5. Қарсылық қақпасын жабу

Пайғамбарлар ақыретте адам баласы Аллаһ тағалаға қарсы қандай да бір уәж айтпасын деп жіберілген.

Бір аятта бұл мәселе былай баяндалған: «Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа айтар желеуі болмас үшін пайғамбарларды сүйіншілеуші, қорқытушы етіп жібердік. Аллаһ – Азиз (аса үстем), Хаким (хикмет иесі)» (Ниса, 4/165).
Пайғамбарлардан басқа небір ойшыл ғұламалар, өздерін елден ерекше тұлға санаған көсемдер қоғамды басы бүтін соңынан ертіп, өзіне толық иландыра алмаған. Сендіргенімен, мақсаты мен мұраты иләһи[1] демеуден мақұрым болғандықтан, олар ұсынған идея мен жобалар мен көрсеткен үлгі-өнеге пендешіліктен аспаған. Сол себепті көп өтпей-ақ, олардың өнімдері күздің қара суығы ұрған жапырақтай тез сарғайып, төгіліп, көп ұзамай көзден де, көңілден де ұмыт болып жатады.

Алайда пайғамбарлардың жөні басқа. Жоғарыда айтып өткеніміздей, олар ерекше жаратылған. Олар әуелден-ақ, ана құрсағында жатқанда пайғамбар еді. Олардың өмірлері «құлақтан кіріп, бойды алатын» ғажайып әуен бе дерсің, ал ауыздан шыққан әрбір сөзі үйіріліп түсіп, бір-бірімен үндестік тауып жататын. Сөздерін жаратылыс атаулы түгелдей зейін қойып тыңдайтын. Пайғамбарлардың келуімен қаншама замана ағысы  өз арнасын тауып, қаншама көңілдің көкірек көзі оянып, оларға ілесті. Әлемнің кейбір бұлжымастай көрінген заңдылықтары да бір уақыт тоқтап, пайғамбарлардың қалауы бойынша бағыт-бағдарын өзгертіп жатты.

Пайғамбарлар Сұлтанына бір көз салып қарасаңыз да жетіп жатыр. Тас, ағаш, топырақ, түрлі жан-жануарлардың әрқайсысы сол түрлердің атынан өз тілінде онымен тікелей байланыс құрып, пайғамбарлығын растады.

Бусайри айтқандай: «Ағаш жақындап келіп, өзіне тән тілде: Сен –  Аллаһтың елшісісің», – дейтін еді[2].

Өйткені әрбір нәрсе пайғамбардың келуі арқылы ғана мән-мағынаға ие болып, болмыс атаулы қара түнектен құтылды.

Ол Құранның тілімен: «Оны пәктеп, мадақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тәсбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар», – (Исра, 17/44) деп, бейне бір күллі жаратылысқа өмір сыйлағандай болды.

Біз барлық нәрсені содан үйрендік. Заттар мен құбылыстар сол арқылы ғана хикмет тағына отырды[3]. Әлбетте, адам өзінің бекерден-бекер жаратылмағанын аңғарды[4].

Әрбір пайғамбар адамдардың иман етуі үшін, сондай-ақ иланбағандардың күпірлікте сылтауы қалмасы үшін мұғжизалармен келген. Парасат Падишасы барлық пайғамбарларға тиісті мұғжизаларды түгелдей көрсету арқылы, өзіне барлығының бағынатынын ұқтырды. Әрбір үмбет өз пайғамбарларына тиісті мұғжизаларды көрді, тыңдады. Біз де Аллаһ елшісінен мыңдаған мұғжизаларды тамашаладық. Құрандай мәңгілік мұғжизаны әрдайым оқып, тыңдап келеміз. Бұдан кейін ешкімнің де қарсылық білдіріп, дау айтуға құқы жоқ. Аллаһ иман етуімізге қажет ақиқаттарды әр дәуірде жіберген пайғамбарлары арқылы өте анық та айқын түрде алдымызға жайып салды. Бұған қоса Аллаһ: «Біз пайғамбар жібермейінше, ешкімге азап етпейміз», – (Исра,17/15) деп айтқан. Демек, пайғамбарлар жіберілгені үшін ақыретте таразы орнатылады әрі бүкіл адамзат есепке тартылады.



[1] Құдайлық (ауд).
[2] Қараңыз:Муслим, Зуһд, 74; Муснәд, 1/223; Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 6/135.
[3] “Іштеріңе өздеріңе аяттарымды оқитын, сендерді тазартып, Құран мен хикметті үйрететін, сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін елші жібергеніміз секілді....” (Бақара 2/151 Қосымша қараңыз: Бақара 2/129; Әли-Имран 3/164, Жұма 62/2; Муснәд, 1/202.
[4] Бұл аяттар осы мәселені жақсы түсіндіруде: “Адам баласы ешбір сұраусыз бос қоя берілеміз деп ойлай ма?” Қиямет 75/36) “Біз сендерді босқа жараттық па, тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп ойласыңдар ма?- дейді” (Муминун, 23/115).

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.