Жиһадтың түрлері

Кіші жиһад тек соғыс алаңындағы күресті ғана білдірмейді. Шындығына келгенде, кіші жиһадтың мағынасы мен қолданыс аясы өте кең. Кейде бір-ақ ауыз сөз айту не үндемей тіліңді тістеу, салқын қабақ таныту немесе жылы шырай білдіру, ашу-ызаң мен сүйіспеншілік сезімдеріңді тізгіндеп отыру, қысқаша айтқанда, Аллаһ разылығы үшін жасалған әрекеттің барлығы да осы кіші жиһадтың мағыналық аясына кіреді. Сонымен, адамдар мен қоғамды қайта құруға талпынудың және де өзіңнің жанұяң, туыстарың мен қарамағыңдағы көршілерің үшін жасалған амалдардың кез‑келген түрі жиһадтың бір бөлігі болып табылады. Кей тұстарда кіші жиһадты материалдыға да жатқызуға болады.

Ал үлкен жиһад көбіне рухани алаңда жүзеге асады, яки бұл біздің ішкі дүниеміз бен эго-нәпсіміз арасындағы күрес. Ал осы екеуі де іске асатын болса, көзделген тепе-теңдік сақталады. Егер осының біреуі болмаса, онда тепе-теңдік бұзылады. Мүмін жандар осындай екі аяғын тең басқан кемел жиһадтан күш алып, байыз табады.

Жаратушыға бастайтын жолдар – жаратылыстардың санындай өте көп. Аллаһ өз жолында күрескен адамдарды әлгі жолдардың бірімен немесе бірнешеуі арқылы жақсылыққа бастайды. Ол әрбір адам бойына мейірімділік ұялатып, күнә жасаудан сақтайды. Егер кімде-кім Оған жол тапса, орта жолды ұстанып, тепе-теңдікті сақтайды. Ол адамдар ашу-ызаларында, көзқарастарында, нәпсілік қалауларында орта жолды қалай ұстанса, өздерінің жиһадтары мен Аллаһқа деген ғибадаттарында да сондай орта жолды ұстанады. Бұл дегеніңіз, Аллаһ Тағаланың адам баласын тура жолға бағыттағанын білдіреді.

Кіші жиһад – бұл Аллаһтың үкімдерін бұлжытпай орындауымыз; үлкен жиһад – біздің эгомызды өсіретін (мысалы, зұлымдық, кекшілдік, көреалмаушылық, өзімшілдік, өркөкіректік, паңдық, менменшілдік пен атаққұмарлық) және кемелдікке жетуге бөгет болатын кереғар пиғылдар мен пікірлерге қарсы күресу. Бұл күрделі әрі қатаң жиһад болғандықтан мұны «үлкен жиһад» деп атайды. Үлкен жиһадта сүрінген жан кіші жиһадта жетістікке жете алмайды.

Хазіреті Айша (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аса ардақты жұбайы) анамыз былай дейді: «Бірде Аллаһ Елшісі кешке таяу менен рұқсат сұрады: мақсаты сол түнді құлшылықпен өткізу еді. Мен болсам: «Уа, Аллаһтың Елшісі, әрине, мен сізбен бірге болуды қалаймын, бірақ көңіліңіз қалап тұрған нәрсені жасағаныңызды одан да тәуір көремін»,-деп жауап бердім.

Пайғамбарымыз дәрет алып, намаз оқи бастады: «Еш күмәнсіз, көктердің және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында (өзгеруінде), әлбетте, ақыл иелері үшін дәлелдер бар» (Әли-Имран сүресі, 190-аят)
Ол осы аятты оқыды да таң атқанша жылады. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ішкі тереңдігі мен сыпайылығын, оның үлкен жиһадын көрсетеді.

Жиһад – бұл ішкі және сыртқы талас арасындағы тепе-теңдік. Адамдарды рухани кемелдікке жеткізу және басқаларға көмек көрсету нағыз ойлануға тұрарлық жағдай. Ішкі кемелдікке ұмтылысты – бұл үлкен жиһад, ал басқаларды кемелдікке жеткізу – кіші жиһад дедік. Егер де сіз бұл екеуін бөлсеңіз, онда жиһад, жиһад болудан қалып, біріншісі – ойын-сауықты, екіншісі – анархия-ны туғызады. Басқаларды да өзіндей көріп, оларға тура жол көрсете білгендер қандай бақытты жандар десеңізші. Және өзін құтқара тұрып, өзгелердің құтқарылуын әркез есте ұстағандар да қандай бақытты!

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.