Бүлік оты

Фетхуллаһ Гүлен: Бүлік оты

Сұрақ: «Мүмтахина» сүресінде айтылған: «Раббымыз, бізді ақиқатты мойындамаушылардың қолында бүлік пен сынаққа салма (бізді олардың қысымы мен қоқан-лоққысына ұшыратпа), бізді кешір. Раббымыз, жеке дара жеңіс пен хикмет иесі тек қана өзіңсің!» (Mүмтахина сүресі, 60/5) деген аяттан қандай сабақтар алуымыз керек?

Жауап: Алдыңғы аятта хазірет Ибраһимнің есімінің ашық аталуынан бұл дұғаның хазірет Ибраһимге (ала нәбиинә уә алайһис-салам) тән екендігін түсінеміз. Алдындағы аятта Жаратушы ие хазірет Ибраһим мен онымен бірге болған мүминдер жайында былай деп бұйырған: «Ибраһимде және онымен бірге болғандарда сендер үшін жақсы үлгі бар» (Mүмтаһина сүресі, 60/4)

Тікелей айтылған мағыналармен, әсіресе қарапайым әрі үстірт берілген түсініктерімен Құран Кәрімнің шынайы тереңдігі мен кеңдігін түсіну мүмкін емес. Осы себепті мәселені біраз ашып, аяттың мағынасын былай етіп сана айнамызға түсіріп көрейік: «Хазірет Ибраһим мен онымен бірге болғандардың сөздері, жай-күйлері мен іс-әрекеттері тұрғысынан бастан кешкен әлгі тамаша өмірлерінің ішінде, өмір сүру үшін іздеген мысалдарыңыздың бәрін таба аласыздар. Неге десеңіз, олардың әрбірі тура көрсетілген нақты бір заттай үлгі іспетті».

Міне, Жаратушы ие әуелі хазірет Ибраһимнің ерекше тұғырын баса айтқаннан кейін, оның өмірінен үлгі боларлық іс-әрекеттердің бірі ретінде кейінгі аятта осы дұғаға назар аудартқан.

Бүлік сөзінің кең мағынасы

Хазірет Ибраһимнің дұғасын жан-жақтылы түсіну ең алдымен «фитна» сөзін жақсы түсінуге байланысты. Осы себепті әуелі «фитна» сөзіне біршама тоқталған жөн. Арабтардың «алтынды тас-топырақтан ажырату» ісі кезінде қолданатын «фитна» сөзі жалпы мағына тұрғысынан «байқау, сынап көру, сыннан өткізу, піскен мен шикіні ажырату» (Ибн Манзұр, Лисанул-Aраб 13/317) деген мағыналарға келеді. Тек діни әдебиетте ауыспалы түрде келіп бүлік сөзінің осы негізгі мағынамен байланысты кең қолдану аясы бар. Мәселен, тәртіпсіздік тудыру, іріткі салу, аласапыранға себеп болу және адамдарды бір-біріне айдап салуды фитна деумен қатар, адамның ақыреттік өмірін ұмыттырып жоғалтып алуына жол ашатындай тәндік және материялдық қалауларды, мал-мүлік, бала-шаға, денсаулық, шен-шекпен секілді сынақ себептері де фитна ретінде аталған. Бұдан бөлек, сенетін адамдардың сенген құндылықтары себепті жәбір, қоқан-лоққы мен қысымға ұшырауы түрлі зорлық әрекеттермен дінге қайшы істерге мәжбүрленуі мұсылманша өмір сүргендігі үшін сотқа тартылуы, қапасқа қамалуы, қуғын-сүргін көріп, жер аударылуы да жеке-жеке фитна. Айтылған аятта өткен фитна сөзінен түсінетініміз міне осы соңғы анықтама шеңберінде айтылған фитна. Кейде фитна сөзінің орнына қолданылатын «емтихан», «сынақ» ұғымы да бүлік түсінігін ұғуымыз үшін маңызды. Білінгеніндей, имтихан «михнат» деген түбірден тарайды. Oл сөз күмісті отта ерітіп, тазалау үшін де қолданылады (әз-Забиди, Tажиул-арус 36/153) Осы тұрғыдан мәселеге қарағанымызда, ұлы мұратты мойнына алған адамдар түрлі-түрлі бүлік пен қиыншылықтарға ұшырайды, дін, діни практика, аһлақ (Ислам этикасы) пен ізгілік жолында күрескендер олардың өз құндылықтарына берік өмір сүруін қаламай, оларды өздері иланған жолдан кері қайтаруға әрі өздері секілді өмір сүруге мәжбүрлейді. Хазірет Ибраһим мен сонымен бірге болғандар да ықылас, адалдық пен табандылықтары себепті кәпір мен күнәкарлардың озбырлығы мен қиындықтарына ұшырап, мекендерінен қуылып, отқа тасталу секілді ауыр қысымға душар болған. Бүкіл осылар үшін хазірет Ибраһим жолбасшылығының бір талабы ретінде қолын жайып әрі жанындағы мүминдермен бірге «Раббымыз, бізді кәпірлер үшін бір емтихан (сынақ) етпе (бізді олардың қолымен отқа тасталған, таяқ жеген, артынан төске қойылып, іле қылышпен кескіленген жағдайға душар етпе!).Раббымыз, бізді кешір! Жеке-дара жеңіс пен хикмет иесі өзіңсің!» деп, Жаратушы Иеден жәбір көрсетушілердің зұлымдығынан амандық пен құтқарылу тілеген. Бұндай дұғада негізі адамның табиғатындағы қауқарсыздығы мен әлсіздігі айтылып көрсетіледі. Неге десеңіз, сынақ өте қиын. Адам төстің үстінде тұруға, балғамен төмпештеліп жанышталуға және оттың ішінде болуға шыдай алмауы мүмкін. Осы тұрғыдан хазірет Ибраһим биік парасатымен осындай бір бәле мен қиындықтан сақта деп Аллаға сиынған.

Хақ жолының белгісі

Анығында басқа төнген бәле мен қиындықтар, бүлік пен мехнаттар хақ жолында болудың бұлжымайтын тағдыры. Неге десеңіз, бір адам Алла алдындағы тұрысының бекемдігі әрі байсалдылығы мөлшерінде адасушылар мен кәпірлердің нысанына айналады. Егер сіз иеленген иман, ұлы іс (дағуа) және көрсеткен шыңдалумен қарсы жақ үшін алаңдаушылық тудыратындай адамға айналған болсаңыз, олар сіздің жағаңызға жармасқанын өмірі қоймайды.

Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алайһи уә сәлләм), «Уа, Расулалла! Бәленің ең ауырына қандай адамдар душар болады?» деп сұралғанда, ол былай деп жауап берген: «Пайғамбарлар, содан кейін дәрежесіне қарай өзгелер» (Tирмизи, Зүхд, 57; Ибн Мажә, Фитән 23)

Бұл хадис шәріптен де анық түсінетініміздей, бәленің ең ауыры, ең қаттысы, ең еңсеруге қиынына пайғамбарлар тап болады. Содан кейін барып дәрежесіне қарай өзге мүминдер тап болады. Осы тұрғыдан келгенде мынаны айтуға болады: егер біз пайғамбарлар душар болған сынақтардың дәл өзіне ұшырасақ, оларды жеңіп еңсеруіміз мүмкін болмас еді.

Сынақтарды дұрыс тани білу

Хазірет Ибраһим (алайһис-салам) бүліктен құтылу мен амандық сұраудың ізінше дереу «Раббымыз, бізді кешір!» деп, кешірім сұраған. Неге десеңіз, мүмин тек хақ жолында болғандығы үшін нысанаға іліксе, бәле мен бүліктерге душар болса да, ол түрлі бәле мен қиындарға бетпе бет келгенде бұған өз күнәлары үшін тап болуы мүмкін екенін ойлайды. Осы себепті Алладан кешірім мен жарылқау тілейді, дәл солай тілеуі тиіс те.

Иә, адам өзі ұшыраған бәле мен қиындықтарға тура бір хазірет Омардың (радиаллаһу анһу) таным талғамымен қарауы керек. Белгілі болғанындай, ол; белең алған жұт менің күнәларымның кесірі деп біліп, басын жерге тигізіп «Аллам, менің күнәларыма бола Мұхаммедтің үмбетін қинама» деген. Міне, бұл кәміл мүминнің іс-әрекеті. Бір жерге бір найзағай түссе немесе бір жерді сел алып кетсе, адам «Aпыр-ай, осы сынақ менің күнәларымның кесірінен болды ма екен?» деуі керек. Иә, мүмин өзі душар болған барлық бәле мен қиындықтарды өз күнәларымның кесірінен деп білуі тиіс. Бұған қоса, бұлардың өзі үшін каффаратуз-зунуб (күнәлардан арылуға) себеп екенін ойлауы керек.

Екінші жағынан мүминдердің Алланың нәсіп еткен бірқатар нығметтерін өздерінен білуі әрі пайда болған бірқатар әсемдіктерді өздерімен байланыстыру ширкіне түсуі де олардың басына бірқатар қиындықтардың келуіне себеп болуы мүмкін. Неге десеңіз, Жаратушы Ие ешқашан өз жолында жасалған қызметтердің ішіне ширктің араласқанын қаламайды. Алланың құзырында тәухид үшін жасалған істерге ширк араласуындай ауыр күнәдан өткен жиіркенішті күнә бола қоймас.

Ширк деген кезде тек тастан, отыннан жасалған бірқатар пұттарға, тотемдерге табынып, Аллаға серік келтіру, Лат, Манат немесе Ұззаға құлдық жасауды айтып тұрғамыз жоқ. Бұл ашық түрдегі ширк. Бұнымен қатар, ширктің жасырыны да бар. Тақырыппен қатысты хадис шәріпте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм), «Сендер жайлы ең көп қорқатыным, ұсақ ширк» деген. Ардақты сахабаларымыз «Ұсақ ширк деген не?» деп сұрағанда, «Ол рия» деп жауап берген (Aхмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/428, 429; әт-Taбарани, әл-Mұғжамул-кәбир 4/253).

Бұндай ширк, басқа бір хадисте мынандай ұқсастықпен айшықталған: «Ширк қараңғы бір түнде құмырсқаның тастың үстінде өрмелеуінен де өте жасырын» (Aхмед ибн Ханбәл, әл-Мүснад, 4/403; Ибн Әби Шайба, әл-Mұсаннаф, 6/70) Демек, рия соншалықты әккі әрі жасырын ширк болғандықтан, адам оны көбіне байқамай қалады. Байқамағандығы үшін ғибадат, құлшылығы мен хақ жолындағы қызметі босқа кетеді.

Aлла жолында тер төгіп жүгіріп қызмет етіп жүрген адамдар жасаған істеріне ширк жұқтырған кезінде Жаратушы жәбри лұтфи (тосыннан келген сый– ауд.) ретінде оларды ауық-ауық адасушылармен алыстырып, құлақтарынан тартуы мүмкін. Еңбектерге қарағанымызда, Бәдиузаманның мейлі «мейір-шапқат шапалағы» туралы тақырыбында, мейлі «Лахиқаларда» осы тақырыппен қатысты көп мөлшерде мысал келтіргенін көреміз. Бұдан бөлек, мынаны білген жөн, душар болған бәлелер, жасалған қылмыс пен ағаттықтың үлкен-кішілігімен де тікелей қатысты. Қате мен күнәнің үлкендігіне қарай келген шапалақтар аяушылықпен ұру (мейір-шапқат шапалағы) болуы мүмкін, тіпті кейде никмет (азап) шапалағы болуы да мүмкін.

Тағдыр әділеттілік жасайды

Осы себепті жасалған істерге эгоцентристік ойлар араластыру, мәселен, жазылған жазудың оқырманның көңілінен шығуы немесе тұрғызған ғимараты үшін жұрттан мақтау күтуі шапалақ жеуге себеп болуы мүмкін болғанындай, сонша еңбектің, тердің, шаршаудың бәрін желге ұшырып әкетуі мүмкін. Бұған қоса, бүкіл осылардың нәтижесінде Алла мүминдерді бүлікке салып, оларды кәпірлермен тәрбиелеуі мүмкін. Қанша жерден адасушылар жәбір жасаса да, тағдыр әділеттілігін жасайды. Бұндай қиындықтарға ұшырау күнәларға кешірім болады. Бірақ мынаны білу керек, бұндай бүлік пен сынақтардың күнәларға кешірім болуы да кейбір талаптарға байланысты.

Егер мүминдер өздері душар болған қиындықтардың өз қателіктерінен екендігін аңғарып, тәубе және кешіріммен Аллаға бет бұрып, «Тәубелер тәубесі, уа, Раббым! Миллион рет, миллион рет астағфируллаһ» деп, айтарлықтай өкінішпен Аллаға жалынып, жалбарынса, ұшыраған бүлікті өздері жайлы пайдалы жағдайға келтіріп, күнәлараның кешіріміне себеп етуі мүмкін.

Айтқандай, Бәдиузаман адасушылар мен дүниеге берілгендердің өзіне жасаған жәбірлердің себебін түсінгенін айтып, бұны иман мен Құран қызметін материалды әрі рухани өсуіне себеп еткендігінен көрген (Бәдиуззаман, Емирдағ лаһиқасы, 2, б.73-74) (Әсілі оның иман мен Құран қызметін материалды әрі рухани өсуіне пайдаланғаны турасында титтей де ештеңе білмеймін. Алайда ол өзін есепке тарту өресі тұрғысынан мәселені осылай бағалаған). Демек, адам Алла жолында жасаған қызметтері үшін дүниелік те, ақыреттік те ешқандай сыбаға күтетін дәмеде болмауы тиіс. Иә, ол мақтау мен қошамет күтуге де, немесе «Мен мына істерді атқарайын, сәйру сулук руханиде (кемелдену бағытындағы рухани жолда – ауд.) биік мәртебелерге жетейін, бір баспалдаққа тағы да биіктейін. Жұмаққа барайын. Фирдаусқа қолым жетсін» секілді ақыреттік дәменің өзіне де бармауы тиіс. Егер олай болып жатса тартқан қиындық, ауыртпалықтар мен машақаттар күнәларға кешірім болмауы мүмкін. Айталық, бүлікке душар болған әлдекім «Мен Алла жолында жүгіріп тер төгіп жүрмін. Бұндай жағдайға тап болатындай не істеп қойдым» деп, бір жағы өз бойынан ешқандай ағаттық пен кемшілік көрмейді, екінші жағынан жай-күйін мұң етіп шақса, онда тартқан қиындықтарын бекерге тартқан болады. Бұған қоса, бұндай адам (Алла сақтасын) тағдырға тіл тигізу және Алланың қазасына разылық танытпау күнәсін арқалап, күнәсін онан ары ауырлатып алуы сөзсіз.

Раббым, бәрімізге соңғы демімізге дейін өз жолында қызмет етуді, тәубе мен истиғфар түйсігімен өмірімізді нұрландыруды, тазаланған әрі пәк күйде бақиға аттануды нәсіп етсін!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.