаспаңдар! Әркез ауызбіршіліктеріңді сақтап, ортақ құндылықтарды басшылыққа алып жұмыла әрекет етіңдер! Қызғаныш пен көреалмаушылыққа еріп, құрдымға кетіп жүрмеңдер! Әйтпесе іс-әрекеттеріңнің ешбір нәтижесі болмайды. Күш-қуатыңыз әлсіреп, зиянға ұшырайсыңдар!

Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас, жеке-дара кеткеннің сауабы да әр жерден түтілген жүндей мардымсыз болмақ. Ал ынтымақпен жасалмаған істерге Аллаһ  соның мөлшеріндей ғана сауап жазбақ. Осылайша бірігіп тізе қосқан әрбір адам жамағаттың ортақ сауабына кенелмек.

Иә, әрбіріміз жеке-жеке ғибадат жасап, жақыннан дорбалағанша, тұтас жамағат боп қол жайып тілек тілеп, жамағат болып жұмылып, алыстан арбаласақ, Аллаһ тағала әрбірімізге таудай сауап жазбақ, ал бөлек кетсек мұндай сауапқа жеке адамның қол жеткізуі мүмкін емес. Адамның оңаша сәті тек өз отбасымен ғана шектелуі тиіс. Алайда, жүректер бірге соғып, адамдар қандай да бір істі жұмыла көтерсе, көптің түкірігі көлге айналады. Мұндай кісі қызығарлық ауызбірліктің арқасында сан мыңдаған адам көк аспандай алып күмбездің астын паналағандай бола отырып, олардың әрбірі мыңдаған адамның күшіне ие болып, сырттан келетін зияндардан қорғанады. Адамның өз бетінше, өз қорғанышын өзі жасаймын деуі алып күмбезден бас тартып, алақандай қол шатырды медет тұтумен тең. Осы тұста: «Қандай болсаңдар солай басқарыласыңдар» деген ақиқатқа көзіміз жете түседі. Осылайша осы ақиқатты елемеудің салдарынан қаймақтай ұйыған біртұтас ел ашыған сүттей іріп, ырду-дырдуға түспек.

Қоғам ізгілікке тұнып, Аллаһ тағаламен байланысын берік ұстаса, онда басымызға бақ қонып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хазірет Әбу Бәкірге айтқанындай, егер біз екеу болсақ – үшіншісі Аллаһтың өзі болады, ал үшеу болсақ төртіншісі Аллаһ, төртеу болсақ бесіншісі, алтау болсақ, алтыншысы Аллаһ тағала болмақ. Оның үстіне Аллаһ өзіне дос болғандарды қорғайтындығына уәде бермеп пе еді?!.

Егер біз тіпті екі-ақ адам болған күннің өзінде бірігіп әрекет етпесек, Аллаһтың көпшілікке деген ерекше шарапатынан мақұрым қаламыз. Яғни ешқашан да Аллаһ тағала екеудің үшіншісі болып бізге қолдау көрсетпейді. Бұл мәселеде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару аса маңызды. Яғни ауызбіршілікте болып, тізе қосқан жандардың керегесі кең, шаңырағы биік, іргесі мықты үй тәрізді, мұндай адамдардан тұратын қоғам да берік болмақ. Осылайша Аллаһ тағала мұндай қоғамды желеп-жебеп, көк аспандай алып күмбез секілді иләһи қорғанына паналатады. Ал дер кезінде мәселенің байыбына бара алмаған жекелеген адамдар түбінде қолшатырдай болмашы қорғанышын тастап, иләһи қалқанды паналамақ.

Иә, көпшілікпен бірге болудың маңызы зор, ол тура жолдан таймаудың да ең үлкен кепілі. Қандай да бір адам айдалада ақ отау, аузы‑мұрны жоқ отау оңашаланып, өмір сүрсе яки тау басында ғұмырын оңаша өткізсе, күндіз-түні намаз оқып, ораза ұстаса да, қолына тиген барлық мал-мүлкін жан-жаққа садақа етіп таратып, қажылыққа барып, қара тасты (қағбадағы жәннәттән түскен тас) сүйіп, көз жасын төксе де, Қағбада, Раузада[6] жай сауаптан мың есе келетіндей мол сауапты иеленсе де, Аллаһ тағаланың оған деген шарапаты жеке адамға лайықты көлемде ғана болады.

Ал кісі қашан «барым да, малым да халқым үшін» деп ғұмырын халқына арнаса және осындай ізгілік жолындағы күресін жеке-дара емес, көппен бірігіп жүргізсе, сонда Аллаһтың рақымдылығы мен шарапаты ол адамның ниетіне қарай сол көптің көлеміндей молынан тиеді. Құран Кәрім хазірет Ибраһим туралы айтқанда: «Ибраһим жеке өзі бір үмбет еді»,[7] –  дейді. Мақсат-мұраты өте биік болғаны үшін ниетіне қарай Аллаһ тағала Ибраһим пайғамбарды (а.с.) жалғыз өзін бір үмбет ретінде қабылдаған.

Ұлы мақсат жолында күш-жігерін біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауызбіршілік көрсеткен қауымға Аллаһ тағаланың шарапаты да соғұрлым мол болады.

Мұсылман адамның мақсат-мұраты қашан да асқақ. Дегенмен, адамдар бір-бірлерімен сынаққа түскенде көбіне одан сүрініп жататындығы белгілі. Кейбір адамдар өзінің болмашы жеке мүддесі үшін көптің мүддесіне зиянын тигізеді. Дүйім жұрттың басын біріктіретін қағбадай қасиетті алып тас тұрғанда шағыл тастай болмашы ғана жеке тұлғасының мәселелерін жоғары қойып, бірлесудің жолында кесе көлденең келіп, кедергі болады. Ал бұл кез келген сәтте басымызға бақ болып қонатын иләһи нығметтерден мақұрым қалуымызға сеп болар бірден-бір жайт.

Бұрынғылар «көрген қиыншылық, тартқан азап пен қайғы-қасірет қаншалықты үлкен болса, оған сабыр ету соншалықты өсіп-өркендеуге себеп болады» деуші еді. Басқаша айтсақ, материалдық-рухани өркендеуіміз, дамып жетілуіміз түрлі қиыншылық пен дағдарысты бастан қалай өткергенімізге тікелей байланысты. Бір тұқым бүршік жарғанға дейін қаншама қиыншылықтарды бастан өткереді десеңізші, қалай жарылады, топырақты қалай тесіп шығады, күн сәулесін көруге қалай дайындалады?... Бұл мысал не нәрсенің де пайда болу барысындағы тіршілік үшін жанталастың қаншалықты күрделі және ауыр екендігін көрсетеді.

Раббымыз бізді шарапатына бөлеген  сайын сынақтар да ауырлай түседі. Егер Ол дарқандығымен бізді Өзіне дос қылатындай қадірлі мәртебеге жеткізуді мақсат-мұрат етсе, мұны жаңсақ жорып, әсте өзіміздің жеке қабілетімізден деп ұқпауымыз қажет. Мұның барлығын Аллаһтың шарапатына балап, солай бағалауымыз керек. Иә, жақсылық пен игілік өткінші. Ал біз болсақ, бұларға айрықша мұқтажбыз. Біз саяқ жүріп, осынау жақсылықтарға лайықты бола алмаймыз. Осынау игіліктер су бетінде күн сәулесінің шағылысқаны тәрізді сусып қана өтіп жатқан дүниелер. Біз ақ жауындай толассыз құйып тұрған нығметтердің барша халыққа ортақ екенін бір сәт те естен шығармауымыз керек. Ешбір жан мұны өзіне ғана тиесілі дей алмайды және бұл мүмкін де емес.

Үшіншіден, дүниқоңыздық та мұсылмандар арасына сызат түсіретін сынақтардың бірі. Әсіресе, саясаткерлер арасындағы дау-дамайлар осындай теріс пиғылды жеке бас мүддесінен туындап жатады. Қандай да бір мансапқа қол жеткізуді екінің бірі армандайды, сол себепті билікке таласудың салдарынан көбіне ауызбіршілік алауыздыққа айналады. Алайда атқарылған әрбір іс пен жанкештілік ішкі бақай есеп үшін емес, Аллаһтың разылығына бөлену мақсатымен жасалуы қажет. Қаншама адамның басын қатырып, жүйкесін тоздырып, араздастыратын осынау сынақтан сүрінбеудің жолы да тек Аллаһ разылығын мақсат-мұрат етіп қоюда жатыр.

Қойылған сауал ынтымағымызға сызат түсіруі мүмкін бір-біріміз арқылы сыналуымыз жайлы болғандықтан, жауап та сұрақ шеңберінде болды ғой деген ойдамыз. Ал, жалпы адам баласының басынан өтетін сынақ түрлерін айтып тауысу мүмкін емес. Мұнымен қоса сахабалардың бір-бірімен сынаққа түсіп‑түспегендігі турасында да сұралған болатын. Ендеше осы тақырыпқа да тоқтала кетейік.

Мұндай сынақтың сахабаларды да айналып өтпесі белгілі. Олар рухани тұрғыдан ең биік шыңдарды бағындырғандықтан, сынақтың да ең ауырына тап болды. Әсіресе, пайғамбарымыздан кейінгі кезеңдерде басқару мәселесіне қатысты түрлі көзқарастардың белең ала бастауы нәтижесінде олардың өте ауыр сынақты бастан өткізулеріне тура келді. Дегенмен, осыншама ауыр сынаққа қарамастан, ешбір сахаба туралығынан таймады. Қылыштар қынынан шыққан сәттердің өзінде өзінің қателігін түсінген сахаба дереу ниетінен бас тарта білді.

Мәселен, Айша анамыз (р.а.) Әлиге (р.а.) қарсы жасақталған әскердің құрамында болып, қақтығыс алдында Әлимен кездеседі. Әли (р.а.) жылдар бұрын Аллаһ елшісінің өз әйелдерінің бірі қателесетіндігіне қатысты айтып кеткен сөзін оның есіне салады. Айша анамыз мұны есіне түсіріп, өзінің ағат кеткенін түсінісімен дереу райынан қайтқан еді.

Зүбәйір ибн Әууам мәрт әрі ержүрек адам болатын. Мұсылман болған кезде небәрі тоғыз жасында-тұғын. Немере ағасы оны шиге орап, сыртынан от қойып, дініңнен бас тарт деп азаптайтын. Мұншалықты ауыр азап оны дінінен бас тартқыза алмады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Әрбір пайғамбардың бір «хауарисі» (көмекшісі) бар. Менің «хауариім» Зүбәйір ибн Әууам», – деп, оның осы батырлығына назар аударған. Зүбәйір (р.а.) Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) немере әпкесі Сафияның баласы еді. Міне, бір күні осы атақты сахаба мен Аллаһ елшісінің көкесінің ұлы Әли (р.а.) Мәдина көшелерінде бірге жүрген болатын. Осы кезде алдарынан Аллаһ елшісі шыға келеді. Бір-бірлерін осыншама қатты жақсы көретін осы екі жастың болашақта қалайша бір-біріне қарсы шығатынын Хақ тағала пайғамбарына көрсетеді. Аллаһ елшісі хазірет Әли мен Зүбәйірге қарап: «Зүбәйір, күндердің күнінде сен Әлиге қарсы шығасың. Бірақ, мұның қателік болады!», – дейді.

Содан көп жылдар өтеді. Зүбәйір (р.а.) өзіне айтылған осы сөзді ұмытып, бір күні Сыффинде (Арабиядағы жер атауы) Әлидің (р.а.) қолымен қақтығысқа түседі. Қақтығыс барысында Әлимен бетпе-бет кездесіп қалады. Екеуі де қылыштарын қындарынан шығарады. Дәл осы кезде хазірет Әли оған: «Атыңнан түс, саған айтарым бар», – дейді. Сөйтіп жылдар бұрын Аллаһ елшісінің айтқан сөзін есіне салады. Аллаһ елшісі хабар берген күннің дәл осы күн екенін баса айтады. Осы жәйтті Зүбәйір сонда ғана есіне түсіріп, не істерін білмей дал болады. Сөйтіп дереу қылышын қынына салып, тәубеге келіп, Әлиді құшақтап, кешірім сұрап, соғыстан бас тартып, кері қайтады. Алайда, бір жауыз оны ту сыртынан көздеп, шейіт қылады. Сосын оның басын кесіп, Әлидің шатырына алып келеді. Әлгі жауыз үлкен сый-сияпат күтіп келген болатын. Бір адам осы жағдайды Әлиге (р.а.) жеткізген кезде ол көз жасына ерік беріп: «Зүбәйірді өлтірген адамның тозақтық екенін жеткіземін. Аллаһ елшісінің «хауарисін» өлтірген адамның барар жері тек қана жаһаннам», – дейді. Әли мұны бекер айтпаған. Ол мұны Аллаһ елшісінен естіген болатын.

Мінекей, сахабалар да бір-бірлерімен осылайша сынаққа түскен. Бірақ олар ақиқат үшін ғана бір-бірлеріне қарсы шығатын, бірақ өздерінің дұрыс еместігін білген кезде дереу түсінісіп, татуласа да білетін.
Ешбірі тағдырға сын айтып, достарын кінәламады, осылай ету арқылы басқа келген пәлені ұлғайтпады. Әрбір сынаққа тап болған сайын Құранға сүйеніп, парасаттылықпен туралықты табуға барын салатын.

Бірде Әбу Бәкір (р.а) мен Омар (р.а.) арасында аздаған келіспеушілік орын алады. Омар (р.а.) көңілге қаяу түсіретін бірер сөз айтып, үйіне кетіп қалады. Аз уақыттан соң екеуі де болған жайтқа қатты өкініп, бір-бірін іздей бастайды. Ақыры екеуі де болған жайды Аллаһ елшісіне айтуды жөн санайды. Алдымен Әбу Бәкір (р.а.) бастайды: «Уа, Аллаһ елшісі! Омармен сөзге келіп қалдым. Бірақ, менікі жөн болмады, Омарды ренжітіп алдым», – дейді. Дәл осы кезде Омар да келіп қалады. Қатты абыржулы еді. Ол да Аллаһ елшісіне Әбу Бәкірдің көңілін қалдырғанын айтып, кеңес сұрай келген еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мәселенің мән‑жайына қаныққан соң, күллі әлемге Әбу Бәкірдің кім екенін жариялап: «Досыма тиісуші болмаңдар. Аллаһ атымен ант етейін, мені теріске шығарған кездеріңде Әбу Бәкір ғана иман келтірген еді. Бәрің де мені қуған кездеріңде ол үйін де, құшағын да маған ашқан еді...», – деген болатын.

Бұл жерде айтпақ болғанымыз, екі сахабаның да өздерін кінәлі санап, ақиқаттан аттамауы еді. Иә, олар оттың ішінде жүрсе де бірігудің қажеттілігін түсінген болатын, олар шүбәсіз жәннәтқа жетелейтін бірлік үшін отқа түсуден тайынбайтын.

Әли (р.а.) алғашқы алты айында Әбу Бәкірге (р.а.) (бият) серт білдірмеген еді. Айналасындағылар халифалыққа сол ғана лайық екендігін айтып, үнемі кеңес беретін. Алты айдай ойланып, Фатима (р.а.) анамыз дүниеден өткесін баршаның енді қалай болар екен деп демдерін іштеріне алып, әліптің артын күткен сын сағатта мешітке келіп: «Алты айдан бері серт (бият) етпегенім Әбу Бәкірге (р.а.) жеке бас араздығымды я болмаса оған деген қарсылығымды білдірмейді. Қазір де қорқып келіп тұрғаным жоқ. Келген себебім, халифалыққа расында да лайық кісінің сол екенін енді ғана түсіндім. Сондықтан да оған серт (бият) етуге шешім қабылдадым», – дейді.

Адам ақиқатқа қарсы келмеуі тиіс (ақиқатқа тоқтай білу), яғни «уаққаф» болуы керек. Сахабалар осы сөзді Омар (р.а.) үшін айтатын. Өзі не ойлап жүргеніне қарамастан, біреу қандай да бір мәселемен алдына келіп, аят немесе хадиске сүйеніп, істің ақиқатын алға тартса, ол дереу өз пікірінен бас тарта білетін.

Бірде халифа ретінде мінберде хұтпа оқып тұрды. Ата-аналар үшін бойжеткен қыздарының тұрмысқа шығуын жеңілдетудің қажеттілігін айтып жатып:
«Жастардан тым көп дүниені талап ету дұрыс емес», – деді. Осы кезде көпшіліктің арасынан бір қартаң әйел дауыстап: «Ей, Аллаһ елшісінің халифасы! Бұл өз сөзің бе, әлде біз білмейтін аят не хадиске сүйеніп айтып тұрмысың?», – дейді. Омар: «Жоқ, өз пікірімді айтып тұрмын», – деп жауап береді. Сол кезде әлгі әйел бір аят оқып: «Хақ тағаланың рұқсат еткендеріне қалай тыйым саласың?», – деді. Аятта: «Егер бір әйелді талақ етіп, орнына басқа бір әйел алатын болсаңдар, олардың біріне жүк толы мәһір берген болсаңдар да, оның бір мысқалын да қайта алушы болмаңдар»,[8] –  делінген болатын. Демек, әйелге жүк толы теңдермен мәһір алса да айып емес.

Омар (р.а.) қартаң әйелдің сөзін бөлмей, әдептілік пен әділдіктің асқан үлгісін көрсетіп, аяғына дейін тың-дады. Задында Омардың (р.а.) айтқандары да орынды болатын. Бірақ, оның биік парасат-пайымы: «Ей, Омар, сен мына әйел құрлы да дініңді білмейсің», – деген сөзді айтқызды. Десе де, Омардың дінді білмеуі мүмкін емес нәрсе. Бірақ оның ақиқатқа деген құрметінің тереңдігі сондай, әлгі жерде өзінің дұрыстығын дәлелдеп жатпас-тан, бірден әйелдің келтірген уәжіне жығылды.

Ұлы істер мен күрмеуі қиын мәселелерді қашанда ұлы тұлғалар шешкен. Сахабалардың ұлы рухына деген адалдығымыз қаншалықты берік болса, біз аңсаған үлкен жетістіктерге жету мүмкіндігін де Аллаһ тағала соншалықты кеңейтеді.

Себеп-салдар заңдылығына қарай белгілі бір жүкті көтеру үшін соны көтере алатындай күш қажет. Белгілі бір кезеңде күрмеуі қиын мәселелер осы мәселелерді шеше алатындай парасат‑пайымы жоғары тұрғандардың арқасында өз шешімін тапқан болатын. Ал әлсіз адамдар мұндай мәселелерде дәрменсіздік танытады.

Бір килограмм салмақ тек сондай өлшемдегі салмақпен ғана теңесе алады. Дәл осы секілді осынау ұлы ақиқаттар мен күрделі мәселелер сол дәуірдегі сахабалар секілді ұлы тұлғалар арқылы шешімін тапқан болса, келесі дәуірде сол ұлы ақиқаттардың жаһанға жайылуы рухы жасық жандар арқылы жүзеге асуы екіталай. Ендеше, әділеттілік пен ауызбіршілік мәселесінде сахабалар секілді болсақ қана мерейіміз үстем болмақ. Бұл қара бастың қамын күйттеуді қойып, ақиқаттың жаршысы болу арқылы ғана жүзеге аспақ! Бірлікке, тірлікке бастайтын жол, тек сахабалалар секілді саналы әрекет еткенде ғана жүзеге асады...


[1] «Әнғам» сүресі, 53
[2] Исламға дейінгі кезең.
[3] «Шура» сүресі, 52.
[4] «Қасас» сүресі, 56.
[5] «Әнфал» сүресі, 46.
[6] Пайғамбарымыздың мешітіндегі «жаннәт бақшасы» деп  аталатын қасиетті жер
[7]  «Нахыл» сүресі, 120
[8] «Ниса» сүресі, 20.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.