1. Қара тасқа төрелік
Енді осы мәселеге қатысты бірер мысал бере кетейік:
Сол заманда мәселелесіне дұрыс шешім айтатын жан іздегендер Пайғамбарымызға шешкізетін. Бір күні Қағба қайта жөндеуден өтті. Ол да осы күрделі жөндеуге ат салысқан еді. Қағбадағы қара тасты қою мәселесіне келгенде, рулар арасында дау туып, өзара жанжалдасып, қырқысуға дейін барды. Бұл мәселе сол сәтте шешуін таппайтын болса, рулар арасында бітпейтін соғыс басталуы сөзсіз еді. Жоғарыда бір мәселеге қатысты айтылғандай, Аллаһ елшісі осы Қара тасты қою проблемасын тамаша жолмен шешіп беріп, қаулағалы тұрған өрттің алдын алды. Ол Қара тасты орнына қою үшін бір мата әкелдіріп, оны алдымен соның үстіне қойдырды. Сосын әрбір рудан бір кісі шақырып, әрқайсысына матаның бір шетінен ұстауды өтінді. Олар бәрі бірге Қара тасты тиісті жерге апарғанда, Хақ пайғамбар оны өз қолымен өз орнына қойды.
Осы оқиғадан біз Аллаһ елшісінің пайғамбарлықтан бұрын да фәтанатқа ие екендігін байқай аламыз.
Өйткені ол осы тәрізді мәселелерді шешкен кезінде жасы, шамамен, жиырма-жиырма бесте ғана еді. Ол әлі пайғамбарлық келмеген, Хақ тағаладан әлі дәріс алмаған шағы болатын. Міне, ол әлі уахи түңлігі ашылмаған шақта да жүрегінің тереңінен шыққан шешімдері арқылы халықтың жүрегінен орын алған. Сондықтан да Кұрайыш кәпірлері мешіттің есігінен оның кіргенін көрген кезде барлығы бірдей: «Мынау Сенімді Мұхаммед қой. Оның төрелігіне бәріміз де ризамыз!»[1] – деген еді. Ол келіп, көп ойланбастан, мәселені майдан қыл суырғандай оп-оңай шешіп береді. Бұл оған жеңіл болса да, ешкім наразылық білдірмеді. Өйткені, оны төреші еткен өздері еді, шешіміне бәрі ризашылық танытты.
Ол өмірде кері қадам жасап көрген емес өйткені Аллаһтан келгендерді терең түсінерлік бір фәтәнатқа ие болатын. Оның бойындағы осы фәтәнат гүлдей бүршік жарып, өскен сайын әр түрлі түрге боялып, адамдардың қанағатсыз көңілдерін тойдырып, томаға-тұйық, суық жүздерін жадыратқан. Осыны сырттай көргендер осымен тоқталады деп ойлайды. Алайда бұл тоқталмай, мәңгілік жалғасады. Фәтәнат бүршіктері ашылған сайын ашыла, көбейе түседі. Иә, оның алдында бұл ғұмырдан көз жұмғанға дейін, небір проблемалар шешуін тапқан. Алдына келген адамдардың ешбірі көңілсіз қайтпаған. Баста айтқандай-ақ, бұл ел жоқ жерден дау шығарарлық бұзық қауым болатын. Сондықтан шыққан дауды дер кезінде шешіп отырды.
Хижрәт өз алдына бір мәселе еді. Мұнда соғыс, бейбітшілік, жеке басының мүддесін ойлау және олжа бөлісу секілді мәселелердің барлығы бар еді. Егер Аллаһ елшісі осыларды уақтылы шешіп отырмаса, қызу қанды арабтардың арасында өшпес өрт туып кетуі әбден мүмкін еді.
[1] Ибн Хишам, Сирә, 1/209.
- жасалған.